0 комментариев

Мәуліт – араб сөзі, қазақша “туған күн” деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға осы атау берілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ата-анасынан ерте айырылды. Әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салса, алты жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүние есігін ашқанда, ғаламда ғажап оқиғалар болған деседі. Дүние нұрға бөленген. Анасы Әмина әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеген. Пайғамбарымыз туғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрған.

Атасы Әбдүлмүттәліптен пайғамбарымыздың есімінің сырын сұрағанда ол: “Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін” деп жауап қатқан екен.

“Мұхаммед” есімі Құранның бірнеше аяттарында айтылады. Ал Құранның 47-сүресі “Мұхаммед” есімімен аталған. “Мұхаммед” сөзі “мақталуға лайық, мақталушы” деген мағына береді.

Бір хадисінде: “Менің бес есімім бар. Мен Мұхаммедпін, Ахметпін, Махимін – Алла күпірді мен арқылы жояды, Хаширмін – адамдар қиямет күні менен кейін тіріледі, Ақибпін – менен кейін пайғамбар келмейді”, — деген екен.

Мұхаммед пайғамбар насихат сөз айтудан гөрі, іспен үлгі көрсетуге ерекше мән берген. Бір нәрсені бұйыратын болса, бірінші оны өзі орындайтын, бір нәрседен тыйым салатын болса, бірінші болып өзі тыйылатын. Мінезі жұмсақ, қолы ашық, жомарт еді және ұдайы күлімсіреп жүрген.

“Алла елшісінің тістерін ақситып, шері тарқап, шегі қатқанша күлгенін көрмеппін. Ол тек күлімсірейтін”, — деп әңгімелейді Әзірет Айша.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) болмыс-бітімі былай сипатталады:

“Кең маңдайлы кісі еді. Қасы қою, көзі қара, кірпіктері ұзын. Бет-әлпеті толған айдай нұрлы еді. Дөңгелек жүзді, сақалы тығыз. Толқын шашы қатты бұйра болмаса да, ортасынан қақ бөлініп иығына жетер-жетпестей төгіліп түсіп тұратын. Кең иықты, кеуделі келген. Алақаны мен табаны ірі болатын.

Алақаны жібектей жұмсақ еді. Орта бойлы. Семіз де емес, арық та емес. Денесі тершең, бірақ үстінен хош иіс аңқып тұратын. Жылдам және алға сәл иіле жүретін. Бір жаққа қараса, тұтас денесімен бұрылатын. Жан-жағына атүсті мойын бұра бермейтін. Әрқашан жүзі күлімсіреп тұратын”.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий