0 комментариев

Жапырақтың түсуі. Өсімдіктер жапырағының түсуі — биологиялық заңды құбылыс. Ол өсімдіктерде жүретін тіршілік әрекеттерімен тікелей байланысты. Жапырақ түсіру — өсімдіктер тіршілігі үшін ортаның қолайсыз жағдайларына бейімделудің сырттай көрінісі.
Қоңыржай белдеуде жапырақтар күзде температура төмендеген кезде түседі. Бұл уақытта ауа райының қолайсыз болуына байланысты өсімдік топырақтан белгілі бір мөлшерде қажетті ылғал ала алмайды.

Соның салдарынан жапырақ клеткаларында жүретін тіршілік әрекеттерінің (фотосинтез, тыныстану) қарқындылығы күрт төмендейді. Рибонуклеин қышқылының, азот және калий қосылыстарының мөлшері азаяды. Мұнда заттардың түзілуінен ыдырауы басым, жасушаларда ыды-раудың соңғы өнімдері (мысалы, қальций оксалатының кристалдары) жиналады. Ең бағалы минералдық және органикалық қосылыстар өркенде қалыптасын, өсіп келе жатқан мүшелерге немесе арнаулы қор жинау ұлпаларына қарай ағады.

Сүректі өсімдіктердің көбінде күзде байқалатын нәрсе — жапырактардың жасыл реңдеріннің өзгеруі (сары, қызыл сары, қызыл қоңыр, қызыл түстерге ауысады). Бұл жапырақтың жасуша құрамындағы пигменттердің, хлорофилдің бұзылуына, ка­ротин, ксантофилл пигментгерінің ұзағырақ сақталуына және жасуша шырынының құрамында антоцин пигменттерінің болу­ына байланысты. Сілтілі ортада антоцин көгілдір көк рең, ал қышқылды ортада — қызғылт рең береді. Кейбір өсімдіктер (мысалы, қаңдағаш, серігүл) жапырақтарының реңі тіршілігінің, соңына дейін жасыл қалпында қалады.

Жапырақ түсер алдында биохимиялық өзгерістермен қатар онда анатомиялық өзгерістер байқалады. Қос жарнақты сүректі өсімдіктердің жапырақ негізіне таяу жерінде, оған көлденең бағытта орналасқан, қабаттарға жеңіл ыдырайтын паренхималардан тұратын ажырау қабаты пайда болады. Бұл қабаттың жасушаларын байланыстыратын жасушаралық заттар сілемейленіп, жасушалар бір-бірінен ажырайды.

Сөйтіп, осы қабат арқылы жапырақ сабақтан бөлінеді де, алғашқы кезде тек жүйкеге — жапырақ ізіне ілігіп қалады. Одан кейін кеп кешікпей, жел соқса немесе жаңбыр жауса, жүйке үзіледі де, жапырақ жерге түседі. Үзіліп түскен жапырақтың орнын (жапырақ дағын) сабақтан жетілген тоз қабаты жабады.

Дара жарнақтылар мен қос жарнақты шөптесін өсімдіктерде ажырату қабаты пайда болмайды. Сондықтан жапырақ сабақтың өзінде қурап қалады.

Эволюциялық тұрғыдан алсақ, жай жапырақ қауырсын күрделі жапыраққа қарағанда қарапайым және таралуы аз. Саусақ салалы жапырақтардан гөрі үш жүйкелі, үш тілімді жапырақ қарапайым. Сағақты жапырақтар қондырмалы жапырақтардан кейін пайда болған. Жапырақтардың көлемі де әр түрлі. Ең ірі жапырақ Бразилия палъмасына тән. Оның сағағының ұзындығы 4—5 м, тақтасының ұзыңдығы 22 м, ені 12 м; шарап пальмасы жапырағының ұзындығы 15 м-ге жетеді. Қоңыржай белдеу флорасында ірі жапырақтар сүректі өсімдіктерге емес, балдырған, ақбақай /Petosites/ сияқты көп жылдық шөптесін өсімдіктерге және су өсімдіктерінен тұңғиыққа тән.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий