0 комментариев

KYN.KZ сайты Қазақтың маңдайына біткен біртуар жазушысы Әбіш Кекілбаевтің өмір жолы мен тағдырын, шығармашылығы жайлы ақпаратты назарларыңызға ұсынады. Бала Әбіш жас күнінде жазушы боламын деп армандамаған да ойламаған да. Себебі ол бала күнінен байланыстан ада Маңғыстау өңіріне қарасты ауылын көтеріп, халықтың жағдайын қайтсем қаламен теңестіремін дегенді ойлаған.

«Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас»,-деп Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында айтып өткендей, Әбіш жайында сөз қозғау, оның шығармашылығын зерттеу, оған үңілу көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние.

Жазушы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жанайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған. Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны.

Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі – өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем. Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді.

Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушыларға да, қоғамға да сөйлесе, сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап-тілегін, сөзін өткізе алатын беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды. Ә. Кекілбаев Орталық Комитеттен Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне жіберіліп, қысқа мерзімде қыруар істер атқара алды.

Жаңа мемлекет тұсында да Әбекең – депутат, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтерді атқарып келді.

Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады.

Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, даусы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді.

Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.

«ӘДЕБИЕТШІ БОЛМАСАМ, САЯСАТҚА КЕЛМЕС ЕМ»

Әбіш Кекілбаев өзінің қоғамдық қызмет пен саясатқа қалай келгені туралы 1995 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында: «…Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?» деген еді.

1975 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетіне қызметке келген ол

публицистика жанрын да өрістетіп, уақыт талабына сай коммунистік рухтағы бірқатар толғауларын жариялады.

1977 жылы СССР-дің жаңа конституциясын талқылаған кезде оны «Адам бақытының хартиясы» деп атап, АҚШ-ты сынға алды. Бұл публицистикалық толғауын «совет адамдары СССР-дің жаңа конституциясының жобасын әділет жолында табандылықпен күресіп келе жатқан адамзат-ақыл ойының жаңа табысы, адам бақыты туралы бірден бір дәйекті ілім – марксизм-ленинизмге қосылған келелі үлесі деп біледі» деп аяқтады «Социалистік Қазақстандағы» мақаласын.

1985 жылы Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» атты еңбегінің шыққанына 80 жыл толуына орай «Айқын да сара жол» деп аталатын көлемді мақала жазып, «соғысқұмар» Батыс әдебиетін айыптады.

«Социалистік қоғамды бұдан да жедел, бұдан да қарқынды дамытуды көздеген жаңа программалық документтер лениндік, халықтық, таптық, партиялық принциптер тұрғысынан көркем творчество алдына асқаралы міндеттер қойып отыр.

Бүкіл қоғамдық тіршілігімізге жаңа революциялық қарқын беріп отырған соны өрелі өзгерістер мен өзекті мәселелер совет әдебиетшілерінің творчестволық еңбегіне де соны серпін берері сөзсіз» деп жазған кезде ол Қазақ ССР мәдениет министрінің орынбасары болатын.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң көптеген адамдар ресми түрде ұлтшыл деп танылған кезде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев «Ірі мұрат-мүдделерді көздейік» дейтін ой тастады.

«…Қазақ мәдениеті интернационалистік те, ұлттық та құбылыс ретінде тек совет заманында ғана қалыптаса алды. Егер біз мемлекеттік, ұлттық, территориялық бірыңғайлылыққа тек сонау жиырмасыншы жылдары бұрын әр қиыры әр тарапқа шашырап кеткен ұлан-байтақ қазақ жерінің әуелі автономиялық, ізінше одақтық республиканың құрамына қайта бірігуінің арқасында ғана қолымыз жеткен болса, оған дейін біртұтас ұлттық мәдениетіміз болды деп қалай айта аламыз?!» деген пікірлерді осы сөзінде айтты.

Айтып қана қоймай «…біздің бүгінгі мызғымас достығымыздың тарихи төркінін терең ашып беретін Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуын, Ұлы Октябрьді, жаңа тарихи дәуірлерімізді, халықтарымыздың бірге күресіп, білек сыбанып бірге еңбек еткен тұстарын бейнелейтін тақырыптарға айрықша маңыз берілгені жөн» деп қазақ әдебиетінің келешек бағыт-бағдарына да жол сілтеді.

Жазушы еңбегіне шолу жасаған Қуаныш Сұлтанов 2009 жылы жазған «Кекілбаев кеңістігі» деген мақаласында бұл кезең туралы өзгешелеу, пост-советтік жаңа заман лебіне сәйкес лебіз білдіреді.

«Кекілбаев өткен заманда да партия қызметіне шақырылды. Бірақ, партияның солақай қолшоқпарына ешқашан айналған емес. Керісінше, әсіресе әдебиет, мәдениетке партия саясатының әділ қалыптасуына оң ықпалын тигізді» деп жазады Сұлтанов.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий