0 комментариев

Әбу Насыр Әл-Фараби әлемнің екінші ұстазы атанған, сонымен қатар әлемнің 70 тілін меңгерген ұлы ғұлама ойшыл. Әбу Насыр Әл-Фарабидің қай жерде туылғандығы тарихта әр түрлі қызу пікір талас туғызған. Осыған біздің ғалымдарымыздың да айтары бар. Ол қандай жауап екенін kyn.kz сайтынан оқып біле аласыздар.

Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде “Тархан” деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.

Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды.

Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген”, – дейді біздің отандық ғалымдар.

Әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі “екінші ұстаз” атанды. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген:
Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген.
Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған.
Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат” (“Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”).

“Ғалым қала басшыларын “қайырымды және надан” деп екіге бөледі. Ол кезде қала-мемлекет болған. Оның тұрғындары қай кезде бақытты болады? Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болуы керек”, – дейді Жақыпбек Алтайұлы “Әл-Фараби – өркениет философы” деректі фильмінде.
Сонымен қатар Әл-Фарабидің “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің “Категориялар”, “Метафизика”, “Герменевтика”, “Риторика”, “Поэтика”, бірінші және екінші “Аналитика”, “Топикасы” және тағы басқа да еңбектерін түсіндірген.

Ғалым Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сынды көптеген философиялық еңбек жазды. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды.
Мысалы, Әл-Фараби “білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді” деп ескертеді.

“Әл-Фараби” ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлы шығыстанушы ғалымның пікірінше:
“Орта ғасырда Әл-Фарабидің ұлтын нақты айту үлкен бір қателік болар еді. Себебі, ол тұста ұлттардың қалыптаспаған тұсы. Әл-Фарабиді түркі дүниесіне ортақ, мұсылман әлемінен шыққан ұлы жерлесіміз деп нақты айта аламыз”, – деп түйіндеді сөзін ол.

 

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий