Қатерлі дертке шалдықан "Атырау аруы" елден көмек сұрайды (фото)
Небәрі 20 жастағы "Атырау аруы" Гаухар Қасаева 1,5 жылдай рак ауруына шалдыққан. Былтырғы жылы ота жасатқанымен, әрі қарай ем-дом қабылдауға қаражаты жетпей отыр
Өткен жылы денсаулығының нашарлағанын сезген ару тиісті мединициналық тексерістен өтуді жөн көреді. Сол кезде бұрымды іш жағында ісік бар екенін білген. “Сол кезде жазылудың оңай болмайтынын түсіндім. Уақыт өте келе тыныс алуым, жүріп-тұруым қиындай түсті. Ота жасаттым”, – дейді бойжеткен. Тек операцияны жасатқаннан кейін ғана Гаухар ісіктің қатерлі болғанын білген. “Диагнозым: рак (саркома). Төбемнен жай түскендей болды. Көп жыладым, қорықтым, әрі қарай не боларын білмедім. Отадан кейін дәрігерлер сәулелік терапия курсынан өту керектігін айтты. Тек Қазақстанда емес, шет мемлекетте. Бірақ онкология қайтып келуі мүмкін деген ой мені мазалап қоймады. Арада 10 ай өткен соң барлығы қайта басталды. 2018 жылдың 24 тамызында маған екінші рет ота жасады. Менің жағдайымда, химиотерапия әлсіз. Президенттік емхананың, еліміздің өзге де мықты дәрігерлеріне бардым. Бәрінің айтатыны бір. Қазақстанда маған ем табылмайды дейді. Не Израильге, не Оңтүстік Кореяға баруым керек. Сөзіме дәлел болу үшін онкологтың жазып бергені мен ауру тарихын қоса жариялап отырмын”, – дейді Гаухар. Бойжеткен науқастарды Оңтүстік Кореяға жіберетін ұйыммен сөйлескенін айтады. Сөзіне қарағанда, Кореяда ота жасатып, ем алып келу үшін оған 30 мың доллар қажет. “Мен қашан да мықты қыз болатынмын, ешкімнен көмек сұрамағанмын. Отбасыма көмектесу үшін мектеп кезінен бастап жұмыс істедім. Университетте оқып жүрген кезде де жұмыс істедім. Қазір алғаш рет көмек сұрап отырмын. Себебі бұл ауруды жеңу үшін ерік-жігердің жеткіліксіз екенін түсіндім. Жасым небәрі 20-да және мен ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешкім келеді. Уақытым аз”, – деген Гаухар халықтан көмек сұрады. Карта нөмірі (Kaspi Gold): 5169 4931 0740 2441 ЖСН: 980418450761