Төреғали бұл жолы ұшақта шу шығарып, жолаушыларды әбден әбігерге салды
Ұшақта әншімен бірге болған қоғам қайраткері оның бассыздығы бойынша шағым түсірді.
Белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Төреғали Төреәлінің ұшаққа заңсыз кіріп, рейсті кешіктіргеніне шағымданғаннан кейін, Қазақстанның инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитеті осы оқиғаға қатысты жауап берді. "Алматы-Гонконг рейсін орындаушы "Эйр Астана" АҚ әуекомпаниясының ұшағына бөгде тұлғаның кіруіне қатысты азаматтық авиация комитеті авиациялық қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс инспекциялық тексеріс жүргізеді. Тексеру барысында аталмыш оқиғаның мән-жайы толық тергеледі. Нәтижесіне байланысты тиісті шаралар атқарылады", — деп хабарлады комитет баспасөз қызметі. Бұдан бұрын Әбенов инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен ҰҚК қызметіне әншінің билеті болмаса да, қауіпсіздік тексеруі мен шекаралық бақылаудан қалай өткенін сұрап, арыз жазған болатын. Оқиға қыркүйектің 13-інен 14-іне қараған түні болыпты. Билеті жоқ азамат "Алматы-Гонконг" бағдары бойынша ұшуға дайындалып жатқан ұшаққа кіреді. Ол танымал әнші болып шықты. Төреғали Төреәлі орналасуға көмектесу үшін әйелі және балаларымен бірге VIP-залы арқылы өткенін түсіндірген.