0 комментариев
Қазақтың ақын қызы, поэзия падишасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы Манаш ауылында дүниеге келген.

Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, “Біздің Камшат” повесі, аудармалары “Жазушы”, “Жалын”, “Молодая гвардия” баспаларынан жарық көрді.

Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын шығармашылығының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Фариза Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.

Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.

“Жүрек сенсің…” деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.

Бар сияқты менде де сана, шыдам,
Жығылғанды демеуге тағы асығам.
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
Қорқам ардың айбалта-жазасынан.

Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ақын – өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы – поэзия.

Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: “Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы”, – дей келе:

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,
Жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса
Ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
Мен үшін тұр дүние қараң қалып, – деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді.

Ақын Қасым Аманжолов айтқандай, ақын өмірбаяны өлеңдерінде екені рас. Фариза да өзі ғұмыр кешіп жатқан уақыттың жыршысы. Ол өз замандастарының, өз заманының өмірбаянын өз өлеңдерінде өрнектеп жүр, сол себепті де оның тағдыр жолын толғаған жырлары онымен құрбы-құрдас бір ұрпақтың да өмір сыры.

Әйел жаратылысының нәзіктігі мен қылықтылығын, жаны мен тәнінің сұлулығын, махаббатының мөлдірлігін тап Фаризадай жарқыратып, сүйсінте жазған ақын жалғыз-жарым ғана. Әйелдің болмысындағы табиғи қадір-қасиетін, әсіресе мөлдір махаббатын, осы жолда кезігетін қызғанышы мен сүйінішін, рахаты мен ләззатын жеріне жеткізе иландыра, сүйсіндіре, тереңнен толғап жазған соң ғана ол мың сан оқырманға ой салуда.

Өз өлеңдері арқылы ақын біздерді – оқырмандарын жанарында мұңы жоқ, жамандықпен көре тұра күреспейтін, жылағанның қайғысын бөліспейтін, құлағанның қолтығынан демемейтін, бәріне риза, бәріне мәз, айналадағы адамдардың тіршілігінен, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтардан бейхабар әрі олардың не болып жатқанында шаруасы жоқ, безбүйрек, өзімшіл, өркөкірек пенделердің болмыс-бітімін айғақтайтын поэтикалық портреттерімен таныстырып, ондайлардан отауыңды оқшау қондыруыңды, сондай-ақ өзіңнің де сондай сүйкімсіз, сұмпайы мінезден аулақ болуыңды қалайтын қағидат-пікір пайымдап отыр.

Қорыта айтқанда, Фариза ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңде күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді. Саңлақ ақынның жауһар жырларын бүкіл қазақ жаппай оқып, жаттап жүр десек асырып айтқандық болар еді. Ал оның отты өлеңдері барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдауға арналғандығын айтсақ әсте қателеспейміз.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий