0 комментариев

Қимылды, әрекетті және осы  әрекет пен оны жүзеге  асырушы арасындағы қатынасты білдіретін етістік түрін ЕТІС деп атайды. Әрекет пен оны жүзеге асырушыны ғылым тілінде  объект пен субъект деп те алады. Мысалы: Балаларға тез тапқызып алды. Алмагүл апасымен сөйлесті.

Етістің түрлері:

Өздік етіс

Ортақ етіс

Ырықсыз етіс

Өзгелік етіс

Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте етіс қимыл, іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы (семантикалық-синтаксистік сипаты) әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.

Өздік етіс қимыл, іс-әрекеттің орындаушысына (иесіне), субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын,-ін, -н қосымшасы қосылып жасалады: ки-ки-ін-ді, тазала-тазала-н-ды, көр-(дәрігерге) көр-ін-ді, шеш-шеш-ін-ді, тара-тара-н-ды, сұра-сұра-н-ды, сүрт-сүрт-ін-ді т.б.Сонымен бірге өздік етіс көрсеткішіне құранды (күрделі) қосымша -лан,-лен, -дан,-ден, -тан,-тен, де жатқызылады: ой-лан, намыс-тан т.б. Бұл құранды қосымша сөзжасам -ла, -ле, -да, -де, -та, -те қосымшасы мен өздік етіс -н қосымшаларынан құралғанын көру қиын емес.

Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура обьектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден -ыл -іл, -л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын, -ін, -н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтамыз. Мысалы, кітап оқы-л-ды, үй тазала-н-ды, астық жина-л-ды, сөз сөйле-н-ді, хат жаз-ыл-ды т.б. оқу қимылының, іс-әрекетінің тура объектісі – кітап, тазалаудың тура объектісі – үй, жинаудың тура объектісі – астық, сөйлеудің тура объектісі – сөз, жазудың тура объектісі – хат, ал ырықсыз етіс қосымшасы (-л, -н, -ыл) жалғану арқылы, біріншіден, оқу, тазалау, жинау, сөйлеу, жазу іс-әрекеттері өздігінен болғандай, көрсетілген тура объектілері бұл сөйлемшелерде грамматикалық бастауыш қызметін атқарып тұр, соның арқасында, екіншіден, ырықсыз етіс тұлғалы етістіктер салт етістік болып тұр, яғни ырықсыз етіс қосымшалары сабақты етістікке жалғанып, оны (сабақты етістікті) салт етістікке айналдырып тұр.

Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті (ол екінші субъекті, қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенсдеп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып, табылады.

Ортақ етіс қимыл, іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс, -іс -сқосымшасы арқылы жасалады. Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей де емес болуы мүмкін (субъект көптік тұлғадағы бір зат атауы, немесе бірыңғай бастауыштар, немесе біреуі грамматикалық субъект те, екіншісі -грамматикалық жанама объекті болуы мүмкін т.б.,екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғанып, ортақ етіс жасай береді: олар хат жаз-ыс-ып тұрады, қонақтар жайғасып отыр-ыс-ты, ол бізге үй сал-ыс-ты т.б.

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий