0 комментариев

Әбілхан Қастеев қазақтан шыққан тұңғыш суретші десек те болады. Сурет саласының мамандары қарапайым  отбасында дүниеге келіп жастайынан еңбекке жегіліп қой бағып отбасын асыраған Қастеевтің туындыларынан қазірге дейін сабақ алып, зерттеп жүр. 8 жасар қойшы баланың суретке деген махаббаты дала табиғатынан басталған.

Әбілхан Қастеев 1904 жылы Жаркентке жақын елді мекенде дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған бала 8 жасынан байдың қойын бағып, отбасының арқасүйеріне айналады. Көп уақытын табиғат аясында өткізген баланың санасында сол кезде әдемілік пен сан алан түстерге деген қызығушылығы оянады.

Сөйтіп, қолына түскен заттардан түрлі әшекейлер жасай бастайды. Қызы Гүлдария Қастееваның айтуы бойынша, ауыл қыздары Әбілханның жасаған бұйымдарын көру үшін, мал өрістен қайтатын уақытты асыға күтеді екен. Сондай-ақ Әбілхан анасына сырмақ пен текеметке ою салуға көмектеседі екен.

Біраз уақыттан кейін Әбілхан адамдардың мүсінін жасауға көшеді. Алайда мүсін жасауды ауылдастары “күнә” санап, кішкентай суретшіні “Құдайға қарсы келдің!” деп айыптайды. Кейін Әбілханның отбасы Жаркентке көшіп келеді. Ол жерде бозбала бір байдың көше тазалаушысы болып жұмыс жасайды.

Бірде оның жұмыстарын фотограф байқап қалып, өзіне айтпай суретке түсіріп, Қызыордаға жібереді. Ол жақтағылар бозбаланы оқуға жіберу керек деп шешеді, алайда Әбілханның қаражаты болмай, қалып қояды.

Әбілхан Қастеевтің ата-анасы ұлын бір қызбен атастырып қойған екен. Бірақ ол қыз “кедей жігітке әйел болмаймын” деп тұрмысқа шығудан бас тартады. Ақыры екеуі табыспай, Әбілхан Мәскеуге оқуға кетеді.

Ауылына келген кезде, сәнді киінген суретші сол қыздың үйіне әдейі кірген екен. Ал өзінің өмірлік жары Сақыш болса, Әбілханнан он жас кіші болған. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша ол әуелі ата-анасымен танысып, үйдің тұрмысына үйрену үшін солармен бірге тұрады.

Тек содан кейін суретшімен танысып, екеуі отау құрған. Әбілхан Қастеев жұбайымен алты ұл, үш қыз сүйген. Балаларының барлығы дерлік әке жолын қуып, сурет өнерімен айналысқан. Қазір ол жолды немерелері мен шөберелері де жалғап жүр.

Әбілхан Қастеевті сурет өнеріне баураған – Николай Хлудов. Белгілі суретші Әбілханның таланты мен қызығушылығын байқап, оған сурет салу әдісін сатылап үйретуді бастайды. Өз естелігінде Әбілхан Қастеев “Мені көріп, мақсатымды білген Хлудов қатты таңғалды әрі қуанды. Айтуынша, мен ол көрген алғашқы қазақ суретші екенмін. Ол туғандарым жайлы, суретті қашан сала бастағаным жайлы көп сұрады, суреттерімді мақтады. Сосын суретті акварельмен салуға кеңес берді. Кетерімде маған акварель, қылқалам мен қағаз ұсынып, аптасына екі рет сабаққа қатысуымды сұрады” дейді. Сондай-ақ Хлудов сабақ барысында Әбілхан Қастеевке “Сен – біріншісің, сенің соңыңнан басқалар жүреді. Алдыңдағы жол ұзақ әрі қиын, бірақ шегініп кетуіңе қақың жоқ” деген тілегін үнемі айтып отырады екен. Ұстазының айтқаны келіп, Әбілхан қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші атанып, үлкен мектептің қалыптасуына жол ашты. Ал Хлудовтың алдына келгенде Әбілхан 25 жастағы жігіт болатын…

 

Николай Хлудовтан білім алған Әбілхан Қастеев досы Әубәкір Исмаиловпен бірге Мәскеуге аттанады. Жас суретшінің мақсаты – сурет мектебіне оқуға түсу. Алайда ол жақта қаржылай қиындықтан бөлек, мектеп басшылығы аттестаты жоқ баланы оқуға қабылдаудан бас тартады. Сол кезде Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасы Надежда Крупская атындағы сурет студиясының директоры Анна Фурмановадан Қастеевтің ең болмаса шығармашылық сабақтарға қатысуын өтінеді.

Анна Фурманова рұқсат беріп, Әбілхан Қастеев сурет өнері жайлы білімін арттыра бастайды. Сабақтан бос уақытын ол музейлер мен галереяларды аралап, түрлі суретшілердің көрмелерін тамашалаумен өткізеді. Сондай-ақ ол Мәскеуде салған бірнеше туындыларын Шығыс Музейіне ұсынады.

Ондағылар картиналардың бағасын сұрағанда, Әбілхан өз жұмыстарын аз сомаға бағалаған екен. Алайда музей басшылығы туындыларды екі есе қымбат бағаға сатып алып, сол күні қазақстандық суретші барлық қарызын қайтарған көрінеді.

1916 жылғы халық көтерілісінің 20 жылдығына орай көрме өтетін болып, Әбілхан Қастеев революция тақырыбында бірнеше картиналар жазады. Бірақ өзінің ең танымал туындыларының бірі – Амангелді Имановтың портретін салу үшін суретші ұзақ дайындалады. Бірде-бір суреті сақталмаған батырдың бейнесін барынша ұқсату мақсатында Әбілхан Торғай облысына барып, Амангелдінің туыстарымен сұқбат құрған екен.

Сондай-ақ Амангелді Имановты жақсы білген Әліби Жангелдинмен әңгімелеседі. Осылайша Әбілхан Амангелдіні көрген-білген жандардың суреттеуі бойынша бірнеше нобайлар жасайды. Бірақ көлемді портретін тек 1950 жылы салған. Амангелдіні танитындар картинаны көргенде ұқсастықты байқап, қатты таң қалған деседі. Осы туындыдан кейін Әбілхан Қастеевке Халық суретшісі атағы беріледі. Сонымен қатар 1970 жылы Әбілхан тағы да 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына оралып, “Амангелді сарбаздары” картинасын жазады.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий