0 комментариев

Баяғыда бір жолаушы келе жатып, сандық тауып алады. Ашып қараса, ішінде алтын тас жатыр. «Құдайым жоқ жерден берді ғой» деп шаттанған бейбақ алтынға қолын соза бергенде алтын тас үлкен жыланға айналып, өзіне тап береді.
– Ей, бейшара, не тапсаң да , өз сорыңнан көр. Сандықта жатып мың жыл бойына : «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен қаптаймын» – деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін: «Кім де кім құтқаратын болса, соны жұтамын» деп серт бердім. Сен кезіктің. Енді сертімді орындаймын, – дейді. Жолаушы шыр –пыр болып жалынса да, жылан көнбейді. Кенет отыз жолаушыны оның көзі шалады.
Қуанған жолаушы олардан араша сұрайды. Олар жыланнан қорқып:
– Бұл жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпес, – деп кетіп қалады. Жылан жақындай түседі. Бейбақ:
– Өлген жерім осы болды ғой ,- дей бергенде, тағы да бес кісінің сұлбасы көрінеді.
Жолаушы: «Құтқар!» – деп жалынады.
– Отыздың шамасы жетпегенде, бізден не күтесің? – деп олар да кетіп қалады.
Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір аласа бойлы адам келе қалады.
– Ей, жылан, мына бейбақтың не жазығы бар? – деп сұрайды. Жылан мән-жайды баяндап:
– Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда, сен не істей аласың?Жолыңнан қалма, – дейді. Аласа адам:
– Ей, жылан жазықсыз жанға жала жаппа. Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен, кішкене сандыққа қалай сыйдың? Көз көрмей, көңіл сенбейді,- дейді. Жылан бұлқан- талқан ашуланып:
– Сандықтан қалай шықсам, солай кіріп кетемін, – дейді де, түтінге айналып, жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді. Аласа адам сандықты тарс жауып:
– Жыланнан құтылдың. Енді жолыңнан қалма, – дейді. Жолаушы қуанып:
– Айлаңды асырдың, батыр. Қарыздармын. Жөніңді айт, кімсің?- дейді.
– Бұл жылан – орынсыз айтқан өз сөзің. Он пәленің тоғызы тілден. Орынсыз сөз иесін қабады. Ақылды адам тілін буады. Отыз кісі – ұстамаған оразаң, бес кісі – намазың. Құлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайыр болмады. Бірақ сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей – кепшіктерге садақа бердің. Мен – өзің пісіріп таратқан шелпекпін. Сені құтқаруға Құдай жіберді, – депті.
Жолаушының жеті шелпегі өзін бір апаттан құтқарған екен. Енді бір аңызда жеті шелпектің қауіп- қатерден сақтайтын шарапаты былай баяндалады.
Ертеде бір аңшы болыпты. Ол қыран құсты баулып, саятшылық құрады екен. Аңға шыққанда бірнеше күн жүріп, қанжығасы майланып оралып жүреді. Бір күні ол тағы да тауға кетуге әзірленеді. Құзар шыңға ұя салатын ақиық қыранның балапанын үйіне әкеліп баптауға ойлайды. Сапарға шығатын күні ұйқысынан шошып оянады. Бір бәлені жүрегі сезеді.Әйеліне :
– Мен аңға шыққан мезетте жеті шелпек таратып жібер, – деп тапсырады. Әйелі:
– Жарайды, айтқаның болсын, – деп, ері аттанған кезде жеті шелпек пісіріп, көршілеріне таратып жібереді. Жұрт: «Қабыл болсын!» – деп, күлше наннан дәм татысады.
Аңшы бұдан бұрын да бүркіттің балапанын алып кетеді екен. Қыран аңшының тағы келерін сезеді. Олжа іздеп кетер кезде ол балапанын тауға аманаттайды:
– Бөгде біреу ұяма тиісіп, балапанымды алып жатса, жартасты жаңғырықтырып хабар берерсің. Оны құздан лақтырып , көздерін ояйын, – дейді. Тау бүркіттің өтінішін қабыл алады.Біршама уақыттан соң , қыран ұяға келсе, балапаны жоқ. Ол аңшының алып кеткенін біліп, қатты налиды. Тауға:
– Саған хабар жеткіз деп едім ғой. Балапанымды неге беріп жібердің? – деп ренжиді. Тау:
– Мен саған хабар бергім келген. Бірақ , аңшы балапаныңды алып жатқанда жеті жағымнан басып, тырп еткізбеді. Қозғалуға мұршам болмады, – деп ақталыпты. Жеті күлшенің шарапаты алып тауды басып, аңшыны бір апаттан сақтапты.
«Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз осыдан қалған деседі.
Шелпектің жетеу болуы жайлы аңыз Оңтүстік Қазақстан өңірінде жақсы сақталған.
Қазығұртта өмір сүрген Ысқақ қожа есімді әулие кісі болыпты. Ол ел- жұртын адамгершілікке, арлылыққа, ізгілікке шақырып, зұлымдықтан тыйып отырады екен. Ысқақ қожа дүниеден өткенде, баласы Ысмайыл қожа әкесін жерлеп, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек пісіріп, халыққа таратыпты деседі. Бір күні одан біреу :
– Тақсыр, неліктен жеті күлше таратасыз? Бір күлше берсе болмай ма?- деп сұрапты.
– Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал , бір күлше өз қара басыңа ғана жетеді, – депті.
Садақаға таратылатын күлшенің жетеу болуында да осындай мән бар екен. Ғайса пайғамбар заманында да жеті шелпекке байланысты аңыз шыққан екен.
Бірде Ғайса уағыз-насихат айтып жүріп , бір ауылға жеткен екен.Ол ауылда диірмені бар бір кісі болыпты. Ол елдің бидайын тартып, ұн беретін. Бірақ оның бір қиянаты бар еді. Ол ұннан ұрлап алып қалатын. Ығыр болған халық Ғайсаға келіп:
– Ия, пайғамбар . Мына диірменші бізді тонап жатыр. Қанша ескертсек те, қиянатын қояр емес. Елде басқа диірмен жоқ. Бұл диірмен көпір сияқты жалпы жұрттың игілігі үшін салынған зат еді. Соны жеке басына пайдаланып, арамдықпен байып отыр. Сен дұға ет. Қиянатын қойсын. Қоймаса, Алланың қаһарына ұшырасын, – деп өтінеді.
Ғайса:
– Ия, Аллам, мына халықтың тілегін құп ала гөр, – дейді. Диірменші сол күні жолға жеті шелпек нан ала шыққан еді. Жолда оған жеті диуана ұшырасып:
– Ей, қайырымды жан, жәрдем ет. Ашпыз. Үш күннен бері нәр сызған жоқпыз,- депті.
Диірмен көңілі босап, жеті шелпегін шығарып:
– Алыңыздар, – дейді. Диуаналар оған риза болып:
– Алла Тағала пәле- жаладан сақтасын, – деп бата береді.
Диірменші шаруасын біткен соң, үйіне қайтады. Оның көңілді оралғанын көрген Ғайса:
– Бүгін қандай қайырлы іс жасадың? – деп сұрайды. Ол :
– Жолда жеті диуана кездескен. Тамақ сұрады. Әйелім пісірген жеті шелпек бар еді. Бәрін сол пақыр жандарға бере салдым, – дейді. Ғайса:
– Қоржыныңды ашшы , – дейді.
Қараса, қоржында жеті жерінен бөлініп қалған жуан қара жылан жатыр екен. Ғайса өлген жыланды диірменшіге көрсетіп:
– Сенің жұртқа істеген қиянатың үшін Алла саған зауал жіберді. Қара шұбар жылан сені шағып өлтірмек еді. Бірақ сен дәрушілерге садақа беріп, бір пәледен аман қалдың. Жеті шелпек жыланды жеті жерден кесіп өтіпті. Енді жамандықтан тыйыл.Қиянат жасама, – дейді. Содан бастап диірменші арам әрекетін доғарып, жеті шелпек пісіріп, садақа таратуды әдетке айналдырыпты.
Жеті шелпек таратып, сауабын әруаққа бағыштау туралы «Қиямет ахуалы» деген көне кітапта да баяндалады. Кітапта: Басқа күні, бір жұманың таңында – ай,
Әруақтар Хақ ізнімен келер мұнда – ай,
Дүниеде мекен еткен үйлерінің
Ішкергі есігіне барып тұрғай.
Айтады өз лебізін қылып нала,
«Садақа үзім нанды бергін маған
Бұл күнде баршасына мұқтажым бар,
Дұғадан мені елеусіз тастамаңдар» ,- деген үзінділер бар. Насафидің «Мауази» деген кітабында «Бейсенбі мен жұма күндері жеті күлше таратқанның сауабы мол» деп жазған.

Садақаның пайдасы.
Ертеде бір жігіт бай болуды армандапты. Ол бір данышпанға барып:
– Менің бай, дәулетті болғым келеді. Не кеңес бересіз?
– Байлықты не істейсің. Онан да ақиретте керек байлық берейін, – дейді. Жігіт қоймайды. Данышпан.
– Қазір ғана бір бай дүние салып еді. Жұрт соған қабір қазып жатыр. Сол көрге бір сағат түсіп шықсаң, байдың бар байлығын саған алып берейін, – дейді. Жігіт қуанып кетіп, шартына келіседі. Данышпан:
– Қорықпайсың ба?- деп сұрайды. Жігіт:
– Ат басындай алтын берсең болды. Бір сағат емес, бір күн жатып шығамын,- дейді.
Данышпан жігітті қазылып жатқан көрге әкеледі. Оны лақатқа кіргізіп, аузын мықтап бекітеді. Сәлден кейін жігіттің шыңғырған даусы шығады. Жұрт қабірді ашқанда жігіт «ойбайлап» атып шығады. Оны данышпан әзер тоқтатып:
– Ей, не болды? – дейді. Жігіттің өңі қашып,түрі бозарып кеткен екен.
– Алтыны да құрысын, байлығы да құрысын! Көрде көрген азабымды, тартқан машақатымды ауызбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді.
– Не көрдің?- дейді данышпан.
– Көрге түскенім сол еді, жаным көзіме көрінді. Қаптаған құрт- құмырсқа, жәндік атаулы жабылып, тәнімді шаға бастады. Кенет көктен бір Қарыш атты жылан атылып келіп, кеудемді қонды. Айыр тілін шығарып, шақпақ болды. Бұрын жолда келе жатып, жол шетінде отырған қайыршыға бір үзім нанды беріп едім. Сол нан Құдайдың құдіретімен пайда бола кетіп, жыланға қалқан болды. Қарыш нанға бата алмай, кетіп қалды, – дейді кемсеңдеп, Данышпан:
– Енді не істейін. Ат басындай алтын берейін бе, баюдың жолын көрсетейін бе?- деп сұрайды. Жігіт әлі есін жимаған күйі:
– Маған тек қайырымдылық жасауды үйретіңіз, денім сау болса, малды өзім-ақ табам, – депті.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий