0 комментариев

  Қазақ тілтанымының артикуляциялық фонетикасының бастау көзі ретінде ХІХ ғ. зерттелімін алу керек болады. Өйткені алғашқы аз-кем артикуляциялық мәлімет орыс зерттеушілерінің еңбегінен табылады. Алайда артикуляциялық ұғым-атаулар европа лингвистикасының үлгісінде беріліп отырды. Сондықтан да зерттелім нәтижесінің артикуляциялық кестесін сол орыс тілінде бергенді жөн көрдік.

 ХХ ғ. басында ұлт зерттеушілерінің еңбектері жарық көре бастады. Бұл кезде зерттеу құралы ретінде төл ұлттық ұғым-атаулар кеңінен пайдаланылды. Сөйтіп қазақ тілі дыбыстарының артикуляциясын зерттеудің жаңа бағыты қалыптасты. Зерттелім нәтижесінің артикуляциялық кестелері сол ұлттық ұғым-атаулар негізінде құрастырылды.

ХХ ғ. орта шенінен бастап европа лингвистикасының теориялық ықпалы күшейді, оның үстіне әкімшіл-әміршіл (тоталитарлық) саясаттың дәуірлеген кезі болды. Теориялық көзқарас сол европа үлгісінде қалыптасты. Соның нәтижесінде артикуляциялық ұғым-атаулар европа тілдерінің дыбыс артикуляциясын қайталап отырды және түгелдей дерлік аударма күйге түсті.

ХХ ғ. аяқ жағынан бастап қазақ фонетикасына деген теориялық көзқарас өзгерді. Соның нәтижесінде қазақ тілі дыбыстарының бірегей артикуляциясын көрсететін жаңа ұғым-атаулар құрамы мен тың артикуляциялық анықтамалардың басы ашылды. Бұған дейін қалыптасқан аударма ұғым-атаулардан түбегейлі өзгеше терминдер құрамы ұсынылып отыр.

Артикуляциялық ұғым-атаулар сандық-сапалық даму үстінде болды.

Алғашқы кезең зерттелімінің атаулары (терминдері) санаулы ғана болды. Зерттеушілер пайдаланған 5-6 атау қазақ тілі дыбыстарының жасалу орны, жасалу тәсілі, дауыс қатысы, жақ қатысы тәрізді артикуляциялық белгілерін  түгел қамти алмады. Сондықтан да зерттеушілер қазақ тілі дыбыстарының бірлі-жарым ғана белгілерін атаумен шектелді.

Екінші кезең зерттелімінің атаулары сандық жағынан көп өсті. Зертеушілер пайдаланған 30-дан аса терминдер қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық белгілерін түгел қамтуға жетіп қалды. Қазақ тілі дыбыстарының бұрын аңғарылмай келген жаңа белгілерінің басы ашылды, жаңаша атаулармен аталды.

Үшінші кезең зерттелімінің атаулары шамамен осы деңгейде қалды. Қазақ тілінің жіктелім құрамына кірме дыбыстардың көшірінді артикуляциялық белгілері қосылды. Кірме дыбыстар жіктелім кестесінен орын алып, қазақ тілі дыбыстарының құрамына төл дыбыстармен тең деңгейде енгізілді. Кірме таңбалар (әріптер) төл сөздердің жазылымына еніп, жаңа артикуляциялық белгілерге ие болып жатты. Сөйтіп бір-бірімен табиғаты кереғар екі жазу үлгісінің басы біріктірілді.

Төртінші кезең зерттелімі теориялық фонетиканың жаңа деңгейге көтерілуі нәтижесінде артикуляциялық ұғым-атаулардың саны мен сапасы жоғарылады. Үндесім теориясы қазақ тілі дыбыстарының үндесім түрленімінің артикуляциялық белгілерін қамтыса, үйлесім теориясы қазақ тілі дыбыстарының үйлесім түрленімінің артикуляциялық белгілерін қамтыды. Артикуляциялық белгілердің құрамын түгел қамтыған мыңнан аса фонетикалық терминдердің сөздігі жасалды.

Қазақ тілі дыбыстарына артикуляциялық анықтамалар беру жүйесі біркелкі болмады.

Бірінші кезеңде жасалу орнына қатысты бірлі-жарым артикуляциялық белгілер аталды. Ал қазақ тілі дыбыстарының жуан/жіңішкелігін арнайы гуттуральный/палатальный деп, ал дыбыстың артикуляциялық анықтамасын европа тілдерінің дыбыстарына ұқсастығымен көрсетеді.

Екінші кезеңде қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық белгілері мүмкіндігінше толық аталғанымен, жекелеген дыбыстарға артикуляциялық анықтама берілмейді.

Үшінші кезеңде қазақ тілі дыбыстары белгілі бір артикуляциялық белгіге қатысты топтастырылып отырады. Ал артикуляциялық анықтама бірлі-жарым дыбыстардың бір белгісіне ғана беріледі. Дыбыстың толық артикуляциялық анықтамасы кездеспейді.

Үшінші кезеңде артикуляциялық талданым толық жүргізілуге көшті. Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық белгілері артикуляциялық анықтама негізінде табылып, әрбір дыбысқа тән анықтама дауыстылар үшін тілдің көлденең және тік қалпы мен ерін қатысы тұрғысынан, ал дауыссыздар үшін жасалу орны, жасалу тәсілі мен дауыс (дауыс желбезегінің) қатысы тұрғысынан талданып берілді. Сонымен қатар артикуляциялық анықтамалар толық, жартылай және қысқа артикуляциялық анықтама деп іштей тағы жіктелді. Толық анықтама дыбыс белгілерінің сипаттамасын толық қамтиды, жартылай анықтама артикуляциялық белгінің қатысын ғана атайды, ал қысқа анықтама артикуляциялық белгінің атын ғана атайды. Анықтаманың үш түрі талдау ретіне орай қажетті жерінде қолданылады.

Фонетика-фонологиялық атаулардың артикуляциялық талданымға қатысының реті біркелкі емес. Артикуляциялық талданым фонетикалық талданымның құрамды бөлігі ретінде тек фонетикалық ғылыми аппарат негізінде (фонологиялық немесе перцепциялық ғылыми аппаратпен араластырылмай) жүргізілуге тиіс.

Бірінші кезеңде фонетикалық (жасалым) және перцепциялық (естілім) атаулар араласып жүр. Дыбыстың жасалу орнын артикуляциялық атаумен (губогубной т.б.) берсе, дауыс қатысын естілім атаумен (глухой, звонкий т.б.) береді. Соның нәтижесінде дыбыс анықтамасының бір жартысы фонетикалық, екінші жартысы фонологиялық болып шығады.

Екінші кезеңде де қазақ тілі дыбыстарының сипаттамасында жасалым (аңғал, тұйықтаулы т.б.) және естілім (жуан, жіңішке, қатаң, ұяң, үнді т.б) белгілер қатар жүреді.

Үшінші кезеңде жасалым және естілім белгілерді аралас сипаттау дәстүрі жалғасады. Дауыстылардың тіл алды жасалым атауымен қатар жіңішке естілім атауы, тіл арты жасалым атауымен жуан естілім атауы, сондай-ақ қатаң, ұяң, үнді естілім атауы жасалым атау орнына жаппай қолданылады. Қатаң, ұяң, үнді естілім атауларының анықтамалары да естілім белгілер арқылы беріледі: тек салдыр (қатаң); дауыстан салдыр басым (ұяң); салдырдан дауыс басым (үнді).

Төртінші кезеңде қазақ фонетикасының артикуляциялық (жасалым), акустикалық (айтылым), перцепциялық (естілім) салаларының зерттелім нысандары ғана анықталып қойылған жоқ, сол әр салаға тән терминдер де жіктеліп шықты. Соның нәтижесінде артикуляциялық белгілер дыбыстардың жасалымын білдіретін терминдермен аталып, артикуляциялық анықтамалар артикуляциялық белгілерге сүйеніп құрастырылып отырды. Сөйтіп зерттеу нәтижелері бірыңғай артикуляциялық сипаттамамен беріліп, қазақ фонетикасының зерттеу салалары бір жүйеге түсті. Бұрынғыдай зерттеу салаларының терминдері мен анықтамалары өзара араласпайтын болды.

Қазақ артикуляциялық фонетикасының бірінші кезеңінен бастау алып, келесі кезеңдерде жалғасын тапқан артикуляциялық атаулар кемде-кем.

– солардың ең бастысы – дауысты/дауыссыз атауы. Дауысты/дауыссыз атауы барлық кезеңдердің зерттелім аппаратында мағыналық өзгеріске ұшырамай сақталып келген.

– бірінші кезеңде губогубной болып қолданылған, дыбыстың жасалу орнын көрсететін артикуляциялық атау, екінші кезеңде тұйықтау (тұйықтаулы) болып, үшінші кезеңде еріндік (кейде билабиал) болып, төртінші кезеңде ерін-ерін (еріндік емес) болып тиянақталады. Үшінші кезеңдегі артикуляциялық еріндік атауы төртінші кезеңде сингармонизмнің естілім атауына айналды: ерін (губной) атауы жасалу орнын көрсетсе, еріндік (огубленный) атауы дыбыстың үндесім белгісін көрсететін атауға айналды.

– үшінші кезеңде пайдаланылған шұғыл/сүзілмелі атаулары төртінші кезеңде мағыналық жағынан тиянақты тоғысыңқы/жуысыңқы атауларымен алмасты.

– бірінші кезеңде артикуляциясы жаңсақ анықталып, полугласный аталған дыбыстар екінші кезеңде жартылай дауысты  (кейде қосынды дауысты) аталып, үшінші кезеңде дифтонгоид, ал төртінші кезеңде фонетикалық дифтонг (екі дыбыстың тіркесі) болып анықталды.

– артикуляциялық фонетика тарихында қатаң, ұяң, үнді (кейде сонор) белгілері бойынша дыбыстарды топтастыру жүйелі жүргізілмеді: қатаң мен ұяң бір топқа, дауысты мен үнді бір топқа т.б. топтастыру үлгілері кездесіп отырады.

– алашқы екі кезеңде жеке дыбыстардың артикуляциялық анықтамасы берілмей, тек артикуляциялық белгілері ғана аталып отырды; ал үшінші кезеңде артикуляциялық анықтамадан гөрі (бірлі-жарым бір ғана белгісін көрсететін жалаң анықтамалар кездеседі), артикуляциялық белгілеріне қарай топтастыру басым болды; төртінші кезеңде дыбыстардың артикуляциялық анықтамасы толық беріліп, анықтамадан артикуляциялық белгісі шығарылып отырды.

Қазақ тілінің дыбыс құрамы зерттеу кезеңдерінің ұстанған үлгісіне қарай әртүрлі анықталып отырды.

Бірінші кезең зерттелімдері қазақ тілінің төл әліпби құрамын анықтауға арналды. Тілдің әліпби құрамы төл сөздер негізінде анықталып отырғандықтан, қазақ тілі дыбыстарының әліпби құрамы қоспасыз таза анықталды. Бірлі-жарым жаңсақтықтар естілімі орыс тілінің и, у дауыстыларының естіліміне ұқсас дыбыс тіркестерінің құрамын анықтауда кетіп отырды.

Екінші кезең ұлт зерттеушілерінің дәуірі болғандықтан, қазақ тілінің төл дыбыс құрамы мүлтіксіз анықталды. Алайда қазақ тілінің төл дыбыс құрамына кітаби сөздердің ықпалымен х, һ таңбаларының айтылымы жасанды қосылды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің әліпби құрамы қосынды болып шықты.

Үшінші кезең қазақ тіліне, оның ішінде қазақ тілінің дыбыс құрамы мен қазақ сөзінің жазылымына, орыс тілінің ықпалының шарықтау шегіне жеткен кезі болды:

– қазақ тілінің әліпби құрамы көптеген кірме дыбыстар және кірме әріптермен толықтырылды;

– қазақ тілінің төл сөздерінің жазылымына кірме әріптер енгізілді.

Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыс саны өсіп, әліпби құрамы күрделеніп кетті. Сөйтіп қазақ тілінің әліпби тізбегі әлі күнге дейін құранды болып келеді.

Төртінші кезең қазақ тілінің әліпби құрамын төл дыбыстар мен кірме дыбыстарға, төл әріптер мен кірме әріптерге бөліп алудан басталды. Төл әліпби құрамы үндесім және үйлесім дыбыстарға жіктеліп, олардың түрленім үлгілерінің артикуляциялық сипаттамасы берілді.

Қазақ тілі дыбыстарының әліпби, үндесім және үйлесім құрамы анықталды.

Қазақ артикуляциялық фонетикасы қарапайым және шағын ғылыми талданымнан басталып, бірте-бірте күрделене келіп өз алдына дербес пән ретінде қалыптасты. Әрбір кезеңнің өзіне тән зерттелім жетістіктері болды, зерттеу әдістері мен теориялық ұстанымдары келесі кезеңге ұласып жатты. Әрине қазақ артикуляциялық фонетикасының бүгінгі ғылыми жетістігін толық аяқталған пән деп қорытынды жасауға болмайды.

Зерттеушілердің келесі ұрпағы жаңа фонетикалық теориялар мен жетілген зерттеу әдістерін пайдаланып, қазақ артикуляциялық фонетикасын тың ғылыми жетістіктермен толықтырып, тың практикалық нәтижелер алары сөзсіз.

 Ә д е б и е т

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.
  2. Қазақ грамматикасы. – Астана: Елорда, 2002. – Б. 35-40.
  3. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009. -308 б.
  4. Жүнісбеков Ә., Бәйімбетова Ә. Дауыссыз дыбыстардың артикуляциялық базасы. //Қ.Жұбанов және қазақ тіл білімі. – Алматы: Ғылым, 1999. – Б. 216-220.
  5. Мырзабеков С. Қазақ тілі фонетикасы. –Алматы: Қазақ университеті. 2004. -247 б.

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий