0 комментариев

Артемида ғибадатханасын кім, қандай мақсатта өртегені туралы қызықты ақпаратты kyn.kz сайтынан оқи аласыз

Эфестегі Артемида ғибадатханасы өз дәуіріндегі ерекше ғимараттардың бірі еді. Б.з.б. VI ғасырда салынған нысан кезінде әлемдегі ең үлкен ғибадатхана болған. Көне грек мифологиясы бойынша, Артемида саятшылық, шұрайлылық құдайы және Жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің жебеушісі саналған. Оның ғибадатханасын салуға қаржыны Лидия патшасы Крёз өз қазынасынан бөлген. Тарихшы Страбонның дерегі бойынша, ғибадатхананың жобасын кностық архитектор Херсифрон дайындаған. Десе де, ол өз жобасын толық жүзеге асырмай бақилық болған.

Кейін құрылысты Херсифронның ұлы Метаген жалғастырған. Алайда, ол да жобаны аяқтап үлгермеген. Ғибадатхананы Пеоний мен Деметрий есімді архитекторлар салып бітірген. Бұл, шамамен, біздің заманымызға дейінгі V ғасырдың басы немесе VI ғасырдың аяғы болған екен. Ғибадатхананы алғаш көргенде Эфес халқы қатты таңғалған деседі. Деректерге сенсек, ғимарат ішіндегі мүсіндерді дайындауға көне Грекияның үздік сәулетшілері қатысқан. Ал, ондағы Артемиданың мүсіні алтын мен пілдің сүйегінен жасалған. Айта кетерлігі, ғибадатхана діни жоралғыларды өткізетін орын ретінде ғана емес, сондай-ақ, Эфестің қаржылық және іскерлік орталығы ретінде белгілі болған.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий