9 жасар қызды зорлап, анасын өлтіріп кетті: Қызылордада болған оқиғаның мән-жайын жергілікті тұрғын айтып берді
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қайғылы жағдай орын алған отбасы тату әрі тыныш өмір сүріп жатқан
«Олар анасы, бастауыш сыныпта оқитын қызы және әкесі үшеуі тұратын. Саяжайдағы үйді жалдап тұрып жатқандықтан, бай отбасы деп айта алмаймын. Отағасы отбасын асырау үшін, Астанаға жұмыс істеуге кеткен», – дейді жергілікті тұрғын Вера Асанова. Қайғылы оқиғаның кезінде отағасы үйінде болмаған. «Біздің білуімізше, оларға екі танысы қонаққа келген. Саяжай аумағына кіреберісте дүкенім бар. Қайғылы оқиғаға себеп болған қонақ дүкенге азық-түлік алуға келді. Аз-маз азық-түлік алып, қызға балмұздақ сатып алды», – дейді Вера Асанова. Дастархан басында ішімдік ішкен ер адамдардың бірі қызды зорламақ болған. Анасы қызын қорғамақ болғанда, педофил азғындық әрекетін іске асыру үшін, әйелді белбеумен буындырып тастапты. «Екінші ер адам оқиға кезінде бір сұмдықтың боларын сезіп, далаға атып шығып, көршілерге айқайлап, полиция шақыруын сұраған», – деп еске алады Вера Асанова. Полиция оқиға орнынан күдіктіні ұстады. Өкінішке орай, әйел адамды құтқару мүмкін болмады. Ал 9 жасар қызды зорлық белгісімен ауруханаға жеткізді. Артынша қыздың анасы жер қойнына тапсырылды. Ал үшінші сынып оқушысы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, кәмелет жасқа толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығына тапсырылды. Қызылорда облыстық ІІД-дегілер мәліметінше, әйелдің өлімі және қыздың зорналуына қатысты ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлімі) және 120-бабына (Көрінеу жас баланы зорлау) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Қылмыс жасады деген күдікпен Қызылорда тұрғыны ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – дейді полициядағылар.