0 комментариев

Алюминилі қорытпалар дегеніміз не ? Ең алғашқы алюминийлі қорытпа қай жылы алынды ? Дюралюминий дегеніміз не ? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты ақпаратты kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Алюминилі қорытпалар – алюминий негізінде қорытпалар. Құрамында кремнийі бар алғашқы алюминий қорытпалар XIX ғ-ның 50 жылдарында алынды. Оның беріктігі нашар, тотығуға төзімділігі төмен болды. АҚШ-та 1907 жылға дейін Al-Cu қорытпасы кеңінен тарап келді. 1910 ж. Англияда үш компонентті Al-Cu-Mn, ал екі жылдан соң құрамына 10-14 % мырыш және 2-3% мыс кіретін алюминий қорытпалары алынды. 1903-11 ж. А.Вильман (Германия) ашқан металды кемелдендіру тәсілі алюминий қорытпаларды жетілдіруге елеулі әсерін тигізді. Алюминий қорытпалардың кемелденген түрі дюралюминий деп аталады. СССР-де Ю.Г.Музалевский мен С.М.Боронов осы күнгі дюралюминийдің бір түрі – кальчугалюминийді тапты. Беріктігін арттыру мақсатында соңғы жылдарда алюминий қорытпалардың хим. құрамы жөнінде кең зерттеулер жүргізді. Соның нәтижесінде жаңадан коррозияға төзімді, сәндік, электр тех. (Al-Mg-Si) өте берік (Al-Mg-Si-Cu, Al-Zn-Mg, Al-Zn-Mn-Cu) ыстыққа төзімді (Al-Cu-Mn, Al-Cu-Li), жеңіл және жоғары модульді (Al-Be-Mg, Al-Li-Mg) алюминий қорытпалар жүйесі табылды.

Алюминий қорытпалардың беріктігі коррозияға төзімділігі, электр және жылу өткізгіштігі оның басты қасиеттері болып табылады. Олар бұйым жасау тәсіліне қарай деформацияланатын және құймалық болып екі топқа бөлінеді. Деформацияланатын алюминий қорытпалардан деформациялау арқылы қаңылтыр, плита, труба, сым жасалады. Ал құймалық алюминий қорытпалар мәнерлеп құюға пайдаланылады. Хим. құрамына байланысты деформацияланатын алюминий қорытпалардың механикалық, физикалық және коррозияға төзімді қасиеттері әртүрлі келеді.Al-Mg (магналии) негізді екі компонентті қорытпалар жүйесі коррозияға төзімді және жақсы пісіріледі. Олар кеме, ракета, гидросамолет, құбыр, цистерна, темір жол вагондарын, көпір жасауда кеңінен қолданылады. Al-Mg-Si (авиаль) қорытпаларының коррозияға төзімділік қасиеті жоғары, анодтық өңдеу жолымен оларға сәндік түр беруге болады. Al-Zn-Mg қорытпасының да беріктігі жоғары, электрмен пісіруге бейім. Ал төрт компонентті Al-Mg-Si-Cu берік болғанымен құрамында Cu болғандықтан, коррозияға төзімділігі төмен келеді. Олар ауыр жүк көтеретін детальдар жасауда және самолет, ракета конструкцияларында кеңінен пайдаланылады.

Деформацияланатын алюминий қорытпалар қатарына күйдірілген алюминий пудрасы (КАП) мен күйдірілген алюминий қорытпасы (КАҚ) да кіреді. Күйдірілген алюминий пудрасы құрамындағы мөлшеріне қарай КАП (6-9%), КАП2 ( 9,1-13%), КАП3 ( 13,1-18%), КАП4 (18,1-20%) болып макіленеді. КАП формасы әр түрлі ыстыққа, коррозияға төзімді шыңдалған, штампталған бұйымдар жасауда қолданылады. КАҚ құрамында 25% Si және 5% Ni (немесе Fe ) болады. Сондықтан оның сызықтық ұлғаю коэффициенті төмен, серпімділік модулі жоғары.

Құймалық алюминий қорытпалардың құймалық қасиеттері ( сұйықтай аққыштығы, қуыс пен ақаудың пайда болмауы т.б.) артық. Алюминий қорытпаларда легирлеуші элементтер арқылы оның құймалық қасиетін жақсарта түсуге болатынын А.А. Бочвар ашты. Ең жақсы құмалық алюминий қорытпалардың (силуминнің ) құрамында 4,5% және одан да көп Si болады. Силуминдер екі компонентті Al-Si (АЛ2) және өте күрделі Al-Si-Mg (АЛ9), Al-Si-Cu (АЛ3,АЛ6), Al-Si-Mg-Cu (АЛ5, АЛ10) қорытпалар жүйесін қамтиды. Бұл қорытпалар құймалық қасиеттері, коррозияға төзімділігі және тығыздығы жоғары болғандықтан, өте күрделі құймалар алу үшін қолданылады. Магнийі мол (5%-тен жоғары) қорытпаларға екі компонентті Al-Mg (АЛ8) және Mn (АЛ13, АЛ28), Be мен Ti (АЛ22) қосылған Al-Mg-Si қорытпалар жүйесі жатады.

Олардың коррозияға төзімділігі мен беріктігі жоғары, тығыздығы төмен. Ал құрамында 3%-тен астам Zn кіретін Al-Si-Zn (АЛ11), Al-Zn-Mg-Cu (АЛ24) қорытпалар жүйесінің тығыздығы жоғары болғанымен, коррозияға төзімділігі нашар. Құрамында 4%-тен артық Cu бар екі компонентті Al-Cu (АЛ7 ) және Ti қосылған үш компонентті Al-Cu-Mn (АЛ19) қорытпалар ыстыққа шыдамды келеді, бірақ тығыздығы, құймалық қасиеттері, коррозияға төзімділігі жағынан жоғарыда аталған қорытпалардан нашарлау. Техниканың әр түрлі салаларында алюминий қорытпалары көп пайдаланылады. Мысалы АҚШ-та алюминий қорытпаларды қолдану 5 жылдың ішінде 1,6 есе өсті. Болат қорытпаларымен салыстырғанда алюминий қорытпалардан жасалатын өнім 10% артық шығарылды.

 

Изменен статус публикации
Добавить комментарий