0 комментариев

Ахмед Яссауи дегеніміз кім ? Ол қандай сопылық ағымның негізін қалады ? “Диуани хикмет” кітабында не айтылған ? Бұл кітаптың қай нұсқасы сақталған ? Қай “Диуани хикмет” кітабын зерттеуге өз үлестерін қосты ? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты ақпараттарды kyn.kz сайтынан оқи аласыздар.

Ахмед Яссауи –түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне машһур болған ойшыл қайраткері. Ол мұсылман қауымының дәстүрлі қағидаларын жырлаған сопылық әдебиеттің түркі халықтары арасындағы мейлінше танымал, ірі өкілдерінің бірі болды. Ахмет Яссауи кезінде “жахрия” (экстаз) немесе “Яссауия” деп аталып кеткен сопылық-мистикалық ағымның негізін қалады.

“Диуани хикмат” (“Даналық кітабы”) – түркі тілді халықтардың XII ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы болып табылады. Өйткені Яссауи Хикматтарының тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті совет ғалымы А.К. Боровковтың пікірі бойынша “Даналық кітабы” оғыз –қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды.

Бұл өлеңдер жинағының алғашқы түп нұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV- ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. “Даналық кітабы” Қазан (1887-1901ж), Стамбул (1901), Ташкент (1902-1911 ж.) баспаларының бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шығады.

Ахмет Яссауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Мұнда 149 хикмет берілген. Соның 109 хикметы Яссауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек.

Түркия ғалымы М. Ф. Кепрюлю-заде Ахмет Яссауи хикметтарының жазылу тарихын, поэтикасын, әлеуметтік бағыт – бағдарын тұңғыш рет әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, ол туралы келелі ғылыми еңбек жазғаны мәлім. Ғалым 1928 жылы Ахмет Яссауи поэзиясын ғылыми негізінде жүйелеп, Стамбул баспаларының бірінен жеке кітап етіп шығарды.

Белгілі орыс ғалымдары А.Н. Самойлович, Е.Э. Бертельс, А.К. Боровков, Г.Ф. Благова, т.б. Ахмет Яссауи жырларын зерттей келіп, кезінде оны жоғары бағалады, әрі ақынның өзінен кейінгі сөз зергерлеріне тигізген әсері зор болғанын ерекше атап көрсетті.

Сондай-ақ Ахмед Яссауи поэзиясының зерттеу ісіне Э.Р. Рустамов, Н. М. Маллаев, В.И. Зохидов сияқты өзбек ғалымдары да едәуір үлес қосты.

“Даналық кітабында” негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: “шариғат”-ислам заңдары мен әдет ғұрпының жинағы, “тариқат”- сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты, “маьрифат”- дін жолын танып, оқып білу; “хақиқат” құдай және оған жақындау. Ахмед Яссауидің ойынша, “Шариғатсыз”, “тариқат”, “тариқатсыз” ” маьрифат”, “маьрифатсыз” “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.

Әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, адамның рухани өмірінің таза болуы сияқты құбылыстарды Ахмед Яссауи ислам дінінің шарттары арқылы түсіндіруге әрекет жасады . Соның өзінде, ақын әлеуметтік қайшылықтар мен теңсіздіктерді сынап, халық мүддесін ескергісі келмеген тәкәппар жандарды әшкерелеп отырады. Халықты ізгі қасиеттерге, адамгершілікке үндейді.

Бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтарға ортақ мұра саналатын Ахмед Яссауидің ғажап жырларын оқып – үйренуге, зерттеуге, жариялауға біздің елімізде соңғы кезге дейін тиым салынып келгені мәлім. Тек елімізде қызу жүріп жатқан қоғамды қайта құру, жариялылық процесінің арқасында ғана Ахмед Яссауи туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік туды. Ақын жырларын зерттеу, тәржіма жасау істері шындап қолға алына бастады.

Бұған 1990 жылы қазан айының 23-27 жұлдызында Түркістан қаласында ЮНЕСКО-ның бағдарламасы бойынша “Яссауи әлемі” деген атпен өткізілген халықаралық ғылыми конгрестің материалдары толық дәлел. Ахмед Яссауи мұрасын танып – білу, оны қоғам игілігіне пайдалану қажеттігі осы халықаралық маслихатта ерекше атап көрсетілді.

Белгілі әдебиет зерттеушісі Р. Бердібаев қазақ көркем сөз өнері мен Ахмед Яссауи поэзиясы арасындағы дәстүр жалғастығы туралы айта келіп, “түркі әдебиетінде жиі ұшырайтын “иман нұры” , “захар көзі”, “сырдың көзі”, “табиғаттың ләззаты”, “махаббат майданы”, “маьрифат бостандығы”, “хақиқат дариясы”, “ғашықтың дерті”, “махаббат бостандығы”, “гүл шарабы”, “көңіл кәбәбі”, “Дәрислам сарайы”, “ақиреттің азығы”, “махаббат жүгі”, “маьрифат бұтағы”, “үміт құрығы”, “шариғаттың көйлегі”, “ғашық дүкені”, “мехнаттың дариясы”, “дүрдің кені”, “жан даласы”, “шайтан жолы”, “нәпсі шайтан”… тәрізді бейнелік қатарлар бұрыннан келе жатқан тамаша дәстүр айдынына апарды ”, – деп жазды.

Ахмет Яссауидің сопылық – мистикалық сарындағы ой-пікірлерін оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хикмат – жырлар жазғаны мәлім.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий