0 комментариев

Теріден былғарыны сыйлық бұйым жасау технологиясы туралы ақпаратты  kyn.kz сайтынан оқи аласыз.

Теріден былғарыны сыйлық бұйым жасау технологиясы. Теріні бояудың басқа түрлері — томар бояу, қынамен бояу. Боялған теріден әсем киім, тұтынуға қолайлы түрлі мүліктер жасалады. Соның ішінде әсіресе төрт түлік малдың терілерінен көп киім тігіледі. Бұларды өң киімдер деп атайды. Өйткені бұл киімдер өте жылы болады. Қой мен ешкінің терісінен тон, шалбар, үлкен қойдың терісінен ішік, сеңсең ішік, елтірі ішік, лаң терісінен ішік, бөкебай ішік тігіледі. Қозы, лақ терлерінен тымақ, берік, құлақшын тігеді. Сондай-ақ жүнін сыртына қаратып, құлын терісінен тіккен ішікті (доханы) «құлын ішік» деп, ал жүнін ішіне қаратып бота терісінен тіккен ішікті «бота ішік» деп атайды. Қойдың, ешкінің, тайлақтың пұшпақтарынан құрап тігілетін ішіктер де бар. Мұндай құрама киімдерді көбінесе балаларға арнап тігеді. Олар әрі жылы, әрі жеңіл келеді.

Мал терісімен қатар, аң терілерінен де түрлі бас киімдер мен ішіктер тігіледі. Мысалы: қасқыр ішік, түлкі ішік, сусар бөрік, жанат ішік, бұлғын ішік аң терісінен тігіледі. Кей де мұндай киімдерді аң терісінің жонынан, тамағынан немесе пұшағынан құрап істейді. Бұл киімдерді тамақ ішік, пұшпақ бөрік, пұшпақ ішік деп атайды. Аң терілерінен әр түрлі төсеніштер жасайды. Оларды бөстек дейді.

Теріден тігілген киімдерді кестелі немесе кестесіз маталармен тыстап, әдіптейді, жаға-жеңдерін кестелеп жұрындайды немесе сыздың жүргізу арқылы әшекейлейді (құндыз бөрік, қамқа тон т.б.).

Мал терілерін илеп, бояп, ең беру ертеден келе жатқан ең жақсы дамыған және жетілген өнер. Илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартып езілмейді. Одан жасалған мүлік шегені берік ұстайды, тігісі де ыдырамайды және өзі тұтынуға төзімді, әрі әдемі. Былғарының бірнеше түрі бар. Олар: көксауыр, опайке, былғары, құрым (хром), көзел, шегірен, сақтиян, ұлтан т. б.

Көксауыр – жылқы терісі мен серке терілерінің сауырынан (жондығынан) жасалады. Көбінесе ол көкпен, кейде қызыл, сары, жасыл түстермен боялып, өң беті жалтырап тұрады. Көксауырдың әр түстілерін өзара мүйіздеп, өюластыры немесе бір түсті көксауырдың әзін әр түрлі жібек жіппен кестелеп, өрнектеп, кебіс, мәсі, етік, кісе, аттұрман тігеді. Бұл заттарды да көксауыр деп атай береді. Көксауырларға алтын, күміс, жез шегелер қағып, кейде маржаннан моншақ жүргізіп, өкше сірінің артына, тұмсығына, қоныштың әр жеріне неше түрлі жарқырауың асыл тастар отырғызып әсемдейді. Мұндай заттар өте жарасымды және бағалы жиһаз саналады. Көксауырдан тоқым, қорамсақ, дулыға сияқты заттармен қатар тұскиіз, тон, сәукеле сияқты өте сәнді мүліктер де жасалған. Сондықтан көксауыр ісі кебінесе зергерлер қолына тән.

Былғары – қазақ арасында былғарыдан ең көп тігілетін киімнің бірі етік болғандықтан былғарыны өңдеумен айналысатын шеберлерді етікші дейді. Тоқым, шілия, белдік, жүген, құйысқан сияқты былғарыдан жасалатын мүліктерді де сол етікшілер тігеді. Халық арасына көп тараған былғары аяқ киімдерінің қазақ атауында мынадай түрлері бар:

Саптама – бұл қонышы ұзын, кең, киіз байпақпен, шалбардың балағын іштен салып киетін аласа өкшелі етік. Оның ішкі табанына киіз ұлтарақ салып және байпақтың ішінен қалың шұлғау орайды, кейде киіз байпақтың ішінен шұлғаулы мәсі киеді. Саптамалардың қонышы бітеу қусырылады да, тізеден асыңқырап тұрады. Тақымға қарайтын жағы әнтек төмен ойылып келеді. Оны көбінесе қыстыгүні алыс сапарға шыққанда, жылқы баққанда, шанамен жол жүргенде киеді.

Шоңқайма – саптаманың бір түрі. Оның өкшесі биігірек, өкше сірісі аласа, тұмсығы үшкір, қонышы тізеден аспайды. Кеңдігі саптаманың кеңдігіндей. Қонышы екі жақ жанынан жармаланып тігілген. Сондықтан оны кейде «жарма қоныш» деп те атайды.

Мықшима — өкшесінің түбі жуан, жер басар жағы жіңішке, тұмсығы жоғары қарай қайқы келген биік өкшелі саптама етік. Мықшиманы бұрын жас жігіттерге, ойын сауықшыл серілерге арнап тігетін. Оның қонышын, өкшелігін көксауырлап, тұмсығына қатырғы салады.

Көк етік – көксауырдан оюлап тіккен жеңіл, үшкір тұмсық етік. Оны көксауыр етік деп те атайды. Көк етіктің қонышы, ойындысы, күлшіні оюланып, кестеленіп жасалады. Көк етікті көбіне серілер, батырлар, салдар киетін. Қазақтың: «Көк етікті кез келмей, көк етіктіге бармай отырған қыз» дейтін мәтел сөзі осыдан қалған.

Кебіс – көбінесе былғарының сауырларынан тігіліп, қалыпқа қатырылады. Шажамайы мен ернеуі жақсы былғарымен астарланады. Сыны бұзылмау үшін кебістің ұлтарақшасы мен өкшеліктеріне ең шымыр ұлтандар мен тоздар (қайыңның қабығы) салынып, кепкен қайың шегемен шегеленіп, тарамыспен қайып тігіледі. Кебіс атаулары да көксауыр, мықшима, жезөкше, қазықөкше, үшкір бас деген сияқты бірнеше түрлерге бөлінеді. Кебістің өкшелігіне мық қағып, өкшесіне жезден, мыстан нәл орнатып, шажамайларын күміспен өрнектеп, ернеуіне сызықты ою батырып әшекелейді.

Мәсі – мұны кей жерлерде іш байпақ, іш етік (ичиги), былғары байпақ, көзел, сақтиян дейді, өйткені мәсі құрымнан, шегіреннен, көзелден, жұмсақ былғарыдан тігіледі. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріліп, машинамен жүргізеді. Мәсінің ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тек тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп, немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Мәсінің өкшелігі бір қабат қана оюлап жапсырған былғарыдан жасалады, оны мәсінің күлшіні дейді. Күлшін көбінесе басқа түсті былғарыдан тігіледі. Мәсілерді көк, қызыл шегірендермен оюлап, әр түсті жіппен кестелейді. Мәсіні етіктің ішінен киеді.

Етікшілер етікті, кебісті, мәсіні сондай-ақ былғарыдан жасалатын басқа да заттарды тарамыспен тігеді. Тарамыс дегеніміз — ірі қараның жіліншік сіңірінен ширатылып алынған жіп. Тарамыс былай жасалады. Сойылып жатқан ірі қараның сирағындағы көк етпен аралас тұрған сіңірлерді алып кептіреді. Әбден кепкен сіңірді ағаш тоқпақпен ұрып жаныштайды. Сіңір тарамданып, шашақталады, оны тарамыс есуші тарамдап, талшықтарын бір-бірімен жалғастыра екі тін етіп ширатады. Тарамыстың жуан-жіңішкелігіне қарай қаю тарамыс, бүрме тарамыс, тігіс тарамыс деген үш түрі бар. Тарамыс біздің ізімен өткермелеп немесе жұлдызға сабақтап тігуге ыңғайлы. Тарамыс жіп өзге жіптерден берік, ол шірімейді де, езілмейді де.

Былғары— мал терілерін химиялық және механикалық әдістермен өңдеу арқылы алынатын материал. Одан аяқ киім, сырт киім, айыл-тұрман, галантерея, техникалық бұйымдар т.б. жасалады. Мал терісі 3 қабаттан — шелден, өзеңнен, қыртыстан тұрады. Былғары жасау үшін терінің жүні жидітіледі, шелі сылынып, қыртысы жазылады. Терінің өзеңін (ортаңғы қабатын) өңдей отырып былғары алынады. Өзең айқыш-ұйқыштанып тығыз байланысқан коллогенді талшықтардан құралады. Теріні жүннен арылту үшін сілті (күл мен әк ерітіндісі) және фермент жағылады, күкіртті натрий, әк ерітіндісі бүркіледі. Бірнеше сағаттан кейін қылшық пен босаң қыртыс арнаулы машина арқылы оңай ажыратылады. Мұнан соң шелдеу машинасымен терінің шелі сылынады. Осыдан шыққан шикізат көн деп аталады. Көндегі сілті және басқа қосылыстар кетіріліп, әк сумен жуылып шайылады. Шикізат талқымен жұмсартылады. Арнаулы машинамен ылғалдан арылтылған соң, қалыңдығы бір тегіс болу үшін былғары сүріледі де, қандай мақсатқа пайдаланатындығына және жағылатын бояу түсіне қарай сұрыпталады. Тікелей бояу, қышқылды бояу, т.б. тәсілдермен боялған былғарының қатпарлары жазылып, керу машинасына жіберіледі. Керіліп кептірілген былғарының пұшпақтары кесіледі, сығылады және оған жылтыр өң беріледі. Пайдалану мақсатына қарай былғары 4 топқа бөлінеді: аяқ киімдік былғары, қайыс немесе айыл-тұрмандық былғары, сырт киімдік және галантереялық былғары, техникалық былғары Аяқ киімдік былғары қасаң және жұмсақ былғары түрінде болады. Аяқ киімнің үстіңгі бөлігіне жұмсақ былғары, ал табан бөлігіне (ұлтан, өкше, сірі өкше, т.б.) қасаң былғары жұмсалады. Қасаң былғары ірі мал терісінен жасалады, өңделмеген терінің орташа салм. 23 — 26 кг-нан кем болмайды.

Қайыс немесе айыл-тұрмандық былғарыдан белдік т.б. бұйымдар (қалыңд. 2,5 — 3,0 мм), сондай-ақ, айыл-тұрмандар (қалыңд. 2,2 — 4,0 мм) жасалады. Сырт киімдік және галантереялық былғары ұсақ мал терісінен жасалады, қалыңд. 0,5 — 1,2 мм-ден аспайды. Галантереялық бұйымдар жасау үшін ірі балықтың, жылан мен кесірткенің терілері де пайдаланылады. Техникалық былғары ірі малдың жон терісінен жасалады, ол әрі қалың, әрі төзімді болады. Оны өндірістік машиналардың кейбір бөлшектерін жасауға пайдаланады.

Қолданбалы өнердің негізгі шикізаты – тері өнімі. Теріні өндеу бойынша технологиялық мәліметтер. Теріден таспа тілу. Ат саймандары. Жапсырма жұмысының шығу тарихы. Жапсырмалау элементтері. Түрлері. Қала құрылысыңда және басқа да ғимараттарда кездесетін қарапайым жапсырмалау жұмыстары. Үйдің маңдайшасын, бағанасын жапсырмалау және оның техникасы. Құйма. Қайта жөндеу, әрлеу жұмыстары. Қауіпсіз жұмыс істеу ережелері. Гигиенаны сақтау. Өру өнерің шығу тарихы. Өру тәсілдері. Қайың қабығынан, қамыстан, шиден ,теріден өру түрлері және макраме техникасындағы өру түрлері. Өру жұмысына керекті заттарды дайындау ережесі. Ағаш-табиғаттың тамаша туындысы. Ағаш көп өскен жерді халық орман, тоғай деп атаған. Тоғай ертеден адамдардың негізгі тұрақ жайы болған. Ерте заманнан-ақ адамдар ағашты тіршілігіне қажетті материал ретінде пайдаланған. Олар ағаштан аң аулауға қажетті аша таяқ, найза, қада, жебе т.б. заттар жасаған. Адам ағаш өңдеуді тез үйренген. Өйткені ағаш өңдеуге оңай көнетін материал. Пышақ, балта сияқты қарапайым құралдардың көмегімен адамдар үйлерді, көпірлерді, жел диірмендерін, қамалдар мен ыдыс-аяқтар жасаған.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий