0 комментариев

Халық әулиеге дарыған, би, шешен Мөңке би туралы ақпаратты kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Мөңке би Тілеуұлы — белгілі би, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау. Тілеу Айтұлы (1630, қазіргі Ақтөбе облысы – 1684, Сайрам қаласы) – би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі.  Әлімұлы тайпасы Шекті руынан шыққан.

Зерттеушiлер Мөңкенiң туылған жылы деп 1675 жылды алады. Ал дүниеден қайтқан жылы деп 1756 жылды белгiлейдi. Оның бұл дүниеден өтiп, мәңгiлiк мекенiне орналасқанына биыл – 255 жыл. Ой тұжырымын сиқырлы сөзбен өрнектеген, шашасына шаң жұқпас шешен, қара қылды қақ жарған әдiл би, айтқаны айдай келген көреген, данагөй, жырау Мөңке бидiң өмiрi — бүкiл қазақ халқының жас ұрпақтарына өнеге. Мөңке биден қалған даналық, шешендiк сөздер халық аузында бүгiнгi күнге дейiн сақталып келедi. Оның есiмi көркем туындыларда да көп ұшырасады. Уақыт өткен сайын бұл бидiң өмiрiне қызығушылық арта түсуде. Қазақ халқы оның толғау, жырларын қай кездерде де өз қажетiне жаратып отырды. Жол таппай қысылғанда үнемi ұлы дананың даналығына жүгiнедi.  Дала данагөйi Мөңке би жайлы ел аузында хикая көп.

Оның есiмi көзiнiң тiрiсiнде-ақ аңызға айналып, ел iшiнде кең таралған. Ел есiнде ол болашақты болжағыш көрiпкел, құт дарыған, Жаратқанның ықыласы ауған киелi кiсi атанды. Ұлы далада ондай адамдарды әулие дейдi. Оның “Түрлі-түрлі халық болады‚ Күндіз-түні жарық болады… Дүниенің жүзіне‚ Өре мен темірден жол тартылады… Адам ақысыз жұмыс істемейді‚ Дүниені түрлеп кестелейді” деген толғау жолдарынан келер күнді болжаған сәуегейлік көрінеді. Сондай-ақ халық арасын болашаққа қатысты  ең көп тараған жыр жолдары:

Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатың
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Ала шұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады,
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
“Алһам” білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Заманақыр болар да, жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
“Ә” десе “мә” дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болар,
Түзелуі қиын болар.

 

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий