0 комментариев

Тері илеу технологиясы туралы ақпаратты kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Тері илеу технологиясы. Теріні құрымға салу, ысқа ұстау .Торсық (саба, көнек…) жасау. Тері илеу. Тері бояу. Былғары өңдеу: көксауыр, былғары. Саптама. Шоңқайма. Көк етік. Кебіс. Мәсі. Тарамыс.

Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Сондықтан бұған байланысты турлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың екі түрлі жолы бар. Бірі — оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі — теріні жүнін сылымай-ақ пайдалану. Жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, шанаш, мес, дорба, шарқай, т. б. жасалады. Жүнін алып тастаған терілерден көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады. Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істеледі. Иленген теріден көксауыр, таспа, қайыс, қапшық, құлын, жарғаң, бота ішік, шідер, жүген, айыл, тартпа, тамақбау, құлақбау сияқты нәрселермен қатар, былғары, ұлтан, опайке, шегрен, көзел, етік, мәсі, кебіс, қоржын, тоқым, ертұрман, тон, шалбар, шамадан, тақия, көпшік, белдік, кісе, кейде тұс киіз сияқты келемді заттар да жасалады.

Ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылған. Соған қарай олардың әр түрлі атаулары бар. Мысалы, сиыр терілерін қолөнер шеберлері сиыр терісі, егіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атайды да, әр терінің өн бойы — жондың, қабырғалың, үйек бас тері, пұшпақ, мойын болып бірнеше түрге бөлінеді. Жылқы терісін — бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін атан терісі, бота терісі деп екіге ғана бөледі. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қол істеріне ең қолайлысы. Қой терілерін: жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең, елтірі, мари, жылбысқа тері деп он түрге бөліп атайды. Осы терілер киім түрлерінің бәріне жарай береді. Ешкі терілерін – жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, лақ мариі деп бөледі. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды.

Теріні ысқа әзірлегенде сиыр, жылқы, серке терілерінің пышақ кескен жері жоқ бүтінін таңдап алады да, жүнін ұстарамен сыпырып тастайды. Содан кейін 2—3 күн шошаланың төбесіне жайып не киіз қайнатқан құрымға салып қояды. Тері ашты құрымның күшімен иленген сияқтанып ширығып, шымырлана түседі және қара қошқыл өңге енеді. Содан кейін оны сорғытып, аз құрғатып үлгіге салып отырып сабаға, көнекке, иықты, емізікті торсықтарға, кеукеріндерге, қауғаға арнап пішеді де терінің қыртысын сыртына қаратып шуда жіппен жиі жөрмеп тігеді. Ертерек кезде жақсы торсықтарды тарамыспен тіккен.

Кейбір шеберлер оған сыздық салып отырып тебе тіккен. Тігіліп дайын болған торсықты (сабаны, көнекті) өзен судың жағасына апарып, ішіне ыстық құм толтырып, құмды келтекпен түйгілеп әбден нығыздау керек. Бұлай істегенде болашақ сабаның, торсықтың сырт өрнегі қалыптасады. Құм кептелген торсықтар ыстық пен желде 4—5 күн тұрып әбден кеуіп сіріленіп қатады. Содан кейін құмын төгіп тастап, ыдыстың іші тысын тұздалған сармаймен немесе жылқының сүр етінің майымен майлап тағы да күнге қояды. Енді май сіңген тері ыдыс ыстауға әзір тұрады. ЬІстық орнын не өзен жағасындағы жарқабақтан, не құдық маңындағы ескі апандардың шетінен дайындайды. Бұл үшін ені 40—45 см, тереңдігі 35—40 см, ұзындығы 10—15 м жыра қазылады. Мұның жар не апан жақтағы аузын шұқырлап оттық жасайды да, дала жақтағы аузын плитаның үстіңгі тесіктері сияқты етіп ашық қалдырады. Жыраның өн бойының екі жақ қабырғасына кезекпе-кезек кірпіш қалытқы қалап бұрма жасайды. Сонда оттықтан шыққан тобылғының жалыны мен ыстығы орта жолдағы қалытқыларда бөгеледі де, шұңқырдың аузына тек жылы түтін ғана келеді. Ал ысталатын терілерді ілетін күрке шұңқырдың осы дала жақ аузына тігіледі. Ол үшін бірнеше түзу ағаштардың басын түйістіріп, іргесін жая күрке жасайды. Оның сыртын терімен, ескі құрым киіздермен немесе жас шөппен қымтап жауып қояды.

Ысқа қойылатын ыдыстар осы күркенің ішіне ауыздарын төмен, яғни түтінге қаратып ілінеді. Ысқа онша қурамаған бүрлі тобылғы, ши, көк пішен жағады, кейде ысқа ерекше иіс сіңіру үшін жусан, адраспан, арша т. б. шөптерді қоса жағады. ЬІсты әдетте бір ауылдың ақсақалы, беделді адамы салады. Өйткені ыс дұрыс салынбаса өрт шығып кетуі мүмкін. Ыс әбден сіңген ыдыстардың түсі қызыл күреңденіп, кепкен мейіздей болып қатып қалады. Осындай тобылғы торы торсықтар 5—6 айға дейін жібімейді де, дымдаңбайды да, көгермейді де, өңезденбейді де. Қажет жағдайда бес-алты айдан кейін оны тазалап кептіріп, майлап тағы да ыстайды. Ысталған ыдыстар ең алдымен қымыз, саумал, бие сүттері үшін қажет.

Мал терілерін илеу үшін үлкен күбіге немесе шелекке ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу. Мұны малма дейді. Ал иді қатықтан, айраннан, не езген құрттан, не құрттың сары суынан, кейде ашытқан көжеден, немесе ұнға тұз қосып та жасайды.

Теріні бір рет суық суға жуып тазартады. Одан кейін күбідегі иге салып, күн сайын бірнеше рет сапсиды (шайқайды). Иге салынған тері иге түгел батырылады. Олай болмаса терінің иге батпаған жері қара қайыстанып, бырысады да, кейін пішіп тігуге жарамайды. Қой, ешкі терілері иде 6—9 күн, ірі қара терілері 15—20 күн жатады. Терінің иі қанғанын білу үшін оны қолмен тырнап қарағанда тері қыртысы қалыңдап, ет қыртысы кәшіп тұрады. Иден шыққан теріні көлеңкеге бір рет кептіріп, соңынан сақармен жуып тазартады. Малмаға салған терінің жүні үйысып, білтеленіп қалады. Оны ажырату үшін кепкен соң жұмсақ шыбықпен сабап сілкеді. Кейде сирек тісті тарақпен тарайды. Теріні аз тобарсыған соң уқалай отырып, қолдың жылуымен кептірген жақсы.

Иленіп, кептірілген теріні қырады. Теріні қыру үшін жұмыр ағаштың бір басын қабырғаға, не діңгекке сүйеп, бір басын көлбете жерге тіреп қояды да, оның үстінен биязы шекпен, не брезент жабады. Оның үстіне ет жағын сыртына қаратып теріні салып қырады. Терінің еті тез көшіп түсуі үшін, оған не ұн, не ұнтақталған бор сеуіп қырады. Қырғы шалғы орақтан немесе жүзді темірден жасалады.

Теріні и жағып та илейді. Ол үшін иленетін заттың көлемі шағын болуы шарт. Сеңсең, елтірі, лақ елтірісі, бота терісі мен ұсақ аң терілерін жағып илейді. Бұларға жағылатын да жоғарыда айтылған и. Қоян, түлкі, бұлғын, қарсақ, тиін сияқты өңі жұқа аң терілері өте тез иленеді. Оларға и жағылғаннан кейін 1—2-ақ күн тұрады. Аң терілері бітеу сойылып, оның жүнін былғамай, өңін шыңылтырландырмай илеп алады. Мұны «сабаулау» деп атайды. Мысалы, жаңа сойылған түлкі терісін теріс айналдырып, құрт пен тұз жағады да, ішіне екі сабауды сұғып, кергілеп толғайды. Бұл тәсілмен ұқсатылған түлкі терісі 7—8 сағат ішінде тымақ тігуге әзір болады. Аң терісін қырғыштамайды, қалың көк еттері мен майларын қолмен алып тастайды.

Тері ұқсатушылардың арасында ең көп тарағаны және теріні ұқсатудың тиімді тәсілі — қабыққа салып бояу. Теріні қабыққа салып бояу үшін талдың, еменнің, қара мойылдың, кейде май қарағайдың қабықтары да жақсы. Оларды жасамалы ағаштардан күздігүні әзірлейді. Тік тұрған ағаштың қабығын сыдыру ағашқа үлкен зиян келтіреді. Сондықтан бояуға алынатын қабықты кесілген ағаштардан жинайды. Жиналған қабықты жылы сумен жуып, кепкен соң темір келіге салып түйеді немесе қол диірменмен тартады. 11-12 қойдың терісінен тігетін үлкен тонды бояу үшін осындай ұнтаталған 4—4,5 кг қабықты бір жарым-екі шелек суға салып, тұзын татытып қайнатады. Қайнау мен суалдырудың мезгілін қайнап шыққан қабық бояуының түсуіне және қоюлығына қарай белгілейді.

Су аз құйылғандықтан бояуы шықпай, қабықтар құрғап бара жатса, үстеп су құяды. Мұның керісінше, кейде оның суы көбейіп, бояуы өте сұйылса, қосымша қабық ұнтағын салып қайнатады. Ал қайнауы қанып, қажетті түсі мен қоюлығы жеткен соң от жағуды тоқтатып, қабықтың ұнтағын сүзіп алып тастайды. Қайнатылған бояу тері күйместей қанжылым болған соң теріні бояй беруге болады. Бояудың қою-сұйықтығын бірқалыпты етіп, қыл сыпыртқымен немесе кірі жоқ киіз қырдасынмен теріге жағады. Боялған теріні бояуын бойына сіңіру үшін бір-екі сағат өңін ішіне келтіріп бүктеп қояды. Бүктеулі жатып дегдіген теріні желге, көлеңкеге, ыстық үйге жайып кептіреді. Кептіргенде ол шыңылтырланып құрғап қалмас үшін теріні тобарси бастаған соң-ақ қолмен уқалап созғылайды.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий