0 комментариев

Қасық пен  Айыр

Ертеде Қасық пен  Айыр  өмір сүріпті. Қасық  өте ерке, мақтаншақ, ал  Айыр өте салмақты да ақылды болыпты. Бір күні Қасық  Айырды  қонаққа шақырыпты. Ол Айырдың сорпа іше алмайтынын біліп, әдейі сорпа дайындаған екен.
– Мен сұйықты да, қоюды да, тіпті шайды да  іше аламын,- депті Қасық. Қарны ашып  келген Айыр:
– Сен мені қонаққа шақырған соң, үйімнен нәр татпай келген едім, жақсы, ендеше мен жүрейін деп, ренжімегенін айтады. Ертеңгісін Қасыққа  сен маған қонаққа кел деген екен. Ол досына дәмді етіп лағман дайындапты. Қасық досының мырзалығын көріп, шын көңілмен дайындаған дастарханға толы тамағына көзі түсіп, қатты ұялған екен. Тіпті тамақты жеуге ар-ұяты бармапты. Айыр:
-Еее, достым, мен білемін неге тамақ ішпей отырғаныңды, ал ұялма, мен саған түк те ренішім жоқ, екеуіміз нағыз достар емеспіз бе, күнде бір-бірімізді көреміз, сырымызбен  шүйіркелесеміз, нағыз достар бір-біріне ренжімеу керек,- деген екен. Содан соң өзінің қателігін түсінген Қасық досынан кешірім сұрап, оған достық қолын беріпті. Осы күнге дейін екеуі бірге жүреді екен.

*

Балықтар неге сөйлемейді?

Ерте, ерте, ертеде сиқырлы көк теңіздің астында балықтар патшалығы өмір сүріпті. Олар бір-бірімен өте тату-тәтті тұрыпты. Достықтарының,  еңбексүйгіштіктерінің арқасында басқа патшалықтарға да үлгі болыпты. Барлық патшалық балықтар патшалығына қызыға қарапты. Өйткені, балықтар күндіз тынымсыз еңбек етіп, кешке көңілді сауық-сайран құрады екен. Олар теңіз бетіне шығып, әртүрлі іс-қимылдар арқылы бидің түрлі тәсілдерін көрсетіпті. Би ырғағымен әртүрлі әуендер салыпты. Сол әдетпен тағы да балықтар теңіз бетіне шығып, ән салып, би билеп думандатады. Оны естіген құбыжық теңізге келіп, шад-шадыманға бөленіп жүрген балықтарға тап беріпті. Көптеген балықтар құбыжықтың құрбаны болыпты. Ал, қалғандары теңіз астындағы өз патшалықтарына қашып құтылыпты. Бірақ, содан бері олардың ешқайсысы қатты қорыққаннан болар сөйлей алмай қалыпты.Одан кейін де қанша жылдар өтсе де, сол сөйлемеген күйі сөйлемей қала беріпті. Бірақ, балықтар сөйлемесе де бір-бірімен қанаттарының, құйрықтарының, желбезектерінің көмегімен түсінісетін болыпты. Міне, балықтардың неге сөйлемейтінінің сыры осындай оқиғалардың салдарынан ба деп ойлаймын.

*

Кім күшті?

Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауылы қызыл екен.
Құйрық жүні ұзын екен.
Қырғауылы қырқылдап,
Жалтыр мұзға сыртылдап,
Алшая келіп қоныпты,
Шаты айрылып қалыпты.
Қисая жатып қырғауыл
Сонда мұздан сұрапты:
–  Мұз, мұз, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім.
–  Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.
–  Жер, жер, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жардырмас едім.
–  Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді.
–  Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, көк шұнақ қасқырға құйрығымды жұлқытпас едім.
–  Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім.
–  Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.
–  Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?
–  Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.
–  Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
–  Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, – деген екен құмырсқа.

*

Қорқақ қоян

Ертеде орманда қайырымды қоян өмір сүріпті. Қоян кішкентай аңдарға көмектеседі. Аңдардың жоғалтқан заттарын тауып әкеп береді. Себебі, қоян иісшіл, дыбысты жақсы сезеді. Барлық аңдар қоянды жақсы көреді. Бір күні қоян орман ішінде жүгіре-жүгіре, секіре-секіре шаршап қалады. Ол өзінің қарны қатты ашығанын сезеді. Қолына дорбасын ұстап, бақшаға келеді. Қоян сәбіздің иісін тез сезеді. Өйткені қоян сәбізді жақсы көреді. Қызыл сәбіздерді суырып, асықпай дорбасына салады. Осы кезде бақшаны суарып жүрген бағбан ата қоянды байқап қалады. Ақырын келіп, қоянның дорбасына қырыққабат салады. Бағбан ата жасырынып қалады. Тықыр еткен дыбысты естіген қоян қорқып кетеді. Жан-жағына қарамайды. Қолына дорбасын алып, орманға қарай қаша жөнеледі. Осы күннен бастап, ол қорқақ қоянға айналады.

*

Ай мен Күн

Өткен заманда біреудің Айсұлу және Күнсұлу деген екі қызы болыпты. Екеуі де теңдесі жоқ сұлу екен. Бірінен-бірі асқан сұлумын деп бірімен-бірі үнемі
ұрысысып, жиі-жиі жанжалдасып қалады екен. Бір күні Күнсұлу іс тігіп отырған Айсұлуға тиісіп:
– Сенен мен сұлумын! – дейді. Ал Айсұлу болса:
– Жоқ, сен сұлу емессің, мен сұлумын! – деп таласады.   Ақыр аяғында бұл талас үлкен шатаққа айналады. Ыза қысып, әбден ашуланған Күнсұлу өзіне қарсы келіп отырған Айсұлудың бетін тырнап алады. Күнсұлу тырнағының ізі Айсұлудың бетінде өшпестей болып қалады. Міне, содан бері Айсұлу жұрттан ұялып, тек түнде ғана тысқа шығады екен. Ал бейбастақтығынан қатты ұятқа батқан Күнсұлу түн қараңғылығында бұғып жатады екен. Содан бері Айсұлу мен Күнсұлу біріне-бірі көрінбейді.

*

Ақшақар және жеті гном

Жер бетін қалың қар басқан қыс мезгілі болатын. Терезенің алдында ханшайым кесте тігіп отырады. Ғажайып қиялға бөленіп отырып байқаусызда қолына ине кіргізіп алады. Кестенің үстіне үш тамшы қан тамып кетеді.
Сонда ол: «Шіркін, бет-жүзі мына қар сияқты аппақ, бетінің ұшы мына қан сияқты алқызыл, шашы мына терезенің жақтауларындай қап-қара бір қызым болса ғой!» – деп ойлайды.
Көп уақыт өтпей ханшайым жүкті болып, өмірге қыз әкеледі. Ол қыз қардай аппақ, бетінің ұшы қан сияқты алқызыл, шашы қап-қара болады. Оған Ақшақар деген ат қояды. Алайда ханшайым бірнеше сағаттан кейін қайтыс болып кетеді. Бір жыл өткен соң патша басқа әйелге үйленеді. Жаңа ханшайым өте сұлу, тәкаппар болады. Ешкімнің сұлулығы өзінен асып кеткенін қаламайды. Өзінің бір сиқырлы айнасы болады. Күнде сол айнаға қарап, сағаттар бойы өзіне тамсанып, одан:
– Айна, айна, айтшы айна!
– Менен асқан сұлу бар ма? – деп сұрайды.
Сонда айна оған:
– Бұл дүниеде сізден асқан сұлу жоқ, – деп жауап береді.
Ақшақар он төрт жасқа келгенде, айнасы:
– Ханшайымым, сіз сұлусыз. Бірақ Ақшақар сізден де асқан сұлу, – деп жауап береді.
Мұны естіп ызадан жарылардай болған ханшайым, қызғаныштан жүрегі қарс айырылып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Амалы таусылған ханшайым Ақшақардың көзін құртуды ойлап, сарайына аңшылардың біреуін шақыртып:
– Мына қызды орманға апарып, өлтір. Өлтіргеніңнің дәлелі ретінде маған оның жүрегі мен өкпе-бауырын алып кел, – деп тапсырма береді.
Аңшы Ақшақарды орманға әкеліп, өлтірмекші болып пышағын шығарады. Бірақ Ақшақардың жылағанын көріп, оны өлімге қимайды. Ақшақарды жібере салып, көзінен ғайып болғанда, «Оны өлтіруге дәтім бармайды. Түн жамылғанда бір аю немесе қасқыр жеп кетер»,- деп келе жатқанда алдынан бір қабан шығады. Қабанды өлтіріп, жүрегі мен өкпе- бауырын кесіп алып, ханшайымға апарып береді.
Байғұс қыз қалың орманда жалғыз қалады. Кеш батып, қас қарайғанда таудан асып келе жатып, кіп-кішкентай үйшікке кезігеді. Есігін ұрса, ешкім ашпайды. Бел буып, не де болса ішке кіреді.Үйшіктің ішінде ұзын үстелдің айналасында жеті кішкентай орындық, азықтарға толы жеті кішкентай табақ, қабырғаның бойымен тұрған жеті кереуетті көреді. Әрі күтіп, бері күтіп, ешкім келмеген соң, қарны ашып, шаршаған қыз әрбір табақтан бір-бір қасық тамақтан жеп, жетінші кереуетке жатып ұйықтап кетеді. Біраз уақыт өткен соң үй иелері де келеді. Олар таудың ішінде қазба байлықтар қазатын жеті гном екен. Ақшақарды көріп «Қандай сұлу қыз!»,- деседі. Таң атып, Ақшақар ұйқысынан оянады. Қасындағы кішкентай адамдарды көріп қорқып кетеді. Біраз уақыт өткен соң оларға үйреніп, олардан жамандық келмейтінін, жақсы адамдар екендігіне көзі жетеді. Гномдар Ақшақарға үйлерінде тұруға рұқсат береді. Олар жұмысқа кетіп бара жатып:
– Есікті ешкімге ашушы болма! Егер өгей шешең біліп қойса, сені өлтіруге тырысып жүрмесін! – дейді. Бір күні ханшайым айнасына қарап сұраса:
– Ханшайымым, сіз сұлусыз. Бірақ таулардың ар жағында гномдардың кішкентай үйіндегі Ақшақар сізден де сұлу, – деп жауап береді.
Мұны естісімен ашуға булығып, сол сәттен бастап қызды тауып алуды ойластырады. Саудагер кемпір болып киініп, қолына лента толы кәрзеңке алып, орманға келеді.
Гномдардың үйіне жеткенде: «Ленталарым бар, әдемі ленталар»,- деп дауыстап есік қағады. Кім екен деп терезеге қараған Ақшақар ленталарды көріп, көзі қызығып кетеді. «Ешқандай зияны тимес»,- деп есікті ашады.
– Сұлуым, саған осы лента ұнайды ма? – деп саудагер лентаны Ақшақардың мойнына байлап бермекші болады. Ақшақар есінен танып құлап кеткенше лентаны барынша тартып байлайды.
Кешке таман гномдар келеді. Ақшақардың еденде сұлық жатқанын көріп, дереу мойнындағы лентаны үзіп, Ақшақарды аман алып қалады.
Ертесіне ханшайым айнаның алдына келіп отырады. Айнадан Ақшақардың тірі екенін естіп, қатты ашуланып, зұлымдығын жүзеге асыру үшін тауға қарай жөнеледі. Бұл жолы:
– Тарақтарым бар, керемет тарақтарым, – деп гномдардың үйінің есігін қағады. Ақшақар кәрі әйелдің қолындағы тарақты көріп, өзіне жасалған қастандықтарды ұмытып, есігін аша салады.
– Шаштарың қандай әдемі, кел, шашыңды тарап берейін,- деп саудагер мақтауын асыра түседі. Бірақ тарақ улы болады. Тарақ тиген бойда қыз есінен танып, құлап түседі. Кешке келген гномдар улы тарақты шашынан ажыратып алғанда, Ақшақар қайта есін жинайды. Осылайша үшінші рет аман қалады.
Ертесіне ханшайым айнаның алдына келіп отырса, Ақшақардың тірі екенін естіп, қатты ашуға булығады. Бұл жолы қызыл алманың жартысын өте улы затпен улайды. Қайыршы кемпірдің киімін киіп, жолға шығады. «Сұлу қызыма алма берейін»,- деп терезеден қараған Ақшақарға:
– Қаласаң терезеден берейін, есігіңді ашпасаң да болады. Әлде менен күманданып тұрсың ба?,- дейді қайыршы. Ақшақардың ойланып тұрғанын көріп, өзі алманың уланбаған жерін тістеп:
– Ала ғой, қандай тәтті алма,- деп қызға қолын созады. Қыздың алманы тістегені сол еді, жерге құлап түседі. Залым ханшайым терезеден ішке үңіліп, қыздың қимылсыз жатқанын көріп, «Ақыры сенен құтылдым»,- деп қуанып, сақ-сақ күліп кетеді.
Ертесіне айнадан дүниедегі ең сұлу кім? деп сұрайды:
– Сізсіз, ханшайымым,- деген жауап алады.
– Бұл жолы гномдардың ешқайсысы Ақшақарды оята алмайды. Арадан үш күн өткен соң, үміттерін үзеді. Сұлу қыз тәтті ұйқыға еніп кеткендей жатады. Гномдар оны жерге көмуге қимай, үнемі көріп тұру үшін шыныдан табыт жасап, табытты таудың шыңына апарып қояды. Бір күні гномдарға ханзада қонақтап келеді. Сол жерден өтіп бара жатып, шыны табыттағы Ақшақарды көріп ғашық болады. «Табытты маған беріңдер»,- деп гномдарға жалынады. Гномдар жігітті аяп, табытты алуына рұқсат етеді. Ханзада нөкерлеріне табытты көтертіп, сарайына жол тартып келе жатқанда, нөкерлерінің біреуі жерде жатқан тасқа шалынып құлап түседі. Сол кезде табыт шайқалып кетіп, қыздың тамағына кептеліп қалған алма ұшып шығады. Ақшақар қайта оянып, көзін ашса, көз алдында сүйкімді ханзаданы көреді. Оған сол мезетте ғашық болады. Бірнеше аптадан кейін некелесіп, дүркіретіп тойын жасайды. Тойға шақырғандардың ішінде Ақшақардың өгей шешесі де болады. Өгей шешесі сарайдың залына кіре бергенде Ақшақарды бірден танып қояды. Бірақ бұл жолы ештеңе жасай алмайды. Өйткені ханзаданың нөкерлері ханшайымды дереу ұстап алады. Ханзада оны енді қастандық жасай алмайтындай алыс бір өлкеге жер аударып жібереді. Сол күннен бастап Ақшақар мен ханзада бақытты ұзақ өмір сүріпті.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий