Жүктілік кезеңі әр әйел үшін үлкен бақытты сәттерден тұрады. Әйтседе ағзада көптеген жағымды-жағымсыз өзгерістерге ұшырайды. Оның бірі дәрумен жетіспеушілігі. Жүкті кезінде организмді бір қалыпта ұстап тұру үшін қандай дәрумендер ішу керектігін kyn.kz сайтынан оқи аласыз.
Ақуыз (белок) дене жасушаларының қалыптасып өсуі үшін, демек, құрсақтағы нәрестенің өсіп-дамуы үшін де өте маңызды.
Ет, балық, ірімшік, бұршақ, ірі бұршақ, жасымық әрі сүтте, асқабақ пен күнбағыс дәнектерінде және жұмыртқада ақуыз мол. Дәрумендер (витаминдер): Көкөніс, жапырақты салат және жаңа піскен жеміс-жидектерде дәрумендер (витаминдер) мол. Дайын шырындарға қарағанда жаңа піскен жеміс-жидектер әлде- қайда пайдалы әрі арзан. Әрине, олар жақсылап жуылуға тиіс.
Кальций. Сүт, ірімшік, құрт, айран, соя бұршағы, күнбағыс дәнектерінде және жасыл көкөністерде мол.
Темір. Мына азық-түлік түрлері темірге аса бай: сиыр еті, бұршақ тұқымдастар, яғни жасымық (чечевица), фасоль, ала, ақ және жалпақ бұршақтар. Сондай-ақ, қой еті, тауық еті, шабдалы, сары және қара өрік, жидектер, асқабақ, күнбағыс дәндері, грек жаңғағы, қызылшаны да жиі жеген дұрыс.
Ескерту: Бауырда темір өте көп, бірақ онда А витамині де мол. Аяғы ауыр әйел А витаминін тым көп мөлшерде қабылдаса, бұдан жүктілік барысына және іштегі балаға зиян келуі мүмкін. Егер жейтін тамағыңыз әр алуан болса, солардағы А витаминінің мөлшері де сізге жеткілікті болады. Бауыр жеуді аптасына бір ретке дейін шектеген дұрыс.
С дәрумені (витамині) темірдің ағзаға жақсы сіңірілуіне көмектеседі. Сондықтан темірі бар дәріні осы витаминге бай апельсин, лимон, мандарин, грейпфрут, бұрыш, жасыл түсті көкөніс, жидектермен қосып қабылдаған дұрыс.
Жүктілік кезінде қанда темір деңгейінің төмен болуы (анемия) – жиі ұшырасатын жайт. Қанында темір деңгейі төмен адам өзін қатты шаршағандай, тіпті ауа жетпей жатқандай, сезінеді. Темір деңгейін қалыпты дәрежеде сақтау үшін құрамында темірі мол арнайы дәрілерді қабылдауға болады. Жүктілік кезінде қаныңыздағы темір деңгейінің қандай екені емханаға барып анықтаған дұрыс.