0 комментариев

Қазақстанда жыл сайын 220 мың донор қан тапсырады және осы қанды реципиентке жеткізетін 18 орталық жұмыс істейді

Дәрігерлер қан тапсыруды әдетке айналдырған адамның ағзасы әртүрлі аурулар мен күйзеліске қарсы тұра алатынын, жүрек-қан тамырлары ауруына сирек шалдығатынын дәлелдеп шықты. Сонымен қатар, тұрақты донор қандай да бір ауыр жарақат алған жағдайда жоғалған қанды тез толтырып алуға бейімделетіні анықталған. Ал шариғат тұрғысынан алсақ, мұсылман бауырыңа қаныңды беріп, көмектесу өте сауапты іс болмақ. Сол себепті бұған мүлдем тыйым салмайды.

Қазақстанда қан қызметі саласында жұмыс істейтін 18 орталық бар. Әр жылы елімізде 220 мың донор қан тапсырады, сондай-ақ, 280 мыңға жуық донация жасалады. Ал Астана қаласында жыл сайын 36 мың донор қан тапсырады. Бүгінде трансфузиология орталығы қаладағы 22 медициналық ұйымды қанмен қамтамасыз етіп отыр. Осылайша жыл сайын ерікті түрде қан тапсыратындардың саны артып келеді.

Қазақстанда тегін қан тапсырған донорларға “Халық денсаулығы туралы” кодекске сәйкес, 2 күн демалысқа анықтама беріледі. Осы демалысты донор бір жыл ішінде кез келген уақытта алады. Сондай-ақ, донорлардың қан тапсырған күні жұмыс істемеуге құқы бар және оларға қан тапсырғаннан кейін күш-қуатын қалпына келтіруге арналған тамақ немесе белгілі бір мөлшерде ақша төленеді. Бұл — 0,25 АЕК.

Адамға қан құю қайдан шықты?

Адамға жануардың немесе басқа адамның қанын құю тарихы қайғылы оқиғалардан басталған. Уақыт өте келе бұл тұрақты түрде пайдаланылатын тәжірибеге айналып, артынша оған билік тыйым салған жағдайлар да болған.

Ежелгі заманда науқастарды емдеу кезінде жануардың қанын пайдаланған. Гомер құрбандыққа шалынған жануарлардың қаны пайдаланылғанын алғаш рет жазған. Ұзақ уақыт бойы адамзат қанды өмір жасын бірнеше жылға ұзартатын, жараланған кезде жоғалтқан қанның орнын толтыратын ғажайып сұйықтық ретінде қабылдап, ішіп келген.

Мысалы, Мысыр әскері жарақат алған адамдарға қан қажет болуы мүмкін деген оймен отар-отар қой алып жүретін болған. Мұнымен қатар, Гиппократ психикалық ауытқуы бар адамдарға дені сау құрдастарының қанын ішуді ұсынған. Плиний мен Цельс туындыларында қарт адамдар жасару үшін өлген гладиаторлардың қанын ішкені туралы хикаялар бар.

Папа Иннокентий VIII біраз жасқа дейін үш 10 жасар баланың қанынан дайындалған сусынды ішіп, жастық шағын қайтарғысы келген деседі. Сондай-ақ, алапес ауруына шалдыққан көне Грекия патшасы Константин емделу үшін қан құйылған ваннаға шомылатын болған. Яғни орта ғасырлар мен қайта жаңғыру дәуіріне дейін қан адамға тамыры арқылы құйылмаған.

1616 жылы Уильям Гарфей қан айналым заңын ашты. Осының негізінде қан немесе дәрілік сұйықтық тамыр арқылы құйыла бастады. Ғалым қан айналымы туралы пікірін алғаш рет 1616 жылы Лондон қаласында оқыған дәріс кезінде бөлісті.

Бұдан кейін ол 1628 жылы “Жануарларда жүрек пен қанның жылжуы туралы анатомиялық зерттеу” деген жұмысын жариялады. Осы еңбегінде ғалым 1 500 жылдан бері келе жатқан Гален ілімін жоққа шығарып, қан айналым жүйесіне жаңа анықтама берді. Бірақ, маман қанның артериядан көктамырға қалай баратынын түсіндіре алмады. Осылайша Гарвей шәкірттерін қанды қан тамырына құюға үйретті және оның ғылыми негізделген идеясын тапты.

Ал қан құюдағы алғаш тәжірибені 1665 жылы Лондон анатомы Ричард Лоуэр жасап көрді. Ол денесі құрысып қалғанша иттің мойын тамырынан қан шығарып алды. Кейін оған басқа иттің қанын құйып, бірнеше сағат ішінде жануарды қайта қалпына келтірді.

Қанды жануардан адамға алғаш рет математик, философ және Сорбонна медицина университетінің профессоры Жан Батист Дени құйып көрді. Ол Ричард Лоуэрдің материалдарымен толықтай танысып, 1667 жылы 15 маусымда безгек ауруына шалдыққан науқасқа күретамырдан көктамырына 250 миллилитр қозы қанын құйды. Тәжірибе сәтті болғанымен, тағы бір науқасқа жасалған төртінші трансфузия 2 айдан кейін өліммен аяқталды. Осы жағдайдан кейін 1668 жылы Франция депутаттарының палатасы мен Ұлыбритания парламенті қанды жануарлардан адамға құюға заңмен тыйым салды. Жалпы дәл осындай зерттеулер 150 жылды құрап, қайтадан адамға қан құйыла бастады.

Қан құюдың пайдасы мен зияны қандай?

Қан қызметі орталығы донорлық кадрларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Рашидқызы қан өткізудің донор денсаулығына қандай пайдасы мен зияны болуы мүмкін екеніне тоқталды.

Маманның айтуынша, әр адамның ағзасындағы қан мөлшері орташа есеппен 4 000 миллилитрді құрайды. Адам осы қанның 12% мөлшерін тұрақты түрде жоғалтып отыру арқылы қан айналым жұмысын жақсартып, күйзеліске қарсы тұра білу қабілетін арттыратыны дәлелденген. Әдетте донор бір өткізгенде ең көп 500 миллилитр қан тапсыра алады. Мұның ішінде 40 миллилитрі анализ жүргізу үшін алынады. Сондай-ақ, ағза ешқандай қиындықсыз жоғалтқан қанды қайта қалпына келтіреді.

Бұдан өзге маман заманауи қан тапсыру пунктілері донор өзін жайлы сезіну үшін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылғанына тоқталды. Бар болғаны донорға ине сұққан кезде ауыр тиюі мүмкін. Әрі қарай адам процедураның қалай жүргізілетінін сезбей де қалады. Шамамен қан өткізу процесі төрт сағатқа ұласады.

Қан өткізгеннен кейін донор аздап өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Сол себепті қан өткізген күні ауыр физикалық жұмыстар істемеуге және алыс сапарға шықпауға кеңес беріледі.

Қан компоненттері — плазма, тромбоцит және эритроциттерді өткізу бір жарым сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Бөлім меңгерушісі қан қызметі орталығында бір рет қана қолдануға болатын материалдар пайдаланылатынын айтып сендірді. Яғни қан алу зарардансыздырылған және бір реттік құрылғының көмегімен жүргізіледі. Сондай-ақ, оны көзіңізше ашып көрсетеді.

“Қан өткізуге бір тәулік уақыт қалғанда майлы, сүтті, еті бар, жұмыртқа, кептірілген, шоколад, банан, консервілер және фастфуд секілді тағамдарды жеуге болмайды. Болашақ донордың өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін қадамдарға бармағаны абзал. Мүмкіндігінше қанды күннің алғашқы бөлігінде өткізген жөн”, — деді маман.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий