0 комментариев

Қазақ халқының көрнекті перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі Тұрар Рысқұлов 1894 жылы қазіргі Алматы облысы, Талғар ауданында дүниеге келген.

Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы кәнігі аңшы, шабандоз, көкпаршы адам болған. Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген. Бірақ жаңа қонысында да көптеген әділетсіздікке душар болған. Осы жағдайды Тұрар өзінің бір еңбегінде: «Әкем жергілікті әкімдердің қорлығына шыдай алмай, күншығыс Талғар болысының управителі Саймасай Үшкемпіровті атып өлтіреді», – деп баяндаған. Анасы сәби күнінде қайтыс болып кеткен Тұрар әкесі істі болып, түрмеге жабылғанда небәрі 11 жаста екен. «Қанға – қан, жанға – жан» деп дүрліккен болыстың туыстары «ардақты адамымыздан айырған сұмның жалғыз ұлын бауыздап, кегімізді аламыз» деп, Тұрарды өлтірмекші болғанда, төңіректегі ел ара түсіп, әрең аман алып қалады. Мұны естіген Рысқұл түрме бастығы Приходькоға қайта-қайта өтініш айтып жатып, Тұрарды қасына алады.
Рысқұлмен бірге түрмеде жатқан революционер Александр Бронников Тұрардың қайсар мінезін, алғырлығын байқап, оған назар аудара бастайды, орысша сауат ашқызып, жазу, сызу үйретеді. Соттың үкімімен Сахалинге 10 жылға жер аударылған Рысқұл конвойлар айдап бара жатқанда қашып кетеді. Сөйтіп, 1907 жылы Жамбыл облысы Талас өңіріндегі нағашыларының ауылында қайтыс болады. Тұрар қарындасы Түйметай екеуі өгей шешесі Ізбәйшәнің қолында қалады. Қиыншылықтың дәмін осылайша бала кезінен татып өскен Тұрардың бойында әлеуметтік әділетсіздікпен қоса, ұлттық езгіге қарсы күрес рухы да ерте оянады.

Бастауыш білімді Меркідегі орыс-түземдік мектепте алған Тұрар, одан кейін 1910 жылы Пішпектегі I дәрежелі ауыл­шаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Cосын оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ «көшпелі қазаққа жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ» деп шеттеткен училище директоры Тұрарды оқуға қабылдамай қояды. Білім алуға деген талабы зор Тұрар сонда да мойымастан Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады. Бірақ онда да «бұратана» деген ат алдынан шығып, қабылданбауға айналған соң, оқу министрлігіне шағымданып жүріп, арнайы рұқсатпен сынақ тапсырып, студент атанады. Оқи жүріп, Ташкенттің іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істейді. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде оқуын тастап, Меркедегі жақындарына кетеді.

Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды.

1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға жұмсады. Әулиеата уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартылып алынған қазақтардың мал-мүліктерін өздеріне қайтарып бергізуге тырысты. Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады. 1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Рысқұлов ұйымдастырған қазақтардың жиыны болып өтті. Жиналыстың шешімі бойынша Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і жергілікті халық өкілдері болды. Рысқұловтың жетекшілігімен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды. 1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасы болып сайланды. Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Рысқұлов бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн. сом салық төлеттірді. 1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты мүлдем жеткіліксіз болатын. Сондықтан да Рысқұлов аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді. Осыған орай 1918 жылы 28 қарашада ерекше Орталық Комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалды. Рысқұлов басшылық еткен ерекше комиссия Түркістан автономиялық республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты. 1919 жылы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің 7 съезінде Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып Рысқұлов сайланды. Осы жылы 14 – 31 наурыз аралығында Ташкент қаласында болып өткен Түркістан КП-ның 2 конференциясында ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданды. Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыра түсу мақсатымен оның ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрды.

1924 жылы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне орай Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберілді. Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын. 1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ И.В. Сталин Рысқұловтан гөрі Ф.И. Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан келгенше ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды.

Өмірінің бірнеше жылдарын Ташкент, Мәскеуде өткізген Тұрар Рысқұлұлы ең жауапты, жоғарғы қызметтер атқарады, Халық комиссарлар кеңесінің Бакудегі өкілі болады. Ашаршылық жылдарында ол Мәскеуде Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталиннің орынбасары қызметін атқарады. Сталиннің ұлттық саясатты бұрмалағанына шыдамаған шыншыл қайраткер Мәскеудің үлкен мінбесінен «Сталин қателеседі!» деген тарихи сөзді де айтқан.
Тұрардың өмірдегі үзеңгілес серіктері тарихта белгілі Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Ораз Жандосов, Санжар Аспандияров, Мұхаметжан Тынышбаев, Нәзір Төреқұлов сынды қазақтың біртуар азаматтары болды. Ал Мұхтар Әуезовпен Тұрар сырлас болған. Кейінірек Тұрардың айтуы бойынша «Қараш-қараш оқиғасын» Мұхтар дүниеге әкелгенде тамаша туындыны ерекше тебіреніспен оқыған Тұрар егіле жылаған екен. Мұхтар Әуезовтің түрмеден босанып шығуына Тұрар Рысқұлұлы мен Ахмет Байтұрсыновтың ақыл-кеңесінің әсері болған. Абақтыдан өкпесіне суық тигізіп, сырқат болып шыққан Мұхтарды Қырымға емделіп қайтуға жолдама әперген екен. Сол сияқты «Алашордашыл» деп айыпталған Ахмет Байтұрсыновты да екі рет түрмеден құтқарып қалған деген де деректер бар.
Тұрар Рысқұлов білім мен мәдениет ордаларының бой көтеруіне, өнеркәсіп орындарының ашылуына тікелей басшылық жасады. Солардың ішіндегі ең елеулісі – Түрксіб темір жолының құрылысына сіңірген еңбегі еді. Орта Азияның теміржол құрылысын қажетті шикізаттармен жабдықтайтын 26 өндіріс ошағының ашылуы Тұрар Рысқұлұлының елге сіңірген еңбегінің айғағы болса керек. Оның ішінде Түлкібасыдағы әк зауыты, Жуалы ауданы Бурно-Октябрь елді мекеніндегі 1930 жылы құрылған каучук өнеркәсібі, Шақпақтағы жетімдерге арналған балалар үйі де бар еді. Табиғаты тамаша Ақсу-Жабағылыны мемлекеттік қорыққа айналдырып, қамқорлық жасаған да Тұрар болатын.

Қырықтан енді асқанда қыршын кеткен қазақтың тау тұлғалы – Тұрарына Қызыл империяның қатты өшіккені сонша, Тұрар Рысқұловты ату туралы бұйрыққа Сталиннің өзі қол қойыпты. “Халық жауы” деп айыпталған арыс 1938-ші жылдың 10-шы ақпанында атылды.

Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғырғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды. Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда Рысқұловқа ескерткіш қойылған. Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген. Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған.

Тұрар Рысқұлов азап пен қиыншылыққа толы күрделі, бірақ сонымен бірге жарқын да өмір сүрді. Оның самғау шақтары мен қанатынан қайырылған кездері көп болды, бірақ ол әрдайым өз қалпынан айнымай, сонау жастық шағынан алға қойған өз халқына қызмет етсем деген мақсатына адал болды. «Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл азаматтық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қанының өтеуі. Бұл бүкіл ел тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы» деп жазды Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий