0 комментариев

ОДАҒАЙ СӨЗДЕР заттар мен құбылыстар, қимыл, әрекет немесе олардың түрлі белгілері  жайында ұғым, мағына бермейді. Атауыш сөздерге тән лексикалық мағына белгілі бір сөзге негіз болмағандықтан, одағайлар сөйлемде сөйлем мүшесінің қызметін атқармайды. Одағайлар шылау сөздерге де ұқсамайды.  Шылау сөздер сөйлемде атауыш сөздерге түрлі мағыналық реңк үстеп немесе оларды  бір-бірімен байланыстырса ондай қызмет жоқ.

Одағай – толық мағынасы болмайтын, адамның түрлі көңіл күйін білдіретін және жан-жануарларға қаратылып айтылатын сөздер.

Одағайға тән негізгі белгілер:

1. Лексикалық мағынасы болмайды;

2. Сөйлемдегі басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді;

3. Сөйлем мүшесінің қызметін атқара алмайды.

 

Одағайдың үш түрі бар: 1) көңіл күй одағайлары; 2) жекіру одағайлары; 3) шақыру одағайлары.

 

1. Көңіл күй одағайлары шаттану, таңырқау, ренжу, өкіну, қуану мәнінде қолданылады: пәлі, алақай, пай-пай, уһ, әттеген-ай, қап.

2. Жекіру одағайлары тыйым салу, жекіру мәнінде айтылады: тәйт, тек, жә.

3.Шақыру одағайлары хайуанаттарды, жан-жануарларды қуу, шақыру мәнінде жұмсалады. Жылқыға қатысты құрау-құрау, моһ-моһ; сиырға қатысты ауһау-ауһау, әукім-әукім; қойға қатысты пұшайт-пұшайт; түйеге қатысты көс-көс; ешкіге қатысты шөре-шөре; итке қатысты кә-кә, айтақ-айтақ; мысыққа қатысты пырс, т.б. одағайлар қолданылады.

 

Одағай сөйлем басында да, ортасында да, соңында да кездеседі. Соған байланысты одағайға қойылатын тыныс белгілер төмендегідей:

1. Одағай сөйлем басында келсе, одағайдан кейін үтір қойылады. Мысалы, Пай-пай, туған жер қандай ыстық! Құрау-құрау, кер бесті!

2. Одағай сөйлемнің ортасында келсе, одағайдың екі жағынан да үтір қойылады.Мысалы, Далаға шықсам, ойпырай, батыс жақ от болып жанып жатқандай…

3. Одағай сөйлемнің соңында келсе, алдынан үтір қойылады. Мысалы: Осы алған бетіңнен танба, бәрекелді! Көз жасыңды көрсетпе, тәйт!

4. Кейбір жағдайда одағай қатысқан сөйлем соңына леп белгісі қойылады. Мысалы:

Қазақстан! Пай, пай, пай, ардағым-ай!

Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.

5. Қайталанып айтылған одағайлар дефис арқылы жазылады. Мысалы, Паһ-паһ! Сөз деп осыны айт!

Изменен статус публикации
Добавить комментарий