0 комментариев

Қазақтан шыққан “қанатты қыз” сөз тіркесі тек Хиуаз Доспановаға лайықты. Өзі нәзік болғанымен жүрегінде оты бар қайсар қыздың ерлігі қазақ жастарының есінде мәңгі сақталуы керек. Шығыстың шынарлары Әлия мен Мәншүк сияқты есімі көп атала бермегендіктен, келер ұрпақтың бұл ержүрек қыз туралы ақпаратты көбісі біле бермейді. Себебі Хиуаз Доспановаға  халық қаһарманы атағы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірақ берілген болатын. Батыр апамыз туралы тағы да тың деректермен kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының шаңырағында дүниеге келген. Оқушы кезінен комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытатын Хиуаз апамыз мектеп қабырғасын аяқтарда ұшқыштарды даярлайтын арнайы курсқа жазылады. Мектепті тәмамдағаннан кейін № 1 Мәскеу медицина институтында оқуға аттанады. Осы оқу орнының 1-курсын аяқтар уақытта аяқасты соғыс өрті лап берді.

Екінің бірі армандаса да, ілкіде біреу ғана ұшқыш болады. Көк аспанның төрінде әуелеуді аңсаған Хиуаз бала арманына соғыс басталғанда жетті. Марина Раскова басшылық жасап, Кеңес әскеріне көмек ретінде тек әйелдерден құралған түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкі құрылды. Кейіннен жасаған ерліктеріне сай Қызыл Ту орденді Таман гвардиялық, 3-дәрежелі Суворов орденді түнгі бомбалаушы әуе полкі деп аталған нәзік жандылардың қатарында жалғыз қазақ қызы болды. Бойы небәрі 150 сантиметр талдырмаш, нәзік қыз еді.

Хиуаздың жасы ол уақытта 19-да еді. Айлакер ұшқыш әйелдерді немістер «Nachthexen» («Түнгі мыстандар») деп атаған. Ұшқыш әйелдердің тактикасы: белгілі бір қашықтықты сақтап, өз мақсатына жақындап, ұшақтың гүрілін төмендету. «Түнгі мыстандар» ұшу биіктігін төмендетіп, жауды үстінен бомбалады. Фашисттердің позицияларына жақындағанда аула сыпыратын сыпыртқы дыбысы ғана естілді. Ұшу арасындағы үзіліс: 5-8 минут. Жаз мезгілінде ұшақтың экипажы бір түнде 6-8 әуе сапарын жасады, ал қыста — 10-12. Ұшақтар 28 676 сағат (1191 толық тәулік) әуеде болған. Хиуаз Доспанова мерген-ұшқыш болып, 300-ден астам әуе сапарын жасады.

Жауынгер жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов Хиуазға қатысты осы бір мәселені өз уақытында сауатты көтере білді. «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ…» – деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды.

Соғыстан 2-топ мүгедегі боп оралған Хиуаз елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен “Медеу” мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» және тағы басқа ғимараттар тұрғызылды. “Абай”, “Шоқан” драмалары сахналанды. 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шыққан қазақтың батыр қызы 1960 жылы «Под командованием Расковой», 1963 жылы «Халқым үшін» соғыс естеліктерін жазды.

Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерін, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын иеленді… 2004 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Хиуаз Доспановаға республикамыздағы ең жоғарғы марапат — «Халық Қаһарманы» Алтын Жұлдызы берілді.
“Әуе Ханшайымының” есімі ел үшін төккен тері, ержүректегі, батырлығының арқасында қазақ халқының жадында мәңгі  қалары анық

Изменен статус публикации
Добавить комментарий