0 комментариев

Осы заманғы адамдарды ғылыми атауы қандай ? Оны ең алғаш қай жерден тапқан ? Сырт бейнесі қандай болған ? Оларды қандай ғалым зерттеген? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты ақпаратты kyn.kz сайтынан оқи аласыздар.

Осы заманғы алғашқы адамдар. Оларды ғылым тілінде қазба неоантроптар немесе көпшілікке арналған әдебиеттерде кроманьондар деп те атайды. Өйткені, бұл кезеңнің адамдарының сүйек қалдықтары алғаш рет 1868 жылы Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылған. Олар бұдан 30—50 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бұл кезеңде де өмір сүрген адамдардың мекен-жайлары Қазақстанның да көптеген жерлерінен табылды.

Неоантроптар бойының ұзындығы 170—180 см, 30—40 жыл өмір сүрген. Ми сауытының көлемі шамамен 1400—1600 текше см. Үлкен ми сыңарларының самай және маңдай бөлімдері жақсы дамыған. Маңдай сүйегі алға шығыңқы келген, қас үсті доға айқын байқалады, көз шарасы үлкен, сүйектері қалың, иегі анық білінеді. Бассүйегі онша биік емес.

Негізінен етті тағамдарды пайдаланған. Аңаулау үшін тастан, сүйектен әр түрлі құралдар жасаған. Өздері тұратын үнгірлердің қабырғасына түрлі түсті бояулармен, кейде тастарды қашап та суреттер салған. Қолөнердің түрлі салалары дамыған. Қыштан ыдыс жасауды білген. Олар алғаш рет кейбір жануарларды қолға үйрете бастаған және егіншілікке де алғаш қадам жасаған. Тайпа, ру болып өмір сүру салты қалыптасқан. Айналасындағы табиғат туындыларына сыйыну, оларды қастерлеу, т.б. сияқты нанымдарға ерекше көңіл бөлген. Эволюция барысында олардан осы заманғы саналы адам келіп шыққан.

Неонтроптарда биологиялық факторлардан гөрі әлеуметтік факторлар басты рөл атқарған. Олардың эволюциясында тәрбиелеу, үйрету және тәжірибе жалғастыру негізгі орын алған. Олар көбінесе өздерінің ептілігі, батылдығы және тапқырлығы арқылы жаңа өмір сүру салтына көшкен. Ұрпақтарына деген қамқорлық қарттарды қадірлеу және онымен санасу дәстүрі басым болған. Тайпа, ру және отбасы үшін күресе білу мен өзінің келешегін ойлау басты мақсат болып саналған.

Қазіргі адамның пайда болуы, дамуы және қалыптасуы ұзақ уақытқа созылған өте күрделі құбылыс. Атақты ғалым Я.Я.Рогинскийдің пікірі бойынша адам эволюциясында негізінен, мынадай морфологиялық өзгерістер басты рөл атқарады. Ол біріншіден — қол, аяқ және тұлға сүйектерінің өзгеруі арқылы тік жүруге көшуі; екіншіден — мидың дамуы мен көлемінің ұлғаюы; үшіншіден — жақ сүйектердің кішірейіп, сөйлеу мүмкіндігіне көшуі екенін атап көрсеткен.

Бұларға қоса ғалым әлеуметтік әрекеттер, еңбек құралдарын жасап, пайдалана білу және оларды жетілдіре түсу, қоғамдасып тіршілік ету, айқын сөз арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасау, ақыл, ой мен мәдениеттің дамуы адам эволюциясындағы сапалық өзгерістердің пайда болуына тікелей ықпал жасаған деп қорытындылайды.

Қазіргі кезде де жеке адамдарда болатын тұқым қуалайтын өзгерістер (яғни мутациялар) кездесіп тұрады. Ал оларды басқару, зиянды белгілердің болуынан сақтандыру тек биологиялық заңдылықтарды жақсы білген кезде ғана жүзеге асады.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий