0 комментариев

Аңырақай шайқасы. ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарының соңындағы қазақтардың жоңғарларды талқандаған тамаша жеңістеріне жау елінің өз ішіндегі күрделі жағдайлары да себепші болды. Сонымен бірге 1717 жылы Жоңғарияның өз ішінде бұрқ ете қалған қырқыстар мен жоңғар-цин соғысының басталуы да әсер етті. 1729 жылы хан тағынан үміткерлер мемлекет мүддесін естен шығарып, жоғары өкімет билігін мұралану үшін жанжалдасты. Жоңғар хандығы Цин империясы тарапынан жасалған шабуылға ұшырады да, ойрат нояндарына өз жасақтарын тез арада батысқа жеткізуге турал келді.
Баяғыдан атысып-шабысып жүрген ата жауына тағы бір күйрете соққы беруді көздеген қазақтар Жоңғарияда басталып кеткен өзара талас-тартысты пайдаланып қалуға тырысты. 1729 (кей тарихшылардың айтуынша 1730 жылы) жылы Балқаштың оңтүстік шығыс жағында, Алакөл мен Итішпес көлінің аралығында Аңырақай деген жерде ең ірі шайқас болды.
Қазақ жасақтарын ұрысқа Бөгенбай, Қабанбай және Райымбек батырлар бастап кірді. Алдыңғы шайқастардағы сияқты, қазақтар бұл жолы да ұрыс қимылдарын жүргізудің дәстүрлі далалық тактикасын қолданды. Жауынгерлердің шағын тобы жоңғарлардың қарсы алдынан шыға келіп, қазақ қолының қатарын аз сияқты көрсетуге тырысты. Сонан соң кейін қарай қаша ұрысып, дұшпанды еліктіре ішке сұғындырып жіберді, сол кезде қазақ жасақтарының басты бөлімшелері қос қанаттан лап қойып, қансырата соқты. Аңырақай шайқасы жоңғарлар үшін шешуші шайқас болды.
30-жылдардан бастап жоңғарлармен болған шайқастардың бәріне қатысып, асқан ерлік көрсеткен, ақылды әрі тамаша қолбасшы ретінде көзге түскен Абылай Орта жүздің билеушісі әрі бүкіл қазақтың ханы болып саналды. Қазақ халқының мүддесі үшін ол көрші мемлекеттер арасындағы, әсіресе, олардың өз ішіндегі алауыздықты қалт жібермей пайдалана білді және жауларының өзара қырқысуларын одан ары өршітуге ықпал етті. Мұның бәрі қазақ елінің сыртқы қауіпсіздігін нығайтып, ежелгі жауының күшін әлсіретуге көмектесті.
ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарында жоңғар шонжарлары арасындағы өршіген алауыздықты пайдаланған Абылай жоңғарлардың ішкі ісіне араласып, үкімет билігіне таласқан шонжарлардың біресе ол жағын, біресе бұл жағын қолдап, талас-тартысты ушықтырды, сөйтіп, оларды әлсіретті. Осының нәтижесінде бұрын жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін қайтарып алды. 1745-1755 жылдар аралығында жоңғар шонжарлары хан тағы үшін өзара соғысып, әбден әлсіреді. Осыдан кейін 1757-1758 жылдары жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы біржола тоқтады. Оған себеп-жоңғар тайпалары арасындағы бір- бірімен қырқысқан билік үшін талас, осы жағдайды Пекин сарайының пайдалануы, бұрынғы жоңғар мемлекеті иелігінің Цин мемлекетінің меншігі деп жариялануы. 1758 жылы Жоңғария толық талқандалып, халқының оннан төрт бөлігі аурудан, қайыршылықтан қырылды, оннан екі бөлігі Ресейге қашты, оннан үш бөлігі Цин әскерлерінің қолынан қаза болды, бірқатары қазақ жерін басып өтіп, Еділдің бойындағы қандастары – қалмақтарға жетуге тырысты. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарындағы қайғы- қасірет үшін өш алуға тырысқан қазақтар оларға шабуылды үдетіп, берекесін кетірді. Сонымен 1758 жылы Жоңғария дербес ел ретінде тарихи сахнадан жоғалды. Бұрынғы жоңғар жерінде кейіннен 1761 жылы империялық әкімшілік бірлестігі- Шыңжаң (жаңа шекара) құрылды.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий