0 комментариев

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». 1723 жылы қазақ халқының есінде қасіретті қайғыға толы ең ауыр жыл есебінде қалды. Ел қонысынан, мал-мүлкінен айырылды. Ұлан-байтақ қазақ жерінің күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай шұбырған сан мыңдаған халықтың көбі жол- жөнекей ит пен құсқа жем болды. Осылайша қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған жойқын апат басталды. Шұбырған елдің қанды жасынан туған әйгілі «Елім-ай» әні дүниеге келді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Мына қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында қазақ халқының алдында өзінің болашағы туралы өзекті мәселе тұрды. Жоңғарлар 1723 жылы қазақ жеріне 70-80 мың әскермен, жеті бағытта шабуыл жасаған болатын. Патша үкіметінің жансызы Д.Гладышев жоңғарларда түйемен тасып жүретін үш мың зеңбірек барын жазды. Жоңғар әскерінде 400-ге жуық орыс офицерлері мен солдаттары болды. Оның үстіне 1723 жылы қазақ жерінде күшті жұт болды. Қазақтар оны «Қайың сауған ақ тышқан жылы» дейді. Жұттан әлсіреген қазақ ауылдарына шабуыл жасау уақытын жоңғарлар дәл таңдап алған болатын.
Жұтап отырған қазақ халқы жан-жақтан төнген қысымға төтеп бере алмады. Осы оқиғаны Шәкәрім өзінің «Қалқаман–Мамыр» дастанында былай бейнелеген:
Бұл соғыста қазақты қалмақ алды,
Үш есенің екеуін қырып салды.
Тұра алмай жеңілген соң Сыр бойында,
Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.
Осы жол – бар қазаққа белгілі жол,
«Ақтабан шұбырынды» дегені сол.
Жаяу жүріп, табаны аппақ болып,
Қазақтың қорлық көріп шұбырғаны ол.

Алайда осы бір ауыр апат, сұрапыл қырғын ержүрек елдің еңсесін түсіре алмады. Қазақ халқы ақтық демі біткенше жаумен айқасуға бел буды.
Дәл осы тарихи кезеңде қазақ халқына құрып кету қаупі төнді. Ел басына ауыр күн туды. Бейбіт халық егілді. Жазықсыз жандардың қаны төгілді. Халық дағдарды. Қазақ халқы бірліктің керегін түсінді. Сол кездің өзінде қазақ ішінде суырыла сөйлейтін шешендер, топты бастар көсемдер, ту ұстайтын батырлар, елді ерлікке шақыратын жыршылар көп болды. Бірақ, осылардың басын біріктіріп, басшылық ететін қайраткер- көсем керек еді.

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий