0 комментариев
Бір күні әкеп, ақ мамам
Сыйлады бір ат маған.
Ешкім іздеп таппаған,
Ешкім мініп шаппаған.
 
Қолыма бір түсті ме
Құстай ұшар арғымақ!
Арғымақтың үстіне
Мініп алдым қарғып-ақ.
 
Арғымағым со бойда
Ұшты зулап қыр жаққа.
Қалың орман, тоғайлар
Қалып жатты бір жақта.
 
Асқар таулар шықты алдан
Аспанменен таласып…
Сонау-сонау бұлттардан
Кетер едім әрі асып…
 
Кетер едім әрі асып,
Арғымақпен көсіле,
Осы кезде мамашым
Түсіп кетті есіме.
 
Қалмады енді төзім де,
Жетіп келдім үш аттап…
Жатыр екем өзім де,
Мамашымды құшақтап.
Изменен статус публикации
Добавить комментарий