0 комментариев

Мені күнде қуанышқа бөлеген,
Тәй-тәй тұрып келе жатыр немерем.
Күндіз естен, түнде түстен шықпайды,
Тәтті еді, тәтті еді не деген!
Сәл нәрседен жанарына шық тұнып,
Қазірден-ақ алды бізді бұқтырып.
Ата, әже, әке, ана – «төлеңгіт»,
Ол «ханымыз» – құрметтейміз тік тұрып.
Тіл жетпесе, қас-қабақпен ымдайды,
Анау-мынау сылтауыңды ұрмайды.
Көңіліне жақпай қалса бір ісің,
Тегін жатқан «насыбайын» бұлдайды.
Күні кеше жан-жүйемді қозғасын,
Алыс тартып бара жатыр өз балам.
Жаным қазір немеремнің үстінде,
Әсер етпес енді басқа сөз маған.
Кеңшілік кез ұмыт болып бұрынғы,
Үйімізде жаңа тәртіп құрылды.
Осы күні сарай ақын боп кеттім,
«Әміршіге» арнап барлық жырымды!

 

Дүниеге келді тұңғыш немерең,
Сен өзіңді бұрын жас деп сенер ең.
Алыс сапар жүріп қайтсаң жеңгейге,
Өзің дағы бір бала боп келер ең.
Міне тағы орындалды бір арман,
Толқын атып, таси түсті нұр арнаң.
Өзің еккен жас шыбықтан кешегі,
Жапырақ жайып, жайқалады —
Ну орман.
Жүрер адам көп нәрсені үміт қып,
Көмкерсе де қара шашты күміс шық.
Дүниеге келген күні немерең,
Қимай, әттең, қоштасты ма
Жігіттік.
Қарсы аласың өмір заңын таңданбай,
– Ата, дейді,
– Әу, дейсің ғой шамданбай.
Былдырлаған бал тілінде бөбектің,
Кетті-ау жастық,
Қол бұлғаған армандай.

 

-Айтшы, әжетай, көк деген не?
Теңбіл-теңбіл көктеген бе?
Жұлдыз көзін жымыңдатса,
Ай-әжесі: «Тек!»- деген бе?
Бұлттар бөрте ешкідей дәл
Мана тізген көк көгенге.
Қатар көкте шұбырып барад,
Ағытып біреу: «Шек!»- деген бе?
-Қой, құлыным, обал, обал,
Молда оқытар, мектепке бар.
-Әже-ау, біздің Лұқбек айтад:
«Жер – ойнайтын доп,- деп айтад.-
Тағы алыста теңіз де бар,
Тіпті түбі жоқ!- деп айтад,-
Шөл деген бір жер бар,- дейді,-
Ылғи қызыл шоқ!»- деп айтад.
Айтшы, әже, әже, әже
Рас па сол? Айтсаң қайтед?
-Мен білем бе, мен бір надан,
Ертең сұра, бар, молдадан!
-Айтшы деймін, айтшы, әжекем,
Теңіз деген сұйық па екен?
Алыста өскен тау бар дейді,
Басы көкке тиіп пе екен?
Тау жағындағы әлгі жүйрік
Қоян ба екен, киік пе екен?
Аю деген біздің мынау
Көк бұқадан биік пе екен?
-Тек!- деп ем ғой,- тентек, тентек,
Мұны айтатын мектеп, мектеп!

Балам – балым, немере – жаным» деген қазақпыз ғой, әулетіміздің жалғасы – өсіп келе жатқан кішкене балапанымыз елінің арқа сүйер үлкен азаматы болсын.

Бұл дүниенің ең қызығы немере
Қанат жайып өсе берсін кереге
Шаңыраққа уық болып шаншылып
Келе берсіннемеремен шөбере

Оның иісі елден ерек тамаша
Жүрегіңнің соғуы да жаңаша
Шайға салған қант секілді ерисің
Ата деген бір сөзіне балаша

Сұрағанын іздеп тауып бересің
Шаршасаң да жүрші десе ересің
Барған жерде қонақтардан ұялмай
Дастарханнан кәмпиттерді тересің

Мәз мейрамсың оның әрбір ісіне
Іздейсің кеп көрінбесе көзіңе
Өмір бойы армандаған бақытың
Осы емес пе іздегенің өзіңе

Өз балаңнан ыстық болар немере
немересі жоқ адамдар сене ме?
Шаңыраққа уық болып қадалып
Тола берсін немере мен шөбере.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий