0 комментариев
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Кұйрығымен шылпылдап,
Арасында кұлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,
Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жок,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.
  Жазда
«Көлім, көлім көлім» деп,
Қаз да келді маймаңдап.
«Шомыл, шомыл, шомыл» деп,
Жаз да келді жайраңдап.
 
Көлеңкеге тығылып,
Қалжырайды күшігім.
Күн көзіне бұйығып,
Маужырайды мысығым.
 
Өзен — көлдің жағасы
Гүлден ою ойғандай.
Тырналарға қарашы:
Жіпке тізіп қойғандай.
 
Алг жүріңдер, балалар,
Қырға шығып көрейік.
Қызғалдақты терейік,
Құшақтап ап келейік.
   Жаз
Жаз келіпті дегенше,
Алма пісті дегейсің.
Бағымызда, ендеше,
Алма теру көбейсін.
 
Жаз келіпті дегенше,
Қарбыз пісті егейсің.
Бақшамызда, ендеше,
Қауын-қарбыз көбейсін.
 
Жаз келіпті дегенше,
Жайлау бардық дегейсің.
Жайлаудағы, ендеше,
Қой-қозылар көбейсін.
   Жазғытұры
Су ақты, жетті сәуір қырдан ойға, 
Секіріп арық-тұрақ кетті тойға 
Жас бала: «Жазғытұры туды»,-десіп 
Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да 
Қуанып жан – жануар, алшаң басып 
Қалмады қайғы-уайым ешбір ойда 
Нұрлы Күн алтын нұрын шаша бастап 
Шықсын деп қысқы ызғар өткен бойға. 
 
Су ақса, тау жаңғырар сылдыр қағып 
Дәл сұлу бұрандаған шолпы тағып. 
Түрлі үнмен жаңа келген жылдың құсы 
Тұрғандай қобыз ойнап, әнге салып 
Ұлы бай жылқы қамап, қыл күзетер 
Белсенген жылқышыға ноқталатып 
Балалар етек түріп, зыр жүгірер 
Батпаққа бірін-бірі домалатып 
Қырдағы жылқышылар ұйқы көрмес 
Қолынан қулық бие құлындатып 
 
Май кірді, жер құлпырды, гүлдер жайнап 
Жібектей көкорайлар жатқан жайрап 
Сұлудай бұрандаған бұтақтарда 
Ән салып әр түрлі құс тұрған сайрап 
Суықтан тоңып өлген шыбын-шіркей 
Тіріліп, қанат қағып, быж-быж қайнап 
Аспанда күн күркіреп, от жарқылдап 
Жылы жел қара бұлтты тербеп айдап 
Уызға жаңа тойған жас құлынды 
Шыңғыртып, жылқышылар ұстап, байлап 
Азырақ күйлі шыққан қысыр тайын 
Балалар шапқыласқан, мініп жайдақ 
Қыс қысқан арық-тұрақ, жаман-жәутік 
Кетті ғой әлдеқашан тырақайлап 
Жаратқан жанға рахат жазгытұрды 
Шүкір қыл бір аллаға «Я, құдайлап». 
Изменен статус публикации
Добавить комментарий