0 комментариев

Бісмілләһір Рахманир Рахим!

Имам Мүслім, Ахмед және басқалар Айша анамыздан (р.а.) риуаят етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: “Мына он түрлі жеке тазалықты сақтау – мұртты бастыру, сақал қою, тісті мисуакпен тазалау, мұрынды сумен шаю, тырнақ алу, мұрын ішін жуу, қолтық түктерін жұлу, кіндік астындағы түктерді қыру, сумен шайыну, ауызды сумен тазалау – адамға тән тазалық тағлымына жатады”.
Хадисте келтірілген жеке гигиеналық талаптарға толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.

 

Атап айтқанда:
Хатна  – сүннет-муаккадаға жатады. Мұсылмандар үшін қалыптасқан дәстүр. Ер кісілердің сүндеттелуден бас тартуы дұрыс емес. Бұл тұрғыда пікір қайшылықтарына жол берілмейді. Хатнаны парыз деген ғұламалар да болған. Баланы балиғат жасына толмай тұрып неғұрлым ерте хатна еткен орынды. Бұл тұрғыда баланың жасы туралы бірыңғай пікір жоқ. Насранилер хатнаға қарсы. Хатна етілмегендерін мақтан тұтады және өз діндеріне берік болып қалғанның нышаны деп біледі;

 

Кіндік астындағы түктер – жыныс мүшелеріндегі және артқы тесік айналасындағы қылшықтар. Жыныс мүшелері мен зәр жолдарының гигиенасын сақтау үшін 40 күн сайын түктерден тазалап тұру әрбір ер және әйел адамға сүннет. Түктерді жұлуға да болады, бірақ қырып тазалаған абзал;

 

Қолтық түктерін жұлып тазалау әрбір ер және әйел адамға сүннет. Қолтық тершең, кіршең болып, қолаңсы иісті туындатады. Қолтық жүнін ұстарамен қырып тазалағаннан гөрі талдап жұлған тиімді. Жұлуды ауырсынған адам қырып тазаласа да болады;

 

Мұртты басу. Ғұламалардың пікірінше мұрт қою – мәкүрік, еріннің шеті көрінетіндей етіп басу – сүннет. Мұрт еріннің шетінен аспауы тиіс. Мұртты еріннен салбыратып өсіру кәпірлерге тән қасиет;

 

Сақал қою. Сақалды қырмай өсіру Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Мұсылмандардың бұл сүннетке амал еткендері құптарлық іс. Әсіресе ғұламалардың, шейхтардың, молдалардың, тақуалардың және сопылардың бұл сүннетке амал еткендері абзал;

 

Тырнақ алу – әрбір ер және әйел адамға сүннет. Тырнақты түрлі себептермен өсіріп жүру мәкүрік амалдардан болып табылады. Қолтық және кіндік астындағы түктер сияқты тырнақ та микробтар жиналатын орындарға жатады. Сондықтан оны өсірмей алып тастаған орынды;

 

Истинжа – үлкен дәретке отырғаннан кейін оның орнын кесекпен немесе дәрет қағазымен сүртіп, жылы сумен шаю. Ер кісілердің кіші дәрет сындырғандарынан кейін зәр жолдарын толықтай тазартуы үшін шамалы уақыт болса да ары-бері жүргендері жөн. Зәр жолдарының толықтай тазарғанына көз жеткізгеннен кейін сумен шаю – мұстахаб. Ал әйелдердің кіші дәреттен кейін сәл кідіріп тұрулары – кипая;

 

Буындарды жуу. Құлақ жарғақтарының ойықтарын, мұрын қуыстарын, кіндік шұқырын, көздің суағары мен қас-қабақ, т.б. шаң-тозаң жиі жиналатын жерлер буындар қатарына жатады. Тазалық гигиенасын сақтау мақсатында бұл орындарды мұқият жуу – сүннет;

 

Ауызды шаю. Адам денесінен бөлінетін жағымсыз иіс, әсіресе ауыз қуысынан шығатын сасық иіс қоршаған ортаға кері әсер етеді. Тістердің арасында қалып қойған тағам қалдықтарының шіруі, сарымсақ, жуа, көкөніс салаттары, түрлі дәмдеуіштер мен тұздықтардың, шылымның, насыбайдың жағымсыз иістері ауыз қуысынан, адам демінен сасық иістің шығуына себепші болады. Ауыз қуысы тазалығын сақтау мақсатында мисуак қолдану Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті. Бұл тұрғыда тіс щеткалары мен тіс пасталарын, басқа да химиялық құралдарды пайдалану тазалық гигиенасын арттыра түседі.

 

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий