0 комментариев

Сөйлем-сөздердің лексика- грамматикалық байланысынан тұратын, біршама тиянақты ойды білдіретін, белгілі бір интонациямен ерекшеленетін синтаксистік құрылым.

Сөйлем. Сөйлем түрлері: хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлемдер, тыныс белгісі

Сөйлем дегеніміз – әр алуан сөздердің өзара тіркесіп келіп, тиянақталған ойды білдіруі. Олардың құрамы да түрлі болады. Сөйлемді жеке сөз немесе сөз тіркестері құрайды.

Сөйлем болу үшін, оның грамматикалық негізі, яғни тұрлаулы мүшелері болу керек.

Сөйлем құрамына қарай жай сөйлем және құрмалас сөйлем болып бөлінеді. Жай сөйлемде бастауыш та, баяндауыш та біреу болып, тиянақталған бір ғана ойды білдіреді. Мысалы, Тілек пен Әлішер аулада ойнап жүр. Ал құрмалас сөйлем күрделі ойды білдіреді. Мысалы, Күз айы басталып, жер бетін сары ала жапырақ жапты. Сөйлем интонациясына, айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлем болып төртке бөлінеді.

Белгілі бір оқиға, құбылыс, іс-әрекет туралы хабарлау, баяндау, суреттеу мақсатында айтылған сөйлем хабарлы сөйлем деп аталады.

Хабарлы сөйлемге тән негізгі белгілер: 1) хабарлау, баяндау, суреттеу мақсатында айтылады; 2) белгілі бір шаққа қатысты болады (өткен шақ, осы шақ, келер шақ); 3) айтушының іс-әрекетке көзқарасын, ой-пікірін білдіреді; 4) хабарлы сөйлемде дауыс ырғағы бірте-бірте көтеріліп, соңына қарай бәсеңдейді; 5) хабарлы сөйлемнен соң нүкте қойылады.

Бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылған сөйлем сұраулы сөйлем деп аталады.

Сұраулы сөйлемге тән негізгі белгілер: 1) бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылады; 2) сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше (мы, мі, бы, бі, пы, пі, ші) сұраулық демеулік шылауларының қатысуымен жасалады; 3) сұраулы сөйлемнің өзіне тән интонациясы болады: бас жағы көтеріңкі айтылып, соңғы жағы бәсеңдемей, көтеріңкі қалыппен аяқталады; 4) сұраулы сөйлемнен соң сұрау белгісі қойылады.

Сұраулы сөйлемдер негізгі сұрақты, жетек сұрақты, анықтауыш сұрақты болып бөлінеді.

Негізгі сұрақты сұраулы сөйлем – бір нәрсе, оқиға, іс туралы мәлімет алу үшін қойылған бастапқы сұрақты сөйлем. Мысалы: Бізбен бірге саяхатқа барасың ба? Қазақтың қандай ұлттық аспаптарын білесің? Балаңыз мектепті қашан бітірген? Бұл сөзбен не айтпақсыз?

Негізгі сұрақ сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше шылауларының қатысуымен жасалады.

Жетек сұрақты сұраулы сөйлем – негізгі сұраққа жауап алу үстінде қосымша туған ойға байланысты сөйлем. Мысалы:
– Іссапарға кімдер барады?
– Жас қызметкерлер барады.
– Біздер ше?

Жетек сұрақты сөйлем толымсыз болып құралады, көбіне тек сұрақ мағыналы сөзден ғана тұрады. Жетек сұрақ ше шылауының қатысуымен жасалады.

Анықтауыш сұрақты сөйлем – екінші жақтың сөзін анықтап алу үшін қойылған сұрақты сөйлем. Мысалы:
– Бұл ойды кім айтты?
– Тілек айтты.
– Тілек?
– Иә, Тілек.
Айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатында айтылған сөйлем лепті сөйлем деп аталады.

Лепті сөйлемге тән негізгі белгілер: 1) айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатында айтылады: күйіну, таңдану, өкіну, сұқтану, сүйсіну, қорқу, қуану, қапалану, наразылық білдіргенде, т. б. 2) лепті сөйлем ерекше эмоциямен, сезіммен айтылады.

Лепті сөйлемнің жасалу жолдары:

1) сөйлемнің етістік формалары арқылы. Мысалы: Көзі мұндай өткір болар ма!

2) сөйлемге -ақ, -ау, ғой, -ай шылауларының қатысуымен жасалады. Мысалы: Балам, қонақтарға бір күй тартып бере ғой! Қарағым-ай, қатты тоңып қалыпсың-ау!

3) көңіл күйді білдіретін одағай сөздердің қатысуымен жасалады. Мысалы: Пай-пай, дауыс деп осыны айт! Уһ, жеттім ғой ақыры!

4) Лепті сөйлемдерден соң леп белгісі қойылады
Біреуге бұйыру не талап ету мақсатында айтылған сөйлем бұйрықты сөйлем деп аталады.

Бұйрықты сөйлемге тән негізгі белгілер:
1) біреуге бұйыру, талап ету мақсатында айтылады; 2) бұйрықты сөйлем етістіктің бұйрық райының 2, 3-жағында айтылады; 3) бұйрық не шартты райға -шы, -ші жұрнағының жалғануы арқылы жасалады;
4) бұйрықты сөйлемнен соң нүкте немесе леп белгісі қойылады.

Лепті сөйлемді табыңыз.
Одағай сөз қатысқан лепті сөйлемді көрсетіңіз.
Сұраулы сөйлем болатын қатарды табыңыз.
Сұраулы сөйлем жасайтын қатарды белгілеңіз.
Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрін көрсетіңіз.
Хабарлы сөйлемді табыңыз.
Қай сөздер лепті сөйлем жасауға қатысатынын көрсетіңіз.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий