0 комментариев

Әмір Темір туралы тың ақпараттармен танысқыңыз келсе және ол неге “Темирлан” атанғаны жайында ақпарат алу үшін kyn.kz сайтын оқыңыздар

Әмір Темір – монғолдың түркіленген барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы. Ол 1336 жылы туған. 1370 жылы Мәуереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрған. Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып ақсақ болып қалған. Ол Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша-ақсақ) Ақсақ Темір атанады.

Ақсақ Темір өзі билік құрған жылдары Ақ Орда, Алтын Орда, Моғолстанға қарсы бірнеше жорықтар ұйымдастырды.

Ақсақ Темірдің алғашқы басқыншылық жорықтары Ақ Ордадан басталады. Оған сылтау болған оқиға төмендегідей еді:

Ақ Орда ханы Ұрыс хан Алтын Орда астанасы Сарай қаласына қарсы жорығы кезінде өзіне көмектеспеген Жошы ұрпағы Түй Қожаны жазалайды. Түй Қожаның ұлы Тоқтамыс Мәуереннахрға Ақсақ Темірге қашып барады. Ақсақ Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордаға қарсы аттандырды. Бірақ Тоқтамыс 1374-1375 жылдардағы ұрыс барысында жеңіліске ұшырады. Темір Тоқтамысқа әскер беріп қайта аттандырды. Бұл жолғы жорығы да сәтсіз аяқталды. 1375 жылы Ұрыс хан Әмір Темірге Тоқтамысты қайтаруды талап еткен елші жіберді. Сонымен қатар ол өз әскерінің Түркістан жеріне жақындап қалғанын хабарлайды. Мұны естіген Әмір Темір Тоқтамысты ертіп үшінші жорыққа аттанды. Ұрыс хан өз әскерімен Сығанақта тоқтаса, Темір өз әскерімен Отырар маңына орналасады. Үш ай өткенде Ұрыс хан кейін қайтып кетеді, ал әмір Темір Ұрыс ханның ұлы Мәлік оғланның 10 мың әскерін талқандайды. 1376 жылы Ұрыс хан қайтыс болады. Артынша оның үлкен ұлы Тоқтақия да қаза болады. Бұл Ақ Орданың жеңілуіне әкеліп соқты. Әмір Темір Тоқтамысты Сауран қаласында таққа отырғызып, өзі кейін Мәуереннахрға қайтады.

1377 жылы Ұрыс ханның ұлы Темір-Мәлік Сауран түбінде болған шайқаста Тоқтамыс жеңіліс табады. Бұл жолы да Әмір Темір Тоқтамысқа өз әскербасыларын жібереді. Нәтижесінде Тоқтамыс Ақ Орда астанасы Сығанақты басып алады. Тоқтамыс өзін Ақ Орда мемлекетінің билеушісімін деп жариялайды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Ордаға қарсы бірнеше жорықтар ұйымдастырып, Сарайды, Қажы Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алады. Осындай табысқа мастанған Тоқтамыс Әмір Темірге бағынудан бас тартады. Енді Алтын Орда үшін Әмір Темір мен Тоқтамыс арасында соғыс басталды.
1391 жылғы ұрыста Әмір Темір әскері Тоқтамыс әскерін талқандайды. Әмір Темір 1395 жылғы Тоқтамысқа қарсы екінші жорығы нәтижесінде Кавказ тауының солтүстігіндегі Терек өзені бойындағы шайқаста Тоқтамысты күйрете жеңеді. Бұл жолы ол Алтын Орданың астанасы Сарай Беркеге басып кіріп, қаланы тонап, халқын құлдыққа айдайды.

Әмір Темір 1371-1372 жылдары Моғолстанға әскер аттандырады. 1371 -1390 жылдар аралығында ол Моғолстанға қарсы бірнеше жорық ұйымдастырады.
1377 жылы Моғолстан билеушісі Қамар ад-дин екі рет Темір әскерінен талқандалды. Моғол әскеріне қарсы мұндай соққы 1383 жылы тағы қайталанды. Ақсақ Темірдің 1389 жылғы Моғолстанның жаңа билеушісі Қызыр Қожаның тұсындағы жорығы тіпті жойқын болды. Шығыс деректері «Қызыр Қожада патшалық та, мүлік те қалмады», – деп жазды. Бұл Мәуереннахр билеушісінің соңғы жорықтары болатын және ол Қызыр Қожаның вассалдық қатынастарды мойындауымен аяқталды.

Темір билік биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Түркістанда Қожа Ахмет Йасауидың мазарын салдырған да соның өзі.

Ақсақ Темір өзі әмірші болған 35 жыл ішінде (1370-1405 жж.) басқыншылық, тонаушылық соғыстары нәтижесінде Моғолстан, Ақ Орда, Хорезм, Каспий өңірі аймақтары, Иран, Ирак, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Ауғанстан, Үндістан, Египет, Бағдад, Сирия енген орасан зор империя құрды.
XIV ғасырдың соңына қарай Азия мен Еуропа құрылығының едәуір бөлігін жаулап алған Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, ол өлгеннен кейін біржола күйреді.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий