0 комментариев

Қазтуған дегеніміз кім ? Ол қандай тайпадан шыққан ? Оның өлеңдерін алғаш құрастырған кім ? Қазтуған шығарған туындылары қандай тақырыпта болды ? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты ақпаратты kyn.kz сайтынан оқып біле аласыз.

Қазтуған — Алтын Орда заманындағы ноғайлы-қазақ дәуірі әдебиетінің ірі өкілі. Ноғайлы атанып, артынан бір-бірінен бөлініп кеткен түбі бір, тілі бір түркі тектес тайпалардың, шынтуайтқа келгенде, сол кезде жеке халық болып қалыптасқан қазақтардың бай әдебиеті, ақын-жыраулар поэзиясының бастауында тұрған үлкен эпик. Оның шығармалары бүгінгі уақытқа толық жеткен жоқ, көбі мүлде ұмыт қалса, қолда бары, баспа бетін көріп келе жатқандары үзінді күйінде ғана ақын мұрасынан азды-көпті мағлұмат береді.

Қазтуған жыраудың өлеңдері алғаш рет Ғабдолла Мұштақ құрастырған “Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары” жинағында (Орынбор, 1912) жарияланса, кейіннен “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1967), “Алдаспан” (1971), “XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы” (1982), “Бес ғасыр жырлайды” (1984), “Ұлы арман” (1990), Ленинградтан тұңғыш рет орыс тілінде жарық көрген “Поэты Казахстана” (1978), “Поэтя пяты веков” (Алматы, 1994) жинақтарында, “Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет” хрестоматиясында (1993) басылды. Жырау өмірі мен шығармашылығы туралы азды-көпті болсын С. Сейфуллин, М. Мағауин, Ә. Дербісәлин, Қ. Сыдықов, Х. Сүйіншәлиев, Ж. Тілепов сияқты белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар қалам тербеді.

Қазтуған XV ғасырда өмір сүрген ноғайлы батыры, би әрі ақын-жырауы екені анық. Алайда, ол туралы деректер өте жұтаң. Жау жағадан алып, қысылтаяң кез туған шақта Қазтуған елін аман сақтап қалу мақсатында жұртты бастап Еділ, Жайықтан Қазақстанның күншығыс жағына ауған деседі. Оның басты себебі-талай құтты қоныс болған туған жердің жайсыз мекенге айналып, ел бірлігінің қожырай бастауынан болса керек. Ел қамын ойлап, халық мұңын жоқтаған Қазтуғандай жаужүрек батыр, қол бастаған басшы жұртын соңына ерте білді, елінің болашағын тереңнен толғанып, оны аман-есен сақтай алуды перзенттік парыз деп білді.

Қазтуғанның ақындық қуатын танып, жыраулық жыр жолдарын биікке көтерген шығармалары санаулы ғана. “Алаң да алаң, алаң жұрт”, “Бұдырайған екі шекелі”, ”Белгілі биік көк сеңгір” деп басталып, бүгінгі ұрпаққа сақталып жеткен үш жырының өзі оның үлкен эпик ақын болғанын дәлелдейді.                                  Қазтуған жырларындағы шоқтығы биік шығарма-оның туған жермен қоштасу жыры.  Осы қоштасу өлеңі оның XV ғасырдың екінші жартысында өз қарамағындағы руларды бастап Еділден еріксіз ауып, Қазақ мемлекеті құрамына өткенінен сыр шертеді. Қазтуған жырларында оның ақындық  ерлігі мен шырқау биігін көрсетер тұс-ол жырды кім шығарғанын нақтылы дәлелдейтін:                                                                Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйіншіұлы Қазтуған, –деген жолдар арқылы қазақтың ноғайлы дәуіріндегі төл әдебиеттің жаңа белесінің бір қырын аңғартады. Қазтуған-ноғайлы дәуірінен тілі де, ділі де, ұлттық салт-дәстүрлері де бір болып келген қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарына ортақ тұлға. Сол себепті де Қазтуғанды бауырлас осы үш ұлттың төл әдебиетінің бастауында тұрған ортақ ақын-жырау ретінде бағаласақ, ақылға сыяды.

”Бұдырайған екі шекелі…” деп басталатын толғау-өлең-жыраудың өзіне дейінгі ақындық сөз өнерінен алған үлгі-өнеге негізінде өмірге келген жыр. Көлемі жағынан аз ғана осы жыр үзіндісінің өзі Қазтуғаннан кейінгі ақындар мен жыраулар шығармашылығына үлкен ықпал етті, нақыл, тақпақ, мақал-мәтел үлгісіндегі жыраудың терең толғанысты ой үрдістері қазақ поэзиясына үлкен таусылмас қазына болды.

Қорыта айтқанда, Қазтуған Сүйінішұлы Сыпыра жырау негізін салған көнеден келе жатқан толғау жанрының дамуына үлкен үлес қосты, жауынгер ақынның дала поэзиясына тән өр рухты, дауылпаз үнді, асқақ қанатты сөздерге толы, көркем мәтінге  бай жырлары қазақ әдебиеті тарихында өшпестей із қалдырды.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий