Баяғыда біреу той жасапты, тойға көп кісі жиналыпты, Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман екен. Қожанасырды ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш», – демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді, ет келгенде:
– Қожеке, алыңыз, алыңыз! – деп, қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:
– Же, шапаным, же! – деп, отыра береді.
Үй иесі:
– Сіздің бұ не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? – дейді.
Сонда Қожа:
– Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным! – деп, жауап береді.
Redactor Изменен статус публикации