0 комментариев

Қарақұмдағы құрылтай. XVIIІ ғасырдың басында жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы күшейе түсті. Осыған байланысты қазақ жүздері өкілдерінің бас қосуы қажет болды. Сөйтіп, 1710 жылы Қарақұмдағы қаракесек руы жайлаған аймақта қазақ сұлтандарының, билерінің, рубасыларының құрылтайы шақырылады.
Онда негізінен, Жоңғар хандығымен қарым-қатынас мәселесі қаралды. Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, тама Есет бастаған атақты батырлар жеке ру, тайпаның ғана емес, бүкіл үш жүздің қолын жасақтау қажеттігін алға тартты. Пікір екіге бөлінді. Жоңғар мемлекетінің күшті әрі соғыс тәжірибесінің мол екенін ескере келе, жоңғарларға бағынған дұрыс, халқымыз шапқыншылықтан әбден қалжырады дегендер де болды. Мұндай пікірді қолдаушылар көбейе бастады. Шешуші кезеңде ортаға шыққан Бөгенбай батыр қылышын қынабынан суырып алып, ақсақалдардың алдына тастап: «Біз жаудан кек алуымыз керек, жеңеміз немесе қолға қару ұстап, шайқаста ақ өліммен өлеміз, қарттарымыздың, әйелдеріміздің, балаларымыздың зар-мұңы мен көз жасын көріп тірі жүре алмаймыз…» – деді. Бұл сөздер жоңғар мәселесіне қойылған нүкте болды. Ақырында, шапқыншылармен қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз деген шешім қабылданды. Шайқастың жаңа жоспары жасалынды. Бөгенбай бүкіл қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Оның ақылшысы Тәуке хан еді.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий