0 комментариев

Бұл мерекені атап өтудің негізінде Пайғамбарға (с.ғ.с)  деген сүйіспеншілік жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан.

Қазіргі таңда мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күні үш күн бойы тойланатын ресми мереке саналады.

Мәуліт мерекесін атап өтуге қатысты ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Олардың бір тобы бұл мейрамға оң көзбен қараса, екінші тобы мәулітке қарсы.

Мәулітті атап өту – абзал амалдың бірі. Себебі, мәуліт Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен қуаныштың айрықша көрінісі. Ал Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көру – иман негіздерінің бірі.

Мәуліт мерекесінде Қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылады. Қасиетті мәуліт күнінде жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар жасауға болады. Бұл мереке кезінде шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт.  Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар барлық іс жақсы бидғатқа жатады. Құранда: “Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік” деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге аяқ басып, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш.

Бұл мерекені атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий