Нурмагомедовтың әкесі ұлын UFC ұйымынан да қатаң жазалайтынын айтты
Хабиб Нурмагомедовтың әкесі әрі бапкері спортшыны UFC (Ultimate Fighting Championship) ұйымына қарағанда қатаң жазалауға уәде берді.
Жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың әкесі әрі бапкері Абдулманап Нурмагомедов ұлын жазалайтыны жайлы "Известияға" берген сұхбатында айтты деп жазды Sputnik басылымы. Абдулманап Нурмагомедов шәкіртінің жекпе-жекті алғашқы раундтарда-ақ аяқтауға мүмкіндігі болғанын атап өтті – Хабиб жекпе-жектің алдын ала әзірленген тактикасын қатаң ұстанған. Ол МакГрегорды жеңгеннен кейін болған оқиғаға түсініктеме бере келе, бапкер ретінде командадағы өте қатаң тәртіпті әрқашан қолдайтынын және ұлының әрекеті жөнсіз екенін мәлімдеді. Үлкен Нурмагомедов өзінің ұлына қарсы санкциясы UFC ұйымының жазасынан да қатаң болатынын айтты. Бапкердің пікірінше, жекпе-жек шебері сегізбұрыштың ішінде не істесе де жарасады, алайда одан шыққаннан кейін қоршаған ортаны ұмытпау керек. "Мен тіпті МакГрегорға жұдырық ала жүгірген Тухугов, Абдубакар, Резван, Эседулла Эмирагаевті айыптамаймын, өйткені барлық төбелес төртбұрыштың ішінде өтті. Ал төртбұрыштың сыртындағы төбелеске түбегейлі қарсымын" — деген Абдулманап Нурмагомедов команданың басшысы ретінде өзіне жауапкершілік алатынын жеткізді. Өткен демалыста Лас-Вегаста ресейлік аралас жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов пен ирландиялық Конор МакГрегор арасында жекпе-жек өтті. Ресейлік ирландиялықты төртінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңіп, жеңіл салмақтағы UFC чемпионы титулын қорғап қалды. МакГрегор мен Нурмагомедовтың текетіресі мұнымен біткен жоқ. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін спортшылар мен олардың командалары арасында төбелес шықты. Салдарынан Нурмагомедовтың гонорарын төлеу тоқтатылды, ал титулдың тағдыры не болатыны әзірге белгісіз. Ресейлік чемпиондық белбеуін бірнеше сағаттан кейін ғана алды. Нурмагомедовтың айтуынша, төбелеске МакГрегордың діні мен еліне, отбасына тіл тигізуі себеп болған. Кейінірек чемпион Невада штатының Атлетика комиссиясынан кешірім сұрады. UFC басшысы Дэйна Уайт болған оқиғадан қатты көңілі қалғанын атап өтіп, ресейлікті титулынан айыру мәселесі қаралуы мүмкін екенін жоққа шығармады.