0 комментариев

Бауырларым

Бауырларым, менің жан бауырларым,

Бір ошақта, бірге өскен, бір ұяда.
Бөлек өмір, бөлекше тағдырларың,
Бөлек ғұмыр кешеміз әр қияда.

Бұл күндері тірлік те, жәй да бөтен,
Жүздесуді- хат-хабар алмастырған…
Сағыныштың салмағы қиын екен,
Арамызды телефон жалғастырған.

Тәтті шақтар түседі кіл есіме,
Бірге отырған басында дастарқанның.
Әкеміздің таласып тізесіне,
Анамыздың қаужаған таба нанын.
Асық ойнап, біріміз кітап оқып,
Қаумалаушы-ек, жарығын білте шамның…

Жылдар өтті, біз өстік, ұштық түлеп,
Бауырлардың сиреді қатарлары…
Сағынады елжіреп ыстық жүрек,
Туғаныңды таусылған татар дәмі…

Бауырлармен дін-аман өмір сүру-
Біле-білсең,қонғаны маңдайға бақ!
Бірге тумақ болғанмен, бірге жүру,
Жоқ екенін дәл айтқан атам қазақ!

Ес жинап, етек жапқан кезде есейіп,
Сендерді жиі-жиі сағынамын.
Амандықпен әрқашан кездесейік,
Бауырларым, менің жан бауырларым! Меңдігүл Темірғалиева

 

Ағайын

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай, айналып, жақтайтын да ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.
Жаман атақ бойыңа тақпайтын да ағайын,
Тарыққанда рақым ғып, сақтайтын да ағайын.
Сабыры қалмай сағынып, жүретін де ағайын,
Есіне алып, елжірей білетін де ағайын.
Мақтағанда мамыққа бөлейтін де ағайын,
Алаңсыз сұрап алыстан жөнейтін де ағайын.
Сылдыр сөзбен сыбырлап, ерітетін де ағайын,
Ұйықтап жатқан жыланды түртетін де ағайын.
Айтқаныңа қалтқысыз сенетін де ағайын,
Аяқ тайса, алдымен көретін де ағайын.
Маңлайдағы күніңді жоқтайтын да ағайын,
Басыңдағы бағыңа тоқтайтын да ағайын.
Жаяу жүріп аттыға ұқсайтын да ағайын,
Адал айтқан ақылды ұқпайтын да ағайын.
Адасқанда аттарын беретін де ағайын,
Кем-кетікті көл қылып теретін де ағайын.
Туысқансып түрлі істі білетін де ағайын,
Қылға тізіп қимылды, күлетін де ағайын.
Жолы болып жортқанда, еретін де ағайын,
Еріксіз ұстап қолыңнан, беретін де ағайын.
Жан қысылса, жатырқап, үркетін де ағайын,
Көлгірсініп көз жасын сүртетін де ағайын.
Толып жатыр түрлі сөз, қайсы бірін жазайын?!
Әуел баста аңдамай ,тартып жүрме сазайын!
Түсінсе түйткіл сөзімді, улы тілмен шағайми,
Өскен ордам жамандап, жақсыны қайдан тиіп
Өкпелерге орын жоқ, қараңғы еді маңайым,
Өлмеген құл көреді-ау өзгерістің талайын

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ағайын, бейнет шексең

Ағайын, бейнет шексең-
Тағдыр,-десті,
Көрінбей жаулап алды,
Сыбыр, Есті.
Тәңірді терістеген,
Біздің дәуір
Жетпіс жыл,
Насихатпен ғұмыр кешті.
Орны тұр,
Ар, Ұяттың, көзі қайда?!
Кеткен-сын,
Көрген жан жоқ,
Сөзі майда.
Адамдар,
Адамды алдап күн батырды.
Таң атты,
Жылуымен асырай ма?!
Пенделер,
Дәтке қуат тұлғаланды,
Көңілге медет сұрап,
Құр қалмады.
Не бір ғажап,
Қаруды ойлап тапты
Бір өзі, көшірердей бұл ғаламды.
Бас жазудан,
Тас қазу-оңайлады,
Түн сырғып,
Таң алдынан арайлады.
Екеу болса
Жалғыз мал қорасында
Пенденің,
Желкілдейді ақ айдары. Бақыткерей Ысқақ

Ағайынның азғандығы

Өмірде неше түрлі уды іштім,
Неше түрлі азапқа, жаным, түстің.
Ағайынның ішінен ала шықса,
Жау ішінде бар ма екен сонан күштің.

Күндейді, бәлен дейді көре алмайды,
Мен кірген қауымға олар ене алмайды.
Ертең жаны шығатын шұбар жылан,
Соңыма жылдан артық ере алмайды.

Қара көңіл адалға сене алмайды,
Ақты қара қашан да жеңе алмайды.
Өмір бойы тілеген бір тілегін,
Махмұт бүгін жауына бере алмайды.

Бұл жолда керек емес жанды аяу,
Ол онша ұзақ емес тұр ғой таяу.
Ұлы кеуде ышқынып жан берсе де,
Шынашақта қозғалған қанды қой-ау.

Мен соған сөзсіз әлі-ақ жетем деймін,
Шын досыммен қосылып кетем деймін.
Өткен күнді тек қана әңгіме қып,
Қалған күнде бақытпен өтем деймін.

Ол ойым кешікпей-ақ болуы анық,
Көзім жетті сәулесі күннен жарық.
Шын өмір, шын әділдік сол күнде орнап,
Мен секілді қуанар миллион халық.

Сол кезде сөйлесерміз қаймықпастан,
Көз жыпықтап ет жүрек шайлықпастан.
Өткен күнгі сұрқия сұр жыланды,
Сөз қылып шығарармыз талай дастан.

Кейінгі жас балалар оқып көрер,
Кейде жылап, кей кезде сақ-сақ күлер.
Кім адам, кім айуандық істегенін,
Кімнің дос, кімнің қасын анық білер.

Сонда олар сын көзімен әділ қарар,
Ел жауы кім екенін дәлдеп табар.
Сол жаудың ұрым-бұтақ тұқымына,
Аямай әділет заң балта шабар.

Арманым сол өмірді көрсем екен,
Соған дейін адам боп жүрсем екен.
Өмір бойы тілеген осы тілек,
Сарғайтып сағындырмай келсең екен. Сұлтанмахмұт Торайғыров

Изменен статус публикации
Добавить комментарий