«Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты дидакалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп («Анық асық әулие», «Шын сырым»), адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді («Жастарға»), 1905 жылы Шәкерім қажылық сапар шекті. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын халық мүддесіне түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды (1911). Бұл тұста ақынның діншілдігі танылады. Ол дін бұзушыларды қатты сынға алады. Шәкерім өз шығармасында Аллаһ Тағаланың кітабы Құран сөздерін және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін адал сөзіне қатысты қолданысқа мол алған:

«…және аятта: «Ей, мұсылмандар, пайдаланыңыз берген адал ырзығымнан», — деген», «Хадис: «Адал уәдесін бұзбаған иманның белгісі», — деген, «…адам өзін-өзі танымақ деген, жаратқан иесінің құны екенін һәм ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып адал, пайдалы істі қылуға тырыспақ».

Сонымен қатар, Шәкерім шығармасында әділ, адал адам бейнесіне ерекше орын берілген:

«Тарихта әрқашан адал жан өлмейтін», «Адамның адал ұлы болам десең, алдымен өзіңнің нәпсіңді жең», «Көп төбетке жетелі қайдан күшін, Құтқара алмай адалды пысады ішің», «Адаспайсың ақылды арлыға ерсең, Жолай көрме жылмайы сопы көрсең, Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың, Алданбайсың артынан ере берсең»; «Бір мезгіл: «Ой, тәңір-ай Адал жардың жолында өлгеннің арманы не?» — дегенде, тіпті, ер болып кетеді», «Адалға орын емес қазақ іші, Татты ғой соры арылмас таза кісі, Өзін асырар қазақтың өнері жоқ, Бірін-бірі талайлы бар жұмысы», «Адалдың әділ жолына, Ақырын басып жет, халық»;

Адал адамның адалдығының басы адал еңбек деу Шәкәрім шығармаларындағы адал іс-хәрекет, таза еңбек адамы мағынасындағы қолданыстары:

«Арсыз, арам айланы тастасалық, Адал іске талаппен бастасалық», «Адал сол — таза еңбекпен күнін көріп, жаны үшін адамшылық ар сақтайды», «Талаптан адал істі істемекпіз, Тапсырдық бір Аллаһқа біз демекпіз», «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар, Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек», «Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл косылса, Әлемнің таласын», «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, — Бұл төртеуін кім кылса, шын адам сол»;

Шәкәрім адал, халал мағынасында сөздерді тура және ауыспалы мағынада да қолданады:

«Адам мен еті адал хайуандардың бәрінің де сарқыты адал», «Халалға ойламайды шыдайын деп», немесе, «Мойныңа менің қаным халал болсын, Болма енді Қалқаманның қанына ортақ».

Ол орыс, Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзілік озат мәдениетін игеруге тақырлы. Өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады. Онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоунның «Том ағайдың балағаны» романын, Толстойдың «Үш сауал», т.б. әңгімелерін, А.С. Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің «Ләйлі — Мәжнүн» дастанын назира үлгісімен жырлады. Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болды. Бұл орайла ол XX ғасыр басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Ақын кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.

Көтеріліске шыққан халық пен жергілікті билік өкілдерін татуластыруға, қантөгісті болдырмауға тырысқан ол жазалаушылар атқан оққа ұшып, денесі айдаладағы құдыққа тасталды. «Халық жауы» ретінде айыпталып, шығармаларын оқуға тиым салды. 1988 жылы ақын есімі толық ақталды.[1][2]

Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик. өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 ж. Семейқаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үшанық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988ж. «Жалын» баспасынан жарық көрді.

Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 19191922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. Соның нәтижесінде 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ, екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек — бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбербин — Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, — деп жазған.

Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына да арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды. Ал ақын поэмаларының сюжеті еліміздің ақын-жазушыларының, композиторларының шығармашылығынан кең орын алғанын айтсақ артық болмас. Мысалы, «Қалқаман — Мамыр» балетіне, «Еңлік — Кебек» пьесасына, «Еңлік — Кебек» операсына Шәкәрім туындылары арқау болғаны барша жұртқа аян.

Шәкәрім әндерін өз бабында, иін қандырып айтатындар Әбдіғали Алдажаров, Зікағил Абайұлы, Рақымжан Мамырқазов, Есбай Бекхожин, Зұлғарыш Әзімбаев, Жебрайыл Тұрағұлов, Әлмағамбет деген өнерпаз адамдар болды.

Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен басқалардан шоқтығы биік, көпке танымал болған әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ол ақынның оншақты әнін музыкатанушы Асқан Серікбаеваға айтып береді. Ал ол өз тарапынан осы әндерді қағазға түсіреді. Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда», «Жылым — қой, жұлдызым — шілде», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де», «Анадан алғаш туғанда», «Сұраған жанға сәлем айт», «Ойладым бір сөз жазайын да», «Мұтылғанның өмірі», «Сен ғылымға болсаң ынтық», «Көңіл», «Байғазы» сынды әндері ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның фольклорлық зертханасының қорында сақталып келген бұл әндер сол Қабыш айтқан, Асқан нотаға түсірген дүниелер екенінде дау жоқ. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы әнші Келденбай Ұлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды.

Changed status to publish
Добавить комментарий