Осы екі аралық 1675 жылы ашқан француз астрономы Д.Кассини (1625-1712) атымен Кассини саңылауы деп аталады. А әрпімен белгіленген сыртқы сақина өзінен Кассини саңылауымен бөлінген В сақинасынан гөрі көмескі, оның ішкі жағында өзінің көмескілігіне байланысты торғын деп аталған және тек қуатты телескопқа көрінетін үшінші С сақинасы бар. Ол В сақинасынан 1943 жылы француз астрономы О. Дольфюс болжап айтқан және «Пионер — 11» ашқан Максвелл сызығымен бөлініп орналасқан. Бұл сақиналардың сыртқы және ішкі радиустары 138 000 және 120 000 км(A). 116 000 және 90 000 км(В),89 000 және 72 000 км-ге(C) тең.
1895 жылдың өзінде Ресейде А.А. Белопольский (1854-1934) және АҚШ-та Килер (1857-1900) сақиналардың ғаламшар төңірегінде Кеплердің үшінші заңына сәйкес айналатынын тұжырымдады. А сақинасының сыртқы жиегі секундына 16,6 км (айналу периоды 14 сағ 30 мин). Ал В сақинасының ішкі жиегі секундына 20,5 км (айналу периоды 7 сағ 42 мин) жылдамдықпен айналады. Бұл сақинаның тұтас емес, метеориттік құрылымды,яғни бірнеше сантиметрден 1-2 м-ге дейінгі әр түрлі көлемдегі жыпырлаған қатты заттардың бөлшектерінен тұратынын дәлелдейді.
«Вояджер — 1» берген суреттер ғаламшар сақиналарының толық құрылымын көрсетеді. Олар жіңішке аралықтармен бөлінген жүздеген жіңішке сақиналардан тұрады. Сақиналардың қалыңдықтары 2 км-ден аспайды.