0 комментариев

Саясаткер,  көріпкер, әулие, бала кезінен алғырлығымен көзге түскен. 33 рет жорыққа қатысып оның 77 ауыр жараланған Райымбек батыр туралы ақпаратты  kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Райымбек батыр 1705 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген. Албанның ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан тарайды. Атақты көкжал Хангелді батырдың немересі.

Хангелді XVIII ғасырдың І жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шыққан. Оны 1733 жылы Төле мен Қодар билер, Сатай мен Бөлек батырлар ақылдаса келе, Ұлы жүз атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші етіп жіберген. Міне, осындай атақты атасынан сабақ алған Райымбек 17 жасында садақ атуға, қылыштасуға, күресуге әбден машықтанған жас сарбаз болады.

15 жастан ол жоңғарларға қарсы жорықтарға қатыса бастайды. Өзінің күреске толы өмірінің 33 жылын соғысқа арнап, 77 рет ауыр жарақат алған.

Ешбір дұшпанына бой алдыртпайтын Райымбек туралы аңыз көп. Оны қазаққа қиын кезде жіберген Алланың ерекше адамы – әулиеге де балайды. Өйткені ол ешбір дұшпанынан жеңіліп көрмеген. Барлық жорықтан, соғыстан аман келген көзсіз батыр. Тіпті, оның қарсылас дұшпанының көзін байлайтын ерекше қасиеті болған деген де сөз бар ел арасында. Осындай тылсым қасиеттің Алматы қаласының ортасындағы зиратында да байқалыпты.

Райымбек көшесінің бұрын бос жатқан жерлердің бірінде кішігірім төбешік болыпты. Ол батырдың жатқан жері екен. Аңызға сенсек, батыр “өлген соң, менің денемді түйенің үстіне салыңдар, түйе қай жерге шөксе, сол араға жерлеңдер” деген екен. Түйе осы жерге шөккен. Бірақ қала басшылығы мұндағы төбешіктерді трактормен тегістеп, құрылыс жүргізуді жоспарлайды.

Құрылыс бригадасы келеді. Мұны байқаған қариялар оларға жақындап келіп: “Мына тұрған төбеге тиіспеңдер! Бұл ұлы Райымбек батырдың тыныштық тапқан жері. Оны  қопарсаңдар,  үлкен күнәға батасыңдар!” – деп ескертіпті. Жұмысшылар үлкен кісілердің бұл өтінішін басшылыққа жеткізгенімен, олар құлақ аспаған. Амалсыздан жұмысшылар жерді тегістеуге кіріседі.
Алайда көлік Райымбек батыр жатқан төмпешікке келген тұста өшіп қалады. Кері бағытқа көлік еш кедергісіз жүреді, ал қайтадан бейітке бұрып, жүруге оқталса техника тағы да өшіп қалады. Осылай бірнеше мәрте қайталанады. Ақыры ол жер “қасиетті мекен” деп мойындалып, ол жерде нысан салуға ешбір басшының жүрегі дауаламапты.

Райымбек өте жүректі адам болған. Өйткені ол үнемі жаудың ортасына күні бұрын кіріп алып, солармен араласып жүріп соғысқан. Қасына қалмақ тілін білетін батырды іріктеп алады екен де, бәрін қалмақша киіндіріп, қалмақша қару-жарақ асындырып, жауының ортасына қалмақ боп кіріп кетеді екен. Ал негізгі қолын жақын маңайға жасырып қойып, іштен өзі соғыс ашқан кезде олар да сырттан “Райымбектеп” лап қоятын болған.

Іші де, сырты да – бәрі “Райымбек” деп кеткен кезде, қай жақтан сақтанарын да, қазақтардың қай жақтан шыға келгенін де білмей, қалмақтар қатты сасқан. Сасқан қалмақ, сөз жоқ, бас сауғалап қашады. Ал “қашқан жауға – қатын ер” деген, қазақтар қуа жүріп қырады.
Осыдан барып: “Райымбек деген көзге көрінбейді екен, оның қайдан шыға келгенін ешкім көрмейді де, білмейді де. Аты да көрінбейді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен” дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар “Райымбек!” деген ұран естілгеннен-ақ зәрелері ұша бастайтын болған.
Тіпті олар “Райымбек!” деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақтар лап қойғанда, өздері де “Райымбек!” деп ұрандап қоя беретін болған. Ақырында “Райымбек!” деп ұрандап жүргендердің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын болған.
Бұл – ертегі де, аңыз да емес, тарихи шындық. Жүректі жауынгерлердің батырлығы мен айласынан туындаған таңғажайып жағдай. “Райымбек әулие екен” деп тараған сөздің төркіні осында жатыр.

Ол қалмақтармен тек соғысып қа­на қоймай, сан рет келісім жа­сап, қазақ мүддесін үнемі үстем етіп отырған. Көреген мәмілегер, өз заманына сай саясаткер бол­ғаны ерлігі мен істерінен әрдайым көрініп тұрады.

 

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий