Жүктіліктің соңғы айлары әйел адам үшін физикалық және психологиялық тұрғыдан да өте ауыр. Әдеттегіден жүріп, тұруы қиындайды. Босанудың алдында үнемі қозғалыста болуға тырысыңыз.
Жеңіл босану үшін назарларыңызға бұлшық еттермен тыныс алу жолдарына арнайы жасалатын жаттығуларды kyn.kz сайтынан оқып жасай аласыз.
Қандай жаттығулар жасауға болады?
Қарын бұлшық еттеріне арналған жаттығулар
Бірнеше жастыққа тіреніп, шалқалай жатыңыз. Тізеңізді бүгіңіз, табаныңыз жерге толық тиіп тұрсын. Бір қолыңызды беліңіздің астына, екінші қолыңызды ішіңіздің үстіне қойыңыз. Қарын мен құйрық бұлшық еттерін қатайтып, астыңғы қолды беліңізбен басыңыз. Бірқалыпты тыныстап, осы қалыпта төрт секунд жатыңыз, содан кейін денеңізді босаңсытыңыз. Жаттығуды бес рет қайталаңыз.
Қан айналымын жақсартуға арналған жаттығулар
Жүктілік кезінде қан айналымы әдеттегіден баяу. Сол себепті кейде жүкті әйелдің аяғы ісіп, сіңірі тартылып, құрысып қалуы немесе аяғындағы қан тамырларының білеуленіп шығып кетуі мүмкін. Мына жаттығу қан айналымын жақсарта алады:
– аяғыңызды бір нәрсеге тіреп жатыңыз не отырыңыз. Аяғыңыздың басын тобығынан он екі рет бүгіп, жазыңыз;
– аяғыңыздың басын сол жаққа қарай он екі рет, содан соң оң жаққа қарай он екі рет айналдырыңыз;
– екі тізеңізді қолыңызбен төрт секунд қатты құшақтап, содан соң денеңізді босаңсытыңыз. Мұны алты рет қайталаңыз.
Тыныс алуға арналған жаттығу
Көзіңізді жұмып, ыңғайланып отырыңыз. Бар назарыңызды өзіңіздің қалай тыныстайтыныңызға, әсіресе дем шығаруыңызға, аударыңыз. Демді шығарып, келесі деміңізді алмас бұрын осы аралықтағы үзілісті ескеріңіз.
Жүктілік кезінде моншаға түсіп, ыстық душ қабылдауға болмайды. Бұл теріні құрғатып, іштегі баланың шетінеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, жүкті әйелдерге 3,5 келіден артық ауырлықтағы заттарды көтеруге болмайды. Себебі, ауыр зат денеге күш түсіріп, омыртқа мен буындарды шамадан тыс шаршатады.
Ең бастысы, көп қимылдаңыз. Егер жиі қимылдайтын болсаңыз толғақ пен босану сәті де жеңілірек болады.