0 комментариев

Жаңа жылға дейін санаулы күндер ғана қалды. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, мерекелік дастарқаннан ешкім де бас тартпас. Оның ішінде салатқа ерекше мән береді. Өйткені қызыл-жасыл, сары түсті көкөністерден дайындалатын салаттар дастарханның сәнін келтіріп, хош иісімен келген қонақтарды баурай түсетіні сөзсіз. KYN.KZ сайты жаңа жылға арналған оңай әрі тез дайындалатын салаттар мәзірін ұсынады

КАРТОП САЛАТЫ (I түрі)

Құрамы:
5 түйір картоп, көк салаттың 7-8 жапырағы, 10-12 тал көк жуа, 1 кесе қаймақ.
Дайындау процесі:
Мұны дайындау технологиясы өте қарапайым. Картоп қабығымен асылады. Піскеннен кейін салқындатылып, қабығы аршылады. Ұсақтап туралады. Оған сақталған көк салат пен көк жуа қосып, араластырылады. Үстіне қаймақ құйылады.

КАРТОП САЛАТЫ (II түрі)

Құрамы:
3-4 картоп, 1 түйір пияз, 2 ас қасық сары май немесе жарты кесе қаймақ, 1 шай қасық тұз, 5-6 тал аскөк немесе 5-6 жапырақ петрушка.
Дайындау процесі:
Қабығы аршылған картоп тұтас асылады. Пияз дөңгелектеп туралады да, буға қойып, шала пісіріледі. Содан соң піскен картоп сол тұтас күйінде, шала пісірілген пияз тарелкаға салынып тұздалады, бетіне ұсақталған аскөк не петрушка себіледі де үстіне сары май немесе қаймақ құйылады. Дастарқанға таба нан қоса әкелінеді.

ҚЫЗЫЛША САЛАТЫ

Құрамы:
2-3 түйір қызылша, 1 кесе қаймақ немесе 2 кесе сүт, 5-6 жапырақ көк (петрушка).
Дайындау процесі:
Жуылып, тазартылған қызылша духовкаға қойылып пісіріледі. Піскеннен кейін қабығы аршылып, ұзыншалап немесе ұшбұрыштап кесіледі, осылай дайындалған қызылша шағын ыдыстарға салынып, үстіне қаймақ немесе ыстық сүт құйылады. Бетіне көк себіліп, дастарқанға әкелінеді.

КАПУСТА САЛАТЫ

Құрамы:
600 грамм капуста, 1-2 алма, 6 тал көк жуа, 2 түйір сәбіз, 1 ас қасық қант, жарты кесе 2 проценттік сірке суы, 2 ас қасық өсімдік майы, 1 шай қасық тұз.
Дайындау процесі:
Жас капуста ұсақтап туралады. Қант қосылып тұздалады. Үстіне сірке суы құйылады да ыдысқа салынып, ысытылады. Содан кейін жұмсарғанша араластырылады. Салқындағаннан кейін үстіне өсімдік майы құйылып, ұсақтап туралған алма, көк жуа, сәбіз салынады.

КӨК САЛАТ

Құрамы:
5-6 жапырақ салат өсімдігі, 2-3 тал көк жуа, бір ас қасық қаймақ, 1 жұмыртқаның төрттен бір бөлігі.
Дайындау процесі:
Көк салат туралып, ұсақталған көк жуа араластырылады. Үстіне қаймақ құйылып, піскен жұмыртқа салынады.

ҚИЯР САЛАТЫ

Құрамы:
2-3 түйір жас қияр, бір ас қасық қаймақ, 1 шымшым тұз.
Дайындау процесі:
Қабығы аршылған жас қияр жұқалап туралады. Дастарқанға қойыларда аздап тұздалады да, үстіне қаймақ құйылады.

ҚИЯР МЕН КӨК ЖУА САЛАТЫ

Құрамы:
1 түйір жас қияр, 3-4 тал көк жуа, 1 ас қасық қаймақ, 1 жұмыртқаның 1/4 бөлігі, бір шымшым түз.
Дайындау процесі:
Жас қиярдың қабығы аршылады. Жұқалап туралып, тұздалады. Оған ұсақтап туралған көк жуа мен жұмыртқа араластырылады. Үстіне қаймақ құйылады.

ҚЫШҚЫЛ САЛАТ

Құрамы:
600 грамм капуста, 3 ас қасық өсімдік майы, 1 түйір кепкен қызыл бұрыш немесе 1 шай қасық ұнтақ қызыл бұрыш, бір ас қасық лимон шырыны, қант дәміне, ал тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Тұздалған капуста тағы бір рет ұсақталып туралады. Ыстық суға салынып, қолмен сығылады. Өсімдік майы отқа қойылып, қайнатпай ғана қыздырылады. Ол қызыл бұрышпен бұрышталады. Үстіне әлгі дайындалған капуста салынады. Қант, лимон шырыны қосылып, араластырылады. Содан соң 3-4 сағат беті жабылып қойылады.
Мұндай салат жас капустадан да дайындалады.

ІРІМШІК ЖӘНЕ ЖҰМЫРТҚА САЛАТЫ

Құрамы:
1 жұмыртқа, 100 грамм ірімшік, сарымсақтың бір баданасы, 30 грамм көк жуа, 1 ас қасық майонез, 1 ас қасық көк бұршақ.
Дайындау процесі:
Піскен жұмыртқаның қабығы аршылып, ұсақталып туралады. Ал ірімшік ұзыншалап кесіледі. Содан кейін үстіне әлгі дайындалған жұмыртқа, көк жуа, ұнтақталған сарымсақ, көк бұршақ қосылып, тұздалады. Үстіне майонез құйылады. Сөйтіп арнайы ыдысқа салынып, оюлап кесілген жұмыртқамен әсемделеді.

АНАР ДӘНДЕРІ МЕН ПИЯЗ САЛАТЫ

Құрамы:
2 түйір орташа пияз, 1 үлкен анар, бір шымшым тұз.
Дайындау процесі:
Ұсақтап туралған пияз кесінділері ыстық сумен екі-үш рет жуылып, елекке салынып қойылады. Анардың қабығы аршылып, дәнінің бір бөлігі сығылады да, сөл алынады. Қалған бөлігі електегі пиязға қосылады. Тұздалып, араластырылады да салат салатын ыдысқа аударылады. Үстіне манағы сығылып алынған сөл құйылады. Бетіне пияздың тұтас алынған бір қабаты, ромашка гүлі секілді иректеліп кесіліп, ортасы анар дәнімен толтырылады. Жиектеріне сақиналап кесілген пияз тасталады.
Бұл салатты майлы ет тағамдарына гарнир ретінде де беруге болады.

Ас болсын!

Изменен статус публикации
Добавить комментарий