0 комментариев

“Алматы” мемлекеттік қорығы қай жылы ұйымдастырылған ? Жалпы аумағы қанша ? “Алматы” мемлекеттік қорығында қандай табиғат белдемдері байқалады ? Жануарлар мен өсімдіктердің неше түрі бар ? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты ақпаратты kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Іле Алатауының төрінен орын тепкен Алматы мемлекеттік қорығы оңтүстік астанамыздан не бары 25 км қашықтықта жатыр. Бұл қорық 1931 жылы 6 мамырда ұйымдастырылған. Бастапқыда қорық көлемі 15 мың га алқапты қамыса, кейіннен оған тағы біраз жердің қосылуына байланысты 1940 жылдардың басында Алматы қорығының жалпы аумағы 857 мың га-ға жетіп, ол ерекше маңызы бар қорықтар қатарына қосылды. Қорықтың аумағы Іле Алатауын, Сөгеті жазығынан Қаскелең өзені аңғарына дейінгі аралықты алып жатыр. Оның құрамына Іле өзенінің жағалауы да кіреді. Алайда соғыстан кейінгі жылдары түрлі себептерге байланысты қорықтың көлемі бірнеше рет өзгеріп, кейіннен жабылып, соңында 1960 жылдың 11 қаңтарында қайта құрылды. Қорықтың жалпы жер көлемі-73,3 мың га. Оның ең төменгі нүктесі 1000 м болса, ең биік жері -5017 м Талғар шыңына дейінгі аралықты қамтиды. Қорықтың батыс шекарасы Талғар өзеннің сол жақ арнасымен, ал солтүстік шекарасы Талғар өзенінің оң жақ арнасымен, Есік көлі қазан шұңқырымен шектеседі. Шығысында Есік өзенімен бойлай барып Шелек өзенінің бастауына, одан әрі Қырғызстан шекарасына тіреледі.

Сонымен қатар қорық аймағына Іле өзенінің оң жақ жағалауындағы шөл далада жатқан Үлкен және кіші Қалқан таулары да кіреді. Қорықтың бұл бөлігінің аумағы 17850 га жерді алып жатыр. Қорықтың аумағындағы үлкен және кіші Қалқан таулары аралығында әйгілі әнші құм да орналасқан.

Қорықта табиғат белдемдері анық байқалады. Мұнда аптаған ыстығы бар шөл даланы да, тығыз орман белдемін де, альпі және субальпі шалғынын да кездестіруге болады. Осындай табиғат белдемдеріне байланысты қорық аумағында өсетін өсімдіктер әлемі мен мекендейтін жануарлар дүниесі көп түрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы, қорық аумағында жоғары сатыдағы өсімдіктердің -590 түрі, мүктердің-107 түрі, қынаның-77 түрі және саңырауқұлақтардың 190-ға жуық түрі өседі. Ал құстардың -170 түрі, сүтқоректілердің -60 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 20-ға жуық түрі қорықтың жануарлар дүниесін құрайды. Олардың қоры да әркелкі. Кәсіптік маңызы бар, шамамен, 500 елік, 300 қабан, 1000-ға жуық арқар, 60 марал, 40 аю және санаулы қасқыр тіршілік етеді.

Алматы қорығында Халықаралық табиғатты және табиғи қорларды қорғаудағының (ХТҚО) «Қызыл кітабына» жойылып кету қаупі бар аң ретінде тіркелген қар барысы мен қарақұйрық мекендейді. Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелгендерден – ақ тырнақты аю, арқар, сілеусін, сабаншы, шұбар күзен, сақалтай, бүркіт сияқты жануарлар қорық жерінде қоныстанса, осы аймақта өсімдіктер әлемінен- мушкетов түйесіңірі, сиверс алмасы, островский қызғалдағы сияқты түрлері өте сирек кездеседі

Іле өзенінің бойында жатқан қорық филиалының аумағында шөл және шөлейт аймаққа тән өсімдіктер мен жануарлардың түрлері таралған. Үлкен және Кіші Қалқан тауларының аралығында аңның -43, құстардың-85, қосмекенділердің-3,бауырмен жорғалаушылардың 3 түрі тіршілік етеді. Қорықтың өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесін сақтау және зерттеу жұмыстарына Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы бағыт беріп, қадағалап отырады. Барлық ғылыми – зерттеу жұмыстары «Адам және биосфера» (МЭБ) бағдарламасына сай жүргізіледі.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий