Алматы облысында адреналин іздеп келген туристер суға батып кетті
Өзенде рафтингпен жүзіп өтпек болған ресейлік турист суға тұншығып қайтыс болды.
Куәгерлердің айтуынша, қатты ағыспен келе жатқан азаматтың қайығы аударылып, өзі ізім-қайым кетіпті. Онымен бірге табиғатта демалуға келген тағы 7 ресейлік жоғалған жерлестерін түні бойы іздеп, ақыры мәйітін тапқан,-деп жазды КТК арнасы. Сөйтсе, ағысы қатты өзенде басы оңбай тасқа ұрылыпты. Салдарынан есінен таңған турист суға батып мерт болған. Негізі Ресейден Аспан шатқалына 8 турист демалуға келген екен. Бәрі де рафтингшілер. Айтуларына қарағанда, бұл таулы аймақ оларға жақсы таныс. Жылда осы айда болатын өзеннің қатты ағысын әдейі іздеп келген. Қолдарында қорықшылардың берген рұқсат қағазы да бар. Бірақ, өкінішке орай, қайықтардың бірі ағысқа шыдас бермей, аударылып кеткен. Адреналин қуып, ажал құшқан марқұмның денесін құтқарушылар таудың арасынан көтеріп алып шықты. Ал ағыста жаны аман қалған жеті турист бүгін-ертең елдеріне қайтады. «Ресей азаматы, 51-ші жылғы Бакиров Азамат қаза болғандығы туралы ақпарат анықталды. Жедел құтқару тобымен қауіпсіз жерге шығару мақсатында зеңбілмен ащыбұлақ ауылының маңайына ІІД қызметкерлеріне тапсырылған болатын»,-дейді Алматы облысы ТЖД құтқару тобы жетекшісінің орынбасары Берік Найзабеков.