0 комментариев

Құқықтық мемлекет құруға бағытталған нық қадамдардың бірі сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығына келіп тіреледі. Қоғамның даму кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары санаға зор ықпал жасап қана қоймайды, сонымен қатар, халықтың сот саласына деген сеніміне ықпал жасайды.

Бұл мәселеге биылғы өткен ҚР судьяларының кезекті VIII cъезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелегінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін айта отырып, судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың да кездесетініне назар аударды.

«Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек» – деді Президент.

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың 2020 жылды «Коммуникация жылы» деп жариялауы да бекер емес. Сот жүйесінің беделі халықтың оған деген көзқарасы, сенімі арқылы айқындалатындықтан, соттардың жұмысы халық үшін қолжетімді болуы шарт. Осы аталғандардың жолында сот жүйесінде біршама жұмыстар атқарылды. Аты жаман індетке дейін Алатау аудандық соты ғимаратында өткізіліп жатқан іс-шаралар көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатты. Сот ғимаратына еркін келіп, журналистер кез-келген ашық сот отырысына қатысып, әр бір БАҚ өкілі өзін мамандандыра алды. Яғни, құқық тақырыбына қалам тербейтін баспасөз өкілдерінің заңнан хабарының болуы үшін толық жағдай жасалды. Себебі, баспасөз қызметіндегілер, журналистер, блогерлер көбіне заң терминдерін дұрыс түсіне бермейді. Соның нәтижесінде баспасөз беттеріне бір жақты пікір қалыптасқан мақалалар жарық көріп жататын жағдайлар көптеп кездеседі. Кейде сот шешімі шықпастан, іс жайлы БАҚ өкілдері тарапынан жаңылысу салдарынан теріс пікір тудыратын телекөрсетілімдер, ақпараттар жарияланып жатады. Осы олқылықтардың орын алмауы үшін бүгінгі күні қоғамдық пікір туғызған істің нүктесін қойғаннан кейін, істі қараған судья БАҚ өкілдеріне арнап брифинг, баспасөз конференцияларын сұраныс бойынша өткізуге, қашан да жұмыс жүктемесіне қарамастан судьялар тарапынан бұқара халық пен баспасөз өкілдерінің сұраған ақпараттарына онлайн түрде толықтай жауап беруге дайын. Өйткені, құқық тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер үшін сот процестері нақты, боямасыз ақпарат алатын жер. Сондықтан да, журналистердің белгіленген заң аясында рұқсат етілген сот процестеріне кедергісіз қатысуына, қажетті ақпараттарды еркін алуына жағдай туғызу болашақта жазылатын мақаланың кіріспесіне жол ашары даусыз.

БАҚ өкілдерімен қашанда өзара түсіністік ахуалында жұмыс жасау үшін Алматы қалалық сотының төрағасы мен баспасөз қызметінің басшысы барлық аудандық соттарға әлеуметтік желілерде жедел жауап беру тетіктерін түсіндіріп, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьялары мен мамандарын үнемі соттардың қызметі, соның ішінде қоғамдық қызығушылық тудырған істерге қатысты сот шешімдері туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарына уақытылы нақтыланған ақпараттарды жеткізу мәселелеріне ерекше көңіл аударып, онлайн семинарлар мен оқыту жұмастарын жиі жүргізіп отырады.
Нәтижесінде соттың қарауына әлі де жеткізілмеген, сот өндірісіндегі істер мен сотта қаралып, шешім шығарылған істер жайында жазылатын мақалалар, телекөрсетілімдер белгілі бір арна мен блогерлердің рейтингі үшін емес, халық игілігі үшін барлық мүмкіндікті пайдалынып жарияланса екен дейміз.
Осы орайда, журналист пен блогер ешқашан да соттың шешіміне немесе үкіміне әсер ете алмайтынын тілге тиек етіп, тек қоғамдық пікірдің қалыптасуына ұйытқы бола алатынын ерекше атағым келеді.

Сот пен БАҚ өкілдерінің ортақ міндеті шындықты тынбай ізденуінде. Ендеше, ел игілігі жолында атқарылатын ортақ міндетімізде басты қағидадан таймасақ екен.

Алматы қаласы
Алатау аудандық сотының баспасөз хатшысы.

Изменен статус публикации
Добавить комментарий