0 комментариев

Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай Ордасы. Ноғай Ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай Әмір Едіге би (1357-1420 жж.) тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы Нұр ад-динның (1426-1440 жж.) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы үстем тайпа маңғыттар болды. Сол себепті «маңғыт жұрты» деп те аталған. Кейін маңғыттар ұлысты құрған 18 тайпаның бірі ретінде ғана аталды. ХIII ғ. екінші жартысында маңғыттар Алтын Орданың уақытша басшысы түмен басы Ноғай (Жошы ханның жетінші ұлы) иелігінің құрамына кіреді. Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы пайда болған.

Ноғай ордасына маңғыттардан басқа қоңырат, найман, арғын, қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаша, тама және басқа ру тайпалары кірді.
Ноғай Ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста Қазанға, оңтүстік батыста Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерді көшіп-қонып жүрді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың да бірқатары осы Ноғай Ордасына қарады. Орталығы – Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.

Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. “Беклер бегі” ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған.
Едіге түрік тектес халықтардың тарихи зердесінде өшпес із қалдырды. Ол 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы беріп, 1408 жылы орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жеңісті жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи шежіре-жылнамалардың бәрінде де үлкен құрметпен аталады.

Едіге 1420 жылы Тоқтамыс ханның ұлы Қадырбердінің әскерімен болған қақтығыста қайтыс болды. Едіге өлгеннен кейін де Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық жағдай шын мәнінде оның ұрпағы – маңғыт әмірлерінің қолында болды. Мұнда Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктерде Шыңғыс әулетінен хан көтеру Едіге ұрпағының келісімінсіз қабылданбайтын дәстүр қалыптасты.

Едігеден кейін маңғыт ұлысын оның ұлдары мен немерелері басқарды. Ұлдары Ғазы би, Нұр ад-дин, Наурыз және Мансұр, әрі қарай немерелері биледі.
Ордадағы бас билеуші бек немесе би лауазымын иемденген. Орыс деректерінде Ноғай Ордасы билеушілері князьдер деп аталды. Едіге ұрпақтары мырзалар болды. Жасы үлкен мырзалардың көлемді иеліктері болған. Тіпті олар «ұлысы барлар» және «ұлысы жоқтар» болып екіге бөлінген.
Ноғай Ордасында маңызды мемлекеттік мәселелерді шешетін жиын «Қарадуан» деп аталды. Жиында мемлекеттің ішкі, сыртқы мәселелеріне жауаптылардың жұмыстары қаралды.

Қазақстан жеріндегі басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай Ордасының шекарасы тұрақты болмай, сыртқы жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. ХV ғасырдың екінші жартысында Ноғай Ордасының аумағы айтарлықтай кеңейіп, қуатты мемлекетке айналды. Бұл кезде Сырдария қалалары мен Орта Азияға шапқыншылық жасаудан қолы тимеген Әбілқайыр хан ноғайларға қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Батыс Сібірге дейін жеткен, ал оңтүстік шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Ноғай ру-тайпаларының билеушілері Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы мырза және басқалары Әбілқайыр ханға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға көмектескен.

XIV-ХV ғасырларда Ноғай Ордасында ерте феодалдық қатынастар қалыптасқан. Әлеуметтік бай-феодалдық топтардың қатарында хандар мен мырзалар, сұлтандар мен билер, бектер болды. Олар Орда құрамындағы ұлыстарды, ру-тайпаларды басқарды. Барлық байлық, экономикалық маңызды мәселелер далалық ноғай ақсүйектерінің қолдарына жинақталды. Мұндағы жер-су, жайылым жерлер сөз жүзінде рулық қауымдастықтың меншігі болып есептелгенімен, шын мәнінде бай топтардың иелігінде болды.

 

 

ХVI ғасырда Ноғай Ордасы өздерінің солтүстіктегі көршісі Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық қатынастар және саяси байланыстар орнатады. Мұның өзі Ноғай Ордасы тарихын Еділ бойы мен Сібірдегі, сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі басқа да көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланыстырып қарауда үлкен маңызы бар. Ноғайлар тарихы, әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына ерекше жақын келеді. Өйткені Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүрген ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы халықтарының жақын туыстығы туралы Ш. Уәлиханов өзінің шығармаларында атап көрсеткен. Ол алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібек тұсында достық қатынаста өмір сүрген ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан орда» деп атаған. Дегенмен, ноғайлар қазақ хандығымен кейде соғысса, енді бірде татуласып, олармен одақ құрып отырған. Мәселен, «XV ғасырдың 80-жылдары шайбаниліктерге қарсы күресте қазақтарды қолдады. Мұхаммед Шайбани Үзкент және Сығанақ қалаларын басып алған кезде, Бұрындық хан Жәнібектің ұлдары Қасым және Әдік сұлтандар мен маңғыт Хамза бектің әскери күштерін біріктіріп, үш мың жауынгерімен қоршауға алған…». Ал Қасым хан тұсында қазақтар мен Шиғым мырза арасында әскери қақтығыстар болған, оны тарихшы Қадырғали Қосымұлы Жалайыр былайша жазады: «Қасым хан билік құрған тұста ол Жәдік ханмен бірге ноғайларға жорыққа аттанған.

Нәтижесінде, Жәдік және оның ұлы Шиғым мырза әскерінің қолынан Иманлы-Төбе шайқасында қаза тапқан». 1519-1520 жылдары Шиғым мырза Қасым хан әскерінен түпкілікті жеңіліс тапты. Қасым ханның қайтыс болуымен Қазақ хандығында орын алған келеңсіз оқиғалар мен алауыздықтарды пайдаланып, ноғай мырзалары Еділ мен Жайық арасындағы жерлерін қайтарып қана қоймай, шығыс Жайық өңірін де қосып алды.

Хақназардың билікке келуімен Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы арасындағы күрес қайта жанданды. Мұны XVI ғасырдың соңында қалмақ қаупінің күшеюі тоқтатты. Қазақтар мен ноғайлардың бар назары шығыста қалмақтарға ауды.

Ноғай Ордасында сұлтандар мен ақсүйек-феодалдардың арасында хандық билік үшін талас-тартыс тоқтамай үнемі жүріп жатты. Оған қалмақтармен соғыстардағы жеңілістер қосылды.
XVII ғасырдың бірінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кірді.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий