0 комментариев

“Марқакөл” мемлекеттік қорығы қай жылы құрылған ? Бұл көлдің жалпы аумағы қанша ? Марқакөлдің флорасы мен фаунасы қандай ? Басқа қорықтардан қандай ерекшелігі бар ? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты ақпараттарды kyn.kz сайтынан оқи аласыздар.

1976 жылы 4 тамызда ұйымдастырылған Марқакөл мемлекеттік қорығы– Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Азу жоталарының аралығында орналасқан. Осы екі қыратпен көмкеріліп, айдыны күн бетіне шағылысқан Алтайдың ару көлі- Марқакөл адам қамқорлығына алынды. Бұл тұщы көл теңіз деңгейінен 1500м биіктікте орналасқан. Оның жалпы аумағы-544 км , ұзындығы-38км, көлденеңі -19 км-ге дейін жетеді. Ең терең деген жері 25 м-ге жуық. Көлге тұс-тұстан 27 өзен мен бұлақ келіп құяды да, бір ғана Қалжыр өзені ағып шығады.

Марқакөл мемлекеттік қорығының жер көлемі 75,0 мың га аумақты алып жатыр. Шалқып жатқан Марқакөл жағалауы жасыл желек жамылған ну орманға тұнып тұр. Аққайың, тал, көктерек, үйеңкі, долана, мойыл көздің жауын алады. Тауға таяу және оның баурайында көкке тік шаншылған балқарағай орманы бой түзеді. Жайқалып өскен шөптесін өсімдіктер әлемі де өте бай. Көлде балықтың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда, майқан немесе қаяз, хариус, талма, теңге балықтар, т.б.

Қорықтың жануарлар дүниесі де сан алуан. Мысалы, мұндағы көл айдыны мен оның жағалауындағы тоғайларда сүтқоректілердің -59, құстардың 200-ден астам түрі мекендейді. Биологиялық өнімділігі жағынан еліміздегі тау көлдерінің бірде –бірі Марқакөлге тең келе алмайды. Өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінің ерекшелігімен қатар, оның жергілікті жердің ауа райын реттеп отыратын қасиеті де бар. Мысалы: жануарлардан қорғалатыны- теңбіл бұғы марал, елік, бүркіт, аю, ал құстардың көп түрлілігімен ерекшеленеді. Кенді Алтай өлкесінің көрікті бұрышын сақтап қалу мақсатымен ұйымдастырылған Марқакөл мемлекеттік қорығының келешегі зор.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий