0 комментариев

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отбасында ата-анасы сарыла күткен перзент. ол дүниеге келгенде  атасы мен әжесі өмірге ұл бала келгенін тіпті көршілерінен жасырын ұстаған. KYN.KZ ақпарат агенттігі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің өмірі туралы негізгі әрі тың ақпаратты назарларыңызға ұсынады.

1940 жылы 6 шілде күні Қазіргі Алматы облысы Үш қоңыр ауылында Әлжан мен Әбіш Назарбаевтың отбасында көптен күткен ұл бала дүниеге келді.

Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».

Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беріп, халықтың байырғы дәстүрлері мен жоралғылары туралы әңгімелейтінін, немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алады.

Мырзабаланың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді. Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін.

Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды. Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді.

Жасөспірім шағы: Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.   Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын.

Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.

Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды.

Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген».

Кейінірек оның әулетінде әйгілі адамдар болғаны анықталғанына қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан өзін халық арасынан шыққан, халыққа жан-тәнімен жақын адам деп есептейді және қазір де солай ойлайды.

Халқының қаны бір перзенті ретінде ол бұл сезімнен ешқашан арылған емес, қайта жыл өткен сайын еселей түсті. Ол сонымен қатар өзін нағыз қазақ, бабалар мәдениеті мен салттарының мұрагері, жаңа формацияның, әркімнің алдынан бұрын болмаған мүмкіндік ашатын ғылыми-техникалық прогрестің ілгері басқан жаңа дәуірінің адамы ретінде сезінді.

Халықтың дәстүрлі танымы мен жаңа индустриялық дүниетаным оның жан-дүниесінде үйлесе тоғысты. Қаскелеңдегі Нұрсұлтан бітірген орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан Исаев жас ұланның білімге құштарлығын және ақылдылығы мен алғырлығын бірден байқайды.

«Ол ең үлгілі оқушы болды. Сабақты ұйып тыңдайды, оқу бағдарламасынан тыс сұрақтар да қояды. Мұғалімнің әр сөзіне мән береді. Кітаптан бас көтермейтін, үнемі оқып отыратын».

Жастық шағы: Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды.

Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.   Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді.

Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.

 

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий